Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ дертіне шалдыққандар саны ұлғайып жатыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Соңғы мәлімет бойынша Оңтүстік Қазақстандағы ВИЧ індетін жұқтырған балалар саны 93-ке жетті. Осы балалардың 13-інің аналарында ВИЧ белгісі табылған. Сонымен қатар облыс аумағында тағы 21 жүкті әйелден ВИЧ індеті анықталып отыр. Ал осы ВИЧ індетін жұқтыруға байланысты 19-қаңтардан бері Шымкент қаласында өтіп жатқан сот процесінде бүгінгі күнге 21 айыпты деп сотқа тартылған адамдардың 16-сынан жауап алынды. Олардың ешқайсысы да өздерін кінәлі деп есептемейді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметкері Айжан Омарованың айтуынша:

«Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша ВИЧ тіркелген балалар саны 93 болды. Олардың 8-і қайтыс болса, біреуін асырап алған. Мына 93-ші бала жұма күні Қазықұрт ауданының Раббат аулынан шықты, 2001 жылы туған бала. Бойында ВИЧ нышаны анықталған аналардың саны 13 болып тұр. Жалпы, облыс бойынша тексерілуге тиіс балалар саны 9884 болса, соның бүгінгі күні 9709 тексерілді, яғни балалардың 98 пайызы тексеруден өтті. 175 бала тексерілген жоқ. Оның 3-еуі тексерілуден бас тартса, қалған 172 баланың мекен-жайлары анықталуда».

Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы балаларды жаппай ВИЧ дертіне тексеру былтырғы желтоқсан айында басталған болатын. Сондай-ақ, Омарова ханым ВИЧ жұқтырғандармен байланыста болған балалардың да тексеріліп жатқандығын айтады.

«ВИЧ-тің қазіргі ошақтары Түркістан қаласы мен Қазықұрт ауданынан шығып жатыр. Түркістан қаласында байланыста болған 649 баланың 629 тексеріліп бітті. Ал Қазықұрт ауданында контактыда болған 1648 бала болса, олардың 1461 тексерілді».

Сонымен, Омарова ханым Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтар айының соңына 12 жүкті анадан ВИЧ дерті анықталып отырғанын айтады. Қазір Шымкентте осы балалардан ВИЧ дертінің анықталуына байланысты сот ісі өтіп жатқанына бір ай болды. Ақпараттық агенттіктер сотқа тартылған 21 адамның 16-нан жауап алынғанымен олардың ешқайсысы өздерін айыпты санамайтынын хабарлайды. Осы соттағы жапа шегушілердің қоғамдық өкілі әрі «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қор төрағасы - Сағадат Масауров ол жайлы өз көзқарасын былай білдірді:

«Сот процесі жүріп жатыр. Әрине, олардың ешқайсысы күнәларын мойнына алмайды. Ол кез-келген адамға түсінікті. Адам баласы ешқашан өзін айыптымын демейді. Бірақ, олар айыпты болмаса, қазір ВИЧ жұқтырғандар саны неге 93-ке барып отыр? Ол сол кезде облыс денсаулық саласын басқарған Тасмағамбетова ханымның жеке басына ыңғайландырып жасаған жүйесінің салдарынан осындай жағдай орын алып отыр. Мемлекеттік қаржы талан-таражға түсті. Ол жеке сотта қаралуы керек. Ал мына сотта оған немқұрайлылық деген айып тағылып қана отыр, ол не болады?! Сот жалпы спектакль сияқты өтіп жатыр ғой. Бірақ, біздің сот төрағасына ешқандай шағымымыз жоқ. Ол кісі қойылған айыпқа байланысты екі жаққа бірдей болып, бәрін сұрап жатыр. Оның іс жүргізуі, әділ өтіп жатқан сияқты».

Қазақстандықтар алғашқыда үлкен алаңдаушылық танытқан осы оқиға қазір күн тәртібінен көлеңкеленіп қалғандай әсер қалдырады. Дегенмен, «Оңтүстік өңірдің халқы осы сот процесі жайлы қандай көңіл күйде?» деп Масауровтан сұраған едік:

- Халықта «балталығы қарсы шапсаң да, қалталыға қарсы шаппа» дейтін нақыл сөз бар емес пе, біздің қолдан не келеді? Жұрттың көбі, бұлардың уақыты келгенде ақтап жібереді. Қазір шартты түрде деп жазалағанмен, шығарып алады деген әңгімелер айтады. Екінші, мына ақпарат кұралдары да солардың адалмыз деп жатқан айтқандарын көбірек айтады. Халықта олар адал деген қоғамдық пікір тудырмақшы болып жатқаны байқалады да, содан, амал жоқ, сондай ойға келесің.

Шымкентте 19-қаңтарда балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты сот процесі басталған болатын. Сотқа 21 адам, соның ішінде 18 медицина қызметкері айыпкер ретінде тартылған. Айыпкерлерге «пара алу, алаяқтық, қымқыру, немқұрайдылық» деген 4 бап бойынша айып тағылып отыр.
XS
SM
MD
LG