Accessibility links

Ирандағы Сарапшылар Кеңесі өзінің төртінші мерзімдік жұмысына кірісті

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сексен алты мүшеден тұратын Иранның Сарапшылар Кеңесі өзінің 1979-жылғы Иран төңкерісінен кейінгі 4-ші мерзімдік жұмысына кірісті. Бұл кеңес Иранның Жоғарғы жетекшісі Аятолла Али Хаменейдің жұмысына бас-көз болып, оның рухани ойларын іске асырумен шұғылданады. Міне енді, Сарапшылар кеңесі алдағы 8 жылдық мерзімге қайта сайланып отыр.

Ақпанның 20-күні Иран Сарапшылар кеңесі өз жұмысын Рухани көсем Хаменейге хат жолдаумен басталды. Кеңестегі 80 мүшеден 71 адам қолдап, Аятолла Али Мешкини Кеңестің төрағасы болып қайта сайланды. Ал Али Акбар Хашеми-Рафсанжани мен Аятолла Мохаммад Тақи Месбах-Йазди төрағаның 1-ші және 2-ші орынбасарлары болып сайланды.

Иранның рухани жетекшісі әдетте мемлекеттік саясат пен дін мәселелерін өзара үйлестіре отырып іс жүргізеді. Демек, Али Хаменейдің жұмысын бақылайтын сарапшылар дін және саясат мәселесінен тең дәрежеде хабардар болуы қажет.

Дегенмен, бұрынғы кезеңде кеңесте технократтарға қарағанда рухани білімі басым мүшелер көбірек болған. Сондықтан болар, Ирандағы Күзетшілер кеңесі Сарапшылар Ассамблеясына ұсынылған бірқатар кандидаттарды қолдамай тастады.

Жалпы, Сарапшылар кеңесіне мүшелік таңдау мәселесінде реформашылар мен консерватистер арасында дау-дамай болып келеді.

Реформашылар конституция бойынша жетекші халық алдында жауапты дейді. Өткен желтоқсанда болған сайлауларда Хашеми-Рафсанжани секілді ардагер руханилар мен белгілі тұлғалардың жұмысына мән берілсе, саяси радикализм жағындағы Аятолла Месбах-Йаздиді Иран президенті Махмұд Ахмединежаттың идеологиялық кеңесшісі деп түсінеді.

Сонымен, бір жарым млн. дауыс берушіден Рафсанжани Иран астанасы Техрондағы көпшілік дауысқа ие болды.

Ал науқастанып жүрген Кеңес төрағасы Аятолла Али Мешкини 2-ші орында болса, Месбах Йазди 6-шы орынды иеленген. Бұл - Рафсанжани алған дауыстың жартысы деген сөз.

Осы көрсеткіштердің Кеңес жасайтын шешімдерге тікелей әсері болмақ.

Иранның солтүстігіндегі Ғилан уалаятынан Кеңес мүшесі Мохтар Мұхаммад Али Аминианның айтуынша, алдағы кездегі негізгі мәселенің бірі Кеңес жетекшілігіне мұрагер таңдау екен. Оның пікірінше, егер ол орыннан екі үміткер болса, онда дін ілімінде немесе мемлекеттік басқаруда тәжрибесі мол кандидаттың мүмкіндігі басым болмақ.

Мұның Иранның сыртқы саясаты үшін мән-мазмұны ерекше. Себебі, Ирандағы ядролық бағдарлама бойынша дау-дамай әзірше жалғаса беретін түрі бар. Ақпанның 20-сында Жины алқасының жетекшілері сайланды. Оның құрамында бұрынғы президент және вице-президентпен қатар екі жас хатшы да бар.

Ирандағы Сарапшылар Кеңесі жыл сайын кемінде екі рет, екі күн бойы бас қосып мәжіліс өтізіп тұрады.
XS
SM
MD
LG