Accessibility links

Халықаралық ана тілі күнінде әдетте жергілікті шағын ұлттардың аянышты тағдыры сөз болды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Ақпанның 21-күні ЮНЕСКО ұйымының шешімімен жыл сайын халықаралық Ана тілі күні атап өтіледі. Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде бүкіл әлемдегі 6 мыңдай тілдің бірнеше жүзі жойылу алдында тұр екен. Тілмен бірге ондаған ұлт-ұлыс өкілдері де жер шарынан ғайып болмақ деп дабыл қағады мамандар.

Тұзақова Вераның зарға толы ән-өлеңінде Ласқина, Момышева деген селқұп ауыл-қыстақтарының жер жүзінен жойылып, ол жерлерде тек қана құстардың ұялары қала бастағандығы жөнінде айтылады. Сібір аймағында жалпы 3500-дей ғана селқұп қалған. Олардың ішінен осы Вера Тұзақова секілді жасы үлкендер ғана селқұп тілін біледі.

- Біздің тіліміз жойылуға бет алды. Солтүстік аймақтағы селқұптар әлі де болса ана тілін ұмытпаған. Ал оңтүстіктегі мен сияқты селқұптар орыстарға араласып тұрғандықтан тіл жөніндегі тәлім-тәрбие біліміміз де өзгеріп кеткен. Дәстүрлі мәдениетімізден ажырап қалдық. Кім болса соның қол астында болдық. Ал ол келімсектер бізді қалағанынша өзгертумен болды, - дейді селқұп әйелі.

Жалпы, Ресей федерациясында Коладан Чукотка түбегіне дейінгі аймақта 40-тан астам жергілікті ұлт-ұлыстар мекендейді. Міне, сол шағын халықтар тұратын аймақ Ресейдің жалпы жер көлемінің жартысынан артық. Ол аймақтарда Саами, Ханты, Нганасан, Коряк және Тыва-Тоджиндер жасап келген.

Бірақ, ежелгі көшпенділік тұрмыс салтынан алыстаған олардың бір бөлігі қалаларға қоныс аударып, байырғы дәстүр-салтынан, көне мәдениетінен, әсіресе ана тілінен ажырап қалғандар.

Фаина Леханова есімді азаматша Сібірдегі 36 мыңдай эвенк халқының өкілі. Оның айтуынша, эвенктердің біршама жолы болған. Себебі, эвенк тілі мектептерде оқытылады екен. Соған қарамастан эвенктердің 20 пайызы ғана өз ана тілінде сөйлейтін көрінеді. Олардың өзі жасы келгендер.

- Сібір аймағында Керек, Алеут деген тайпалар бар. Солардан керектер жойылу алдында тұр. Керектерден 8 ғана адам қалды. Ғалымдардың дерегі бойынша, тундра мен тайғада бір қауым керек өмір сүрген. Ана тілін білген. Ал алеуттерден 150 кісі қалған. Көбі өз ана тілін білмейді. Олардың тілі өше бастады, бірнеше жылдан кейін олар ұлт-ұлыс ретінде де жойылатын түрі бар, - дейді Фаина.

Фаинаның айтуынша, бастауыш мектептерде оқытылса ғана ол ондаған шағын халықтардың тілі сақталып қалуы мүмкін.

– Меніңше, ана тілінде оқытатын мұғалім ғана балаларға тілді сіңдіре алуы мүмкін. Міне сол балалар өз кезегінде отбасындағы үлкендерге ана тілін үйретуі мүмкін. Сондықтан, алдымен, ана тілін білетін мұғалімдерге үлкен көмек қолдауы қажет, - дейді Фаина.

Бұрынғы Совет одағы кезінде орталықтан алыс аймақтағы ауыл-қыстақ балалары мектеп-интернаттарда негізінен орыс тілінде оқытылды. Ата-анасынан айлар, жылдар бойы жырақта өскен интернат оқушылары ана тілінен мақұрым қалып орыс тілінде сөйлейтін болды.

Солтүстіктегі шағын ұлт-ұлыстарды қолдау Мәскеу орталығының директоры Родион Суляндзиге - Удегей тайпасынан. Бірақ, оның өзі ана тілінен бірнеше сөз ғана біледі екен.

- Ол кезде негізгі мақсат балалардың сауатын ашу болды. Бірақ, барлық оқу орыс тілінде еді. Міне енді ғана ол жүйенің қате болғандығына көзіміз жете бастады. Бала мен ата-ана арасында байланыс болмады. Дәстүрлі мәдениет, ғұрып-әдет және негізгісі - тіл жоғала бастады. Өз ата-анасының тілін білмеген баладан не күтуге болады? Өзара түсіністік қайдан болсын?! Міне, енді оның ауыр салдарына душар болып, бармағымызды шайнап отырмыз, - дейді Родион Суляндзиге.

Сулянидзигенің айтуынша, шағын ұлт-ұлыстардың тілін сақтау бойынша тиянақты шаралар қолданбаса, онда алдағы оншақты жылда әлемдегі ең көне тілдердің бірі - коряк тілінің өзі де жоғалып тынуы мүмкін екен.
XS
SM
MD
LG