Accessibility links

Қазақстандық азамат «Борат» фильмін шығарғандарды сот бермек

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстан азаматы Мақсұт Оразай «Борат» фильміндегі басты кейіпкерді ойнаған Саша Барон Коэн мен осы фильмді түсірген америкалық «20 ғасыр» кинокомпаниясын сотқа бермекші. Өзінің Лос-Анжелес қалалық сотына жібермекші болған талап-өтінішінде Мақсұт Оразай фильмнің бүкіл қазақ халқының, оның ішінде өзінің де ар-намысына тигенін және соттан кинокомпания мен актерден өзінің пайдасына моральдық шығын ретінде 15 миллиард АҚШ долларын өндіріп беруді сұраған.

«Борат» фильмін қазақ халқын кемсітуге арнап шығарған деп есептейтін Қазақстан азаматы Мақсұт Оразай фильм түсірілген Лос-Анжелес қаласының сотына фильмді түсірген британдық актер Саша Барон Коэн мен америкалық «20 ғасыр» кинокомпаниясын сотқа беруге дайындалуда. Тек ағылшын тіліне аударып, поштамен жіберуді ғана қажет етіп отырған талап-арыздың қысқаша мазмұны жөнінде Мақсұт Оразай былай дейді.

- Мен әрбір Қазақстан азаматына 1 мың доллардан айыппұл алып бермекшімін. Сонда моральдық шығынның жалпы көлемі 15 миллиард доллар болады екен. Бұларды тек ақшалай жазалау керек. Олар сонда ғана ойланып істейді. Екіншіден, киноның құқығын өзім алсам деп едім. Сонда мен киноның бейпіл, жаман жақтарын алып тастап, тек күлкілі жақтарын ғана қалдырар едім. Үшіншіден, діни, ұлттық, нәсілдік кемсітуі бар өнер туындыларын жасауды теріс деп айтуды талап етіп тұрмын, - дейді Мақсұт Оразай.

Ал халықаралық құқық саласының маманы Нұржан Ешниязов мұндай тосын оқиғаның Қазақстан үшін алғашқы жағдай екенін айтып, фильмді түсіргендерден моральдық шығынды өтеп алуға әбден болады дейді.

- Жеке адамдар тек бір мемлекеттің сотында ғана соттасады. Бұл жерде шағымды кинокомпания орналасқан қаланың сотына берген дұрыс. Іске осындай жағдайлармен жиі ұшырасатын америкалық адвокатты жалдаған дұрыс. Меніңше, бұл істі Қазақстан азаматының пайдасына жеңуге болады, - дейді Нұржан Ешниязов.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов Саша Коэннның үстінен шағымданған Қазақстан азаматының әрекетін «Борат» фильміне зиялы қауым тарапынан жауап болмағаннан кейін, амалсыздан жасалған әрекет болды деп бағалап отыр.

- Қазақстанның шетелдердегі абыройын, беделін тек билік ойламауы керек. Оны барша қазақстандықтар ойлауы керек. Оны жазушылар, шығармашылықпен айналысатын адамдар ойлауы керек. Ал біздегі әдебиет пен өнердің маңайында жүргендер биліктің аузына қарап қалған. Олар халықтың мұң-мұқтажын айтуға қорқады, - дейді Әміржан Қосанов.

Жақында Қазақстанның АҚШ-тағы дипломаты Қанат Саудабаев Йель университетінде сөйлеген сөзінде студенттерге «Борат» фильміндегі көріністердің шындыққа жанаспайтындығын айтып, Қазақстанды жоғары білімді адамдар мен кәсіби біліктілігі жоғары мамандар және ірі мұнай экспорттаушы ел ретінде таныстырған.

Британ комигі Саша Барон Коэннің сценарийімен АҚШ-та түсірілген «Борат» фильмі 2006 жылы көрсетіле бастаған болатын. Бұл фильмнің үлкен шуға айналғанына қарамастан, «Борат» фильмі биыл АҚШ-тағы «Алтын глобус» жүлдесін жеңіп алған еді. Америка мен Еуропада қалың жұртшылық тамашалған фильмнің алғашқы премьерасында бұл туынды кассалық түсім жағынан алға шығып, оны жасаушыларға қыруар қаржы әкелді. Алайда, бұл фильм Қазақстандағы кинотеатрларда көрсетілмейтіндіктен, қазақстандық көрермен бұл фильммен тек қарақшылық әдіспен жасалып, қара базарда сатылатын дисктер арқылы таныс.
XS
SM
MD
LG