Accessibility links

Таяу Шығыс мәселесіндегі Төрттік одағы сәрсенбі күні Берлинде бас қосты

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Палестина президенті Махмуд Аббас пен Хамас қозғалысының арасындағы үкімет билігін бөлісу келісімі осы басқосуда қаралды. Құрамына АҚШ, БҰҰ, Еуропа одағы және Ресей енетін бұл Төрттік Палестинаның қандайда болмасын үкіметінің Израйльді тануы тиіс екендігі жөніндегі талаптарын қайталады.

Палестинаның жоспарланған біріккен үкіметін ресми түрде танымас бұрын Құрама Штаттары әліптің артын бағып, істің нәтижесіне қарайтын болады, деді Мемлекеттік хатшы Кондолеза Райс.

“Дәл қазір қолдауға лайық Палестина біріккен үкіметі болмай тұр. Бұл жерде Төрттіктің тілегі айқын. Және менің ойымша, Төрттік мәлімдемесінің арнайы бабында өте ашық айтылған. Палестина біріккен үкіметі Израйльдің өмір сүру хұқын мойындауы, күш қолданудан бас тартуы және Палестиналықтардың онжылдықтар белесінде қабылдаған келісімдерін құрметтеуі тиіс. Нақты уақыты келген кезде біз шешім шығарамыз. Алайда қазір Палестинаның біріккен үкіметі болмай тұр”, - деді Райс ханым.

БҰҰ-ның бас хатшысы Бан Ки-Мун болса күш қолдануға бармайтын, Израйльді мойындайтын Палестина үкіметін қолдайтындығын айтты. Таяу Шығыс бейбіт келісімдеріне орай таяуда болған ұмтылыстар жақсы бастама, деді Бан мырза.

Дей тұрғанмен бұл отырыста айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жетпегені Төрттік мәлімдемесінде айтылған. Сондай-ақ Палестинаға берілетін көмектерге салынған тиымдарды алып тастамас бұрын жаңа Палестина біріккен үкіметінің құрылуын күтетіндігіне де Төрттік одақ мегзеп отыр. Бұл тиым Төрттік тарапынан Палестинаға 2006-шы жылдың қаңтар айындағы сайлауларда Хамас жеңіске жеткеннен кейін салынған болатын. Тиым кесірінен Палестина экономикалық қиындықтарды бастан кешкен еді.

Ресей тарапы төрттіктің бұл бағытын жұмсартуды ұсынуда.

“Бүгін Төрттік Палестина үкіметіне бойкот жариялады, деп айту менің ойымша қате болар еді. Ол шынында да солай болған жоқ. Бүгін біз Еуропа одағының ұсынысын талқыладық”, - деді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Еуропалықтар атынан қазіргі кезде Еуропа одағына төрағалық етуші Германия қатысқан еді. Германия да Палестинаға қарсы тиымды жұмсартуға шақырды.

Төрттіктің “әліптің артын бағу” саясаты ашық сөйлесулерге мүмкіндік беріп отыр, деді Хамас кабинеті өкілі Ғази Хамад.

Төрттік тұрақты түрде кездесіп тұруға уағдаласты. Болашақтағы кездесу әлі нақтылана қоймаса да Араб елдерінің бірінде өткізілмекші.
XS
SM
MD
LG