Accessibility links

Қазақстан жақын уақытта өзінің әскери-техникалық қорын жаңартуды көздеп отыр. Жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жобасы аясында жаңа әскери-техникалық саясат қалыптастыру мәселесі қаралуда деді ақпанның 21-і күні Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбеков. Ал әскери сарапшылар болса, қазіргі Қазақстанның әскери-техникалық сын көтермейді деп есептейді.

Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі ақпанның 21-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті. Бұл туралы журналистерге хабарлаған Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев:

«Осы стратегия негізінде президенттің әскери доктрина туралы, қару-жарақты жаңарту жүйесі жөнінде, Қазақстанның арнайы қызметтерін үйлестіру жайындағы актісі қабылданады», - деді.

Ал ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жобасы аясында Қазақстанның жаңа әскери-техникалық саясатын қалыптастыру мәселесі қаралғанын Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов хабарлады.

«Бұл қазіргі таңда Қазақстан әскерінің және басқа да әскери мекемелер құзырындағы әскери техниканы жаңартуды жобалайды. Сонымен бірге, қару-жарақ пен әскери техниканы айтарлықтай жаңартып, олардың жаңа түрлерін сатып алу, оған Қазақстанның әскери-өнеркәсіптік кешені өкілдерін тарту көзделген», - деді министр Ғ.Оразбақов.

Қазақстандағы Запастағы Офицерлер Одағының төрағасы Айтқали Есенқұлов бүгінде Қазақстанның әскери-техникалық базасының тозығы жетіп, сын көтермейтіндігін айтып отыр.

- Әскери техника деңгейі өте төмен. 20 жыл бұрын ескірген техника. Құлап жатқан ұшақтар, тікұшақтар, адамдардың өлімі сол ескі техникадан. Оларды жөндеуді зауыттарда емес, түрлі «подставной» компанияларда істетіп, олар дұрыс істемей, техниканы дұрыс сертифицикация жасамай, содан құлап жатыр. «Миг» ұшағы тап болған апатта өлген екі офицер де соның кесірінен. Ол ұшақтарға жаңа тәсілдермен қызмет көрсету керек. Оған бізге әскери мамандар жетіспейді.

Оның пікірінше, қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ресейлік қару-жарақты сатып алу тиімді болмақ:

- Ресей қару-жарағын арабтар да, Индонезия да, Үндістан да алады... Оған қоса біздегі әскери мамандар сол ресейлік техникамен оқып-үйренген. Ал ана британдық жүйені аламыз дейді, онда бәрін жаңғыртуға тура келеді. Егер біз соларды алсақ, кілттерді, кодтарды ауыстыру керек болады. Бұл артық шығын.

Бұл пікірді «Генералдар кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы генерал-майор Рүстем Қайдаров та қостайды:

- Бізге ең дұрысы – Ресей әскери техникасы. Қазіргі зымыранға қарсы қондырғылардың бәрі Ресейдікі, өте күшті, Американікінен кем емес, бәлкім, сапасы жағынан асып кетеді. Ал өзіміз ондай техниканы жасай алмаймыз, жасаудың қажеті де жоқ.

Дегенмен, саясаттанушы Еркін Тұқымов Қазақстан әскери-техникалық қорын жаңартуда тек бір елмен шектелмеген дұрыс деп есепетейді. Оның пікірінше, бұл бағытта биыл айтарлықтай қаржы да бөлініп отыр.

- Өйткені, биылғы қорғаныс саласына арналған бюджет теңдессіз үлкен. «Ал осы айтарлықтай өскен қаржыны әскердің жағдайын жақсартуға қалай дұрыс пайдалану қажет?» деген мәселе биыл негізгі сұрақтардың бірі болмақ. Меніңше, бүгін ең өткір мәселе – Қазақстанның әскери-техникалық қорын жаңарту. Бұл бағытта Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі уағдаластық аясында, әлбетте, Ресеймен серіктес болмақ. Бірақ, осы елмен ғана шектеліп қалмай, батыс елдері, соның ішінде НАТО аясында бейбітшілік үшін АҚШ-пен де әскери-техникалық ынтымақтастық жасайды деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы Еркін Тұқымов.

Ал ақпанның 22-сі күні Қорғаныс министрі Даниял Ахметов Қарағандыда республиканың әскери күштерінің бейнесін 2015-ші жылға қарай айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік беретін Қазақстан әскерін қайта ұйымдастыру бағдарламасын Ресеймен бірлесіп жасайтындығын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG