Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.23.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген газеттердің бірі Алматылық кәсіпкер әйел өз меншігінің заңсыз бұзылуына орай аудан әкіміне қарсы сотты жеңіп шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, тағы бір басылымда өткен жылы Қазақстанда 30 мыңнан астам ғимарат тұрғызылғандығы айтылса, газеттердің бірі Алматыда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау кезінде 150 қылмыстық факті тіркелгендігіне мән беріп өтіпті.

Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданының тұрғыны Жәмила Тәңібергенова Әуезов ауданының әкім Әділ Несіпбаевқа қарсы сот процесін жеңіп шыққандығы туралы мақала «Караван» газетінде басылыпты. «Енді аудан әкімі кәсіпкер әйелдің дүкенін бұзуға бұйрық еткені үшін 300 мың доллар төлеуі тиіс» делінген мақалада. «Жәмила Тәңібергенова Шаңырақ ықшам ауданынан жер телімін 2003 жылы жалға алып, сол жерге дүкен, дәріхана және телефонмен сөйлесу пунктін ашады. Ал 2006 жылдың қыркүйегінде ол аудан әкімшілігі сауда кешендерін бұзу туралы шешім шығарғандығын естиді. Өткен жылғы желтоқсан айының 12-күні ауыр техника дүкендердің ішінде адам барына қарамастан, бұл нысандарды бұзуын бастаған. Соның салдарынан дүкендердегі екі қызметкердің денсаулығына зақым келген. Бұл іс Алматының ауданаралық экономикалық сотында қаралып, сот Әуезов ауданы әкімінің әрекетін заңсыз деп тауып, одан келген шығынның орнын толтыру туралы шешім шығарды. Сотты жеңіп шыққан кәсіпкер әйел мұнымен тоқтамай, жақын күндері заңсыз қиратудан келген моральдық шығынқа қатысты тағы бір шағым түсірмек» деп жазды «Караван» газеті.

Ал «Новое поколение» газеті болса 2006 жылы Қазақстанда 30 мыңнан астам ғимарат тұрғызылғандығына мән беріп өтіпті. «Құрылыс қызметінің жалпы көлемі 1 триллион 32 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бұл 2005 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп» делінген мақалада. «Республика бойынша Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысқа қажетті өзіндік құн аз мөлшерде ғана өскен. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш ТМД аумағындағы елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп» делінген мақалада. «Қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлер республика аумағында шығарылатын құрылыс материалдарын да шетелден сатып алуда. Индустрия және сауда министрлігінің мәліметінше, қазақстандық кәсіпкерлер жыл сайын шамамен 900 миллиард долларға шетелдік құрылыс материалдарын сатып алады екен» деп түйіндейді «Новое поколение» газеті.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау барысында Алматы қаласында 150 заң бұзушылық фактісі тіркелгендігі туралы мақала «Деловая неделя» газетінде жарық көріпті. Республиканың бас прокуроры Рәшид Түсіпбековтың айтуынша, Алматыда 85 адам жалған құжат жасатып, ипотекалық тұрғын үй алған. Дәл осындай жағдай Атырау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында да тіркелген. Сонымен қатар, Рәшид Түсіпбеков тұрғын үй саласына қатысты бірқатар қылмыстық іс қозғалып, қылмыс материалдары прокуратураға жіберілгендігін айтты» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Ал «Панорама» газеті болса бюджеттік бағдарламаларда Қазақстандағы мүгедек әйелдердің қажеттілігі ескеріле бермейтіндігі туралы жазыпты. «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаеваның айтуынша, мемлекеттің мүгедектерге қатысты бөлген қаржысы осы күні дұрыс ұсатылмай келеді. Мәселен, кейбір жағдайда әйел мүгедектер үшін әлеуметтік көмек ер азаматтарға қарағанда көбірек қажет болады, немесе басқа бір жағдайларда керісінше шығып жатады. Ал мүмкіндігі шектеулі әйелдердің өз бала-шағасын асырау жағы қазіргі қоғамда қиын шаруаға айналып барады» делінген «Панорама» газетіндегі мақалада.

Бұл уақытта бюджет қызметкерлері жалақасын талап етіп, наразылық акциясын өткізгендігіне «Республика» газеті мән беріпті. «Жақында Алматының опера және балет театрының әртістері кезекті қойылымға шығудан бас тартты. «Жизель» қойылымын көруге келген қала тұрғындары өздерінің сүйікті әртістерін сахна төрінен тамашалай алмай қайтты» делінген мақалада. Автор өз материалында мәдениет, білім, ғылым және медицина бойынша мемлекеттік қызметкерлердің наразылыққа шықпасына кім кепіл деген сұраққа жауап іздепті. «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес үкіметі ғылыми прогреске жету үшін бұл салаға қаржыны аяған жоқ. Қазір тәуелсіз Қазақстанда ғылым жолындаға адамдардың жағдайы сын көтермейді. Ғылыми мекемелердегі қызметкерлер ең көп дегенде 25 мың теңге алады. Бұл жерде кіші ғылыми қызметкердің жалақысын атаудың өзі ыңғайсыз. Оның үстіне жыл басында мемлекеттік қызметкерлер өз жалақысына жете алмай зар болады. Мәселен, өткен жылы оларға қаңтар айының жалақысы тек сәуір-мамыр айларында берілген. Биыл да осындай жағдай қайталанып отыр» делінген «Бюджет құлдары...» атты «Республика» газетінің мақаласында.
XS
SM
MD
LG