Accessibility links

Алматы жұртшылығы қоғам қайраткері, дипломат Болатхан Тайжанды соңғы сапарға шығарып салды

  • Досан БАЙМОЛДА

Болатхан Тайжан 1941-ші жылы наурыз айының 8-і күні дүниеге келіп, 2007-ші жылдың ақпан айының 20-сы күні 66 жасқа қараған шағында дүние салды. Дәрігерлер марқұмның жүрек ауруы талмасынан қайтыс болғанын хабарлады.

Болатхан Тайжан алғаш Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтын бітіріп, сол институтта аспирантурада оқыды.

1963 жылдан бұрынғы Кеңес Одағының араб мемлекеттеріндегі елшіліктері мен консулдығында жауапты қызметтер атқарып, одан кейін Қазақ ССР-нің сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы, ал Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі министрдің орынбасары, Мысыр және Малайзия секілді елдердегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды. Сондай ақ Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі болып істеді.

Болатхан Тайжанның кенеттен осындай қазаға душар болғанына байланысты көңіл айтқан бір топ жолдастары марқұмның қоғамдағы демократиялық өзгерістерге қатысты өзінің көзқарас, пікірін ашық айтып келгенін, сол пікірінен еш таймағанын еске алады.

Болатхан Тайжан «Отан» партиясының төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған кезде осы билік партиясының ұстанған саясатымен келісе алмағандықтан, президент сайлауы қарсаңында осы партиядан өз еркімен кеткен еді.

Бұдан соң Болатхан Тайжан «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының басқарма мүшесі ретінде елде демократиялық өзгерістердің қажет екендігін алға тартып, сол үшін күресу керектігін үнемі айтумен болды.

Соңғы кезде Бөкең «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық ұйымын құрушылардың бірі болып, қазақ тілінің қазіргі жағдайы және жер мәселесіне қатысты ұлттық мүдде тұрғысынан күресетін қайраткер ретінде танылды.

Ақпанның 22-сі күні Алматы жұртшылығы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда Болатхан Тайжанмен соңғы рет қоштасу рәсіміне келді. Қаралы жиынға қатысқан жұрт алдында сөйлеген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Дүйсен Қасейінов марқұмының тәуелсіз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатында істеген жұмыстары мен қосқан үлесін жоғары бағалады.

Жалпыұлттық Социал-Демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай Болатқан Тайжанның дипломатиялық жұмыстан кеткен соң қазақ ұлтының жоғын жоқтап, өзінің соңғы жылдардағы өмірін соған арнағанын айтты. Ал марқұмның студент жастық шағында бірге оқыған жолдастары атынан сөз алған белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов, Болатхан Тайжан мен Мұрат Әуезов екеуі Мәскеуде құрылған «Жас Тұлпардың» жетекшілері болғанын еске алды.

Ал, Болатхан Тайжанмен Кеңес заманында кейін Қазақстан дипломатиясы саласында ұзақ жылдары бірге қызметтес болған Қазақстанның дипломатиясына еңбегі сіңген қызметкер Хайыр Омаров, марқұмының мінезі тік, айтайын дегенін ешкімнен жасқанбай, қорықпай айтып салатын адам болғанын еске алды.

«Бәлкім, содан болды ма, Болатхан Тайжанның Қазақстан дипломатиясына сіңірген еңбегі ешбір бағаланбады», - деген пікір білдірді ол.

Марқұм Болатхан Тайжан «Азаттық» радиосының тұрақты тыңдарманы және осы радиоға Қазақстан қоғамында болып жатқан жайттарға қатысты өз көзқарас, пікірін тұрақты білдіріп келген еді.
XS
SM
MD
LG