Accessibility links

Пәкістанға АҚШ вице-президентінің сапарынан кейін президент Мушаррафқа қысым күшейіп отыр


Американ Вице-Президенті Дик Чейни дүйсенбі күні күтпеген жерден Пәкістанға келді. Бұл сапар Пәкістан Президенті Первез Мушарраф-тың әл-Қаида мен Талибанға қарсы амалдарды қолға алу мәселесі халықаралық деңгейде талқыланып отырған уақытқа сай келіп отыр. Әл-Қаида мен Талибан Пәкістандағы ру-тайпалық аймақтарды пайдаланып, осы жерден көрші Ауғаныстанға қарсы шабуылдар ұйымдастырып отыр деп есетпейтін Батыс елдері Пәкістан Президентінен бұл топтарды ауыздықтауда шешімтал әрекеттерді талап етіп отыр.

Американ Вице-Президенті Дик Чейнидің Пәкістанға келуінен бірнеше сағат бұрын "The New York Times" басылымы Американ Президенті Джордж Буштың Пәкістан Елбасы Первез Мушаррафқа қатаң жолдау жолдап отырғанын хабарлады.

Пәкістан тарабы таратқан ресми мәлімдемеде әл-Қайданың Пәкістанның ру-тайпалық аймақтарында қайтадан орын тебуіне байланысты Чейнидің Мушаррафқа "алаңдаушылық" танытқаны айтылған.

Ресми Исламабад, сондай-ақ, Американ Вице-Президентінің Ауғанстандағы Батыс елдері жасақтарына қарсы Талибан көктемгі шабуылдарын бастамақ деген барлау мәліметтеріне байланысты "Құрама Штаттарының ерекше алаңдаушылығын жеткізді" деп те хабарлап отыр.

Американ Вице-Президенті Дик Чейнимен қатар Пәкістанда Британ С.İ.М. Маргарет Бекет те болды. Британ әскерлерінің қазіргі уақытта Ауғанстанның оңт.-дегі Хелманд уәлаятында қарулы топтармен соғысып жатқаны мәлім.

Бұл екі арада, "The New York Times" басылымы Американ Президенті Джордж Буш Пәкістан Елбасы Первез Мушаррафқа жолдаған жолдауында Американ Конгресіндегі көпшілікті жаңадан құрап отырған Демократтардың алдағы уақытта ресми Исламабад қарулы жасақтарға қарсы шараларды күшейтпесе Пәкістанға көрсетілетін жәрдемді қысқартуы мүмкін екенін ескертті деп жазып отыр.

Хабарда, сондай-ақ, ресми Ақ Үйдің Мушарраф былтыр қыркүйек айында Вашингтонға сапары барысында Бушқа берген уәделерін орындамай отыр деген байламға келіп отырғаны жазылған.

Ол сапары барысында Мушарраф жеке кездесулерде де, көпшілік алдындағы сөздерінде де өзінің шекаралық Солт.Уәзірістандағы ру-тайпа жетекшілерімен жасасқан келісімі әл-Қаида мен Талибан жетекшілеріне және олардың жаттығу орталықтарына қарсы шараларға бөгет болмайды деп мәлімдеген тұғын.

Алайда, Американ барлау орындары Пәкістанда лаңкестік құрылымдар қайта бас көтеріп жатыр, ал Пәкістан әскерлерінің олардың кей жаттығу орталықтарына жасаған шабуылдары баянды болмай отыр деген тұжырымға келген.

Өз атын атамауды өтінген Оңт.Азия мәселелерімен шұғылданатын жоғары дәрежелі Американ ресми қызметкері Мушаррафқа оның әскерлері лаңкестерге қарсы соғыста айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуі керек екені айтылды деп отыр.

Өткен айда Американ Конгресін өз қадағалауы астына алған Демократтар Буш әкімшілігіне Мушаррафқа көбірек қысым жасау қажеттігі тұрғысында ескерту айтқан.

Буш лаңкестікке қарсы күрес мәселесінде көпшілік алдында Мушаррафты мақтап келгенмен де, Талибанның Пәкістанның Ауғанстанмен шекаралас аймақтарында бас көтеріп отырғанына орай Американың алаңдаушылығы да артып келеді.

Американың ғарыштағы барлау-бақылау құралдары көріп отырған Солт.Уәзірістандағы қарулы топтардың жаттығу орталықтарын біржақты шабуыл астына алу мүмкіндігін Американ ресми қызметкерлері теріске шығарып отыр. Мұндай шара Мушарраф үкіметінің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін екені есепке алынып отыр.

Дәл осы арада, Америка Ауғанстандағы әскерлерінің санын тағы да 3.200 жауынгерге арттырып отыр. Бұл әскер Ауғанстандағы Американ және НАТО жасақтарына қарсы көктемде басталуы мүмкін шабуылдарға қарсы төтеп беруге қатыспақ.
XS
SM
MD
LG