Accessibility links

Қазақстандық бір топ кәсіпкерлер Кеден Кодексіне енгізгелі жатқан жаңа толықтыруларға қарсы

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстандық бір топ кәсіпкерлер Парламенттің талқылауында жатқан “Кедендік және салықтық процедураларды оңтайлату мәселелері бойынша ҚР кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заң жобасына қарсы болып отыр. Кәсіпкерлердің пікірінше, заңға жаңадан енгізілгелі жатқан өзгертулер сыртқы экономикалық байланыс жасайтын кәсіпкерлердің құқығын шектемек.

Қазақстан Кедендік Декларанттар Одағының президенті Нұрлан Бұршақбаев Парламентте талқыланбақ болған Кеден Кодексіндегі жаңа өзгерістердің олқы тұстары көп, сондықтан оны осы күйінде қабылдауға болмайды деп есептейді.

- Бұл жобаның бірқатар ережелері кәсіпкерліктің еркін дамуына бөгет болып отыр. Мұны біз кедендік құжаттарды рәсімдеуді монополизациялау деп есептейміз. Мұндай Кодекстегі осындай ойластырылмаған жетілдірулер кедендік рәсімдеу мамандары институтын жойып, кедендік брокерге жеңілдетілген ерекше жағдайлар жасамақ. Егер Кодекске осы айтылған жаңа өзгерістер енетін болса, онда кәсіпкерлердің жұмысы тек брокерлер арқылы ғана жүретін болады, болмаса кәсіпкерлерге өз тауарларын рәсімдеу үшін брокерлерден 5 мың евроға лицензия сатып алуы керек. Ал бұл, өздеріңіз білесіздер, өз кәсібін жаңадан бастаған адамдар үшін аз ақша емес, - дейді Нұрлан Бұршақбаев.

Осыған орай, ол осындай олқылықтар кетпес үшін бұрынғы Кеден Кодексін өзгеріссіз, сол күйінде қалдыру керек деген ұсыныс білдіреді. Сондай-ақ, Нұрлан Бұршақбаев қазірде Қазақстанда жаңа өзгертулерге қарсы болып отырған 320 компания және 500-ден аса жеке кәсіпкерлер бар дейді.

Ал Кеден Кодексіндегі өзгерістерге қарсы болып отырғандардың бірі «Аркон-Қазақстан» Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінің директоры Арман Ғалымұлы бұл жайында былай дейді:

- Кәсіпкерлер кеденде белгілі бір тарифтер төлеп, соған үйренген. Егер біз бұны брокерлердің қолына берсек, онда оның кері әсерлері көп болады. Мысалы, Қазақстанда зат қымбаттайды, одан халық ұтылады. Меніңше, кедендік рәсімдеу мамандары институтын жоймай-ақ, қадағалауды күшейту керек.

Сондай-ақ, Арман Ғалымұлы бүгінде Кедендерде салынатын салық мәселесіне де жете мән берген дұрыс дейді.

- Қытайдан келетін тауарлар өте арзан болады. Алайда біздің кәсіпкерлер осы тауарлардың үстіне 3-4 есе баға қосады. Егер біз кедендегі рәсімдеулерді брокерлердің қолына беріп, тауарларды қымбаттатып алсақ, баға одан әрі ұшады. Сондықтан үкімет кедендердегі тарифтерді төмендетсе, тауарларды халық қазіргіден де арзан бағаға алар еді, - дейді кәсіпкер.

Ал экономист Рахман Алшанов «жалпы бұл заңдардың жаманы жоқ, тек үкімет кеден саласындағы жемқорлық деңгейін азайтса болғаны» деген пікір айтады.

- Мәселенің барлығы тек заңға келіп тірелсе, онда Қазақстанда баяғыда-ақ коммунизм орнар еді. Барлығы кеденшілерге байланысты. Бізге жұмысын адал істейтін кеденші-мамандар саны жетіспей отыр. Мысалы, Қытай бізге жыл сайын 3-4 миллиард долларға тауар жіберсе, соның тек 500 миллионы ғана Қазақстан жеріне заңды жолмен кіреді екен. Міне мәселе қайда, - дейді Рахман Алшанов.
XS
SM
MD
LG