Accessibility links

Әлемдегі алпауыттардың бірі Л.Миттал Қазақстан мұнай саласының сүбелі үлесіне ие болуы мүмкін

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Әлемдегі алпауыттардың бірі, шыққан тегі үндістандық Лакшми Миттал Қазақстан мұнай саласына қомақты қаржы салу жоспарының келесі кезеңін іске асырмақшы. Ол енді Каспий мұнай тасымалдау құбыры (КТК) консорциумының Оман Оил компаниясына тиесілі 7 пайыз акциясын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ақпаратты «Таймс оф Индия» газеті жариялады. Бірақ, КТК консорциумының баспасөз қызметі бұл ақпаратты әзірге растамай отыр.

Қазақстандықтар тегі үндістандық Лакшми Митталды «Карметкомбинатты» сатып алған, болат қорыту саласындағы әлемдік холдингтің иесі деп танушы еді. Енді ол Қазақстанның мұнай саласынан да сүбелі үлес алуға ниет білдіріп отыр.

Бұған дейін ол ресейлік «Лукойл» компаниясынан 980 миллион долларға Caspian Investments Resources компаниясындағы 50 пайыз акциясын сатып алған болатын. Caspian Investments Resources компаниясы бұрындары Канадалық Nelson Resources деген атпен осы «Лукойлға» сатылған болатын. Және оған тиесілі Қазақстандағы Әлібекмола, Қожасай, Жамбай сияқты т.б. бірқатар мұнай кен орындарында мол кіріс көзі болатын үлесі бар екенін ескерсек, шынымен Лакшми Митталдың Қазақстан мұнай саласындағы белсенділігі байқалады. Енді ол КТК, яғни Каспий мұнай тасымалдау құбыры консорциумының Оман Оил компаниясына тиесілі 7 пайыз акциясын сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл жайында Үндістан баспасөзі жазып отыр. Алайда, КТК-ның Мәскеулік кеңсесіндегі баспасөз қызметі бұл ақпараттың консорциум көлемінде әзірге талқыланбағанын айтып отыр.

«КТК-ның акционерлер кеңесіне мұндай ұсыныс түскен жоқ. Ақпанның 14-15-терінде өткен акционерлердің жиналысында бұл мәселе күн тәртібінде болған жоқ және алдағы наурыз айының 22-леріне жоспарланған акционерлердің жылдық жиналысының күн тәртібінде де бұл мәселе жоқ. Қала берді бұл мәселе техникалық тұрғыдан шешілуі үшін акционерлердің бірауыздан қолдауы қажет, сондықтан қазір қандайда ресми түсініктеме бере алмаймыз», - деп жауап берді КТК-ның Мәскеулік кеңсесінің өзін атамауды жөн көрген баспасөз қызметкері.

Теміртаудағы «Миттал Стил Теміртау» кәсіпорнының баспасөз қызметкері Николай Кубраков та ондай ақпараттан хабарсыз екенін айтты.

Қазақстандық кейбір сарапшылар Лакшми Митталдың мұнай саласына килігуі Үндістанның жанар-жағар майға деген мүддесін қорғаудан туындап отырған іс-әрекет деп бағалап отыр. Алматыда орналасқан Тәуекелді зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаевтың айтуынша, бұл шара стратегиялық тұрғыдан Үндістанға өте ұтымды қадам болмақ.

«Үндістандық мұнай компанияларының Қазақстанның мұнай саласына кірігуге деген бірнеше талпынысы сәтсіз болғандықтан, енді олардың мүддесін Лакшми Миттал қорғамақ. Бұл жерде Миттал ортадағы делдал сияқты ғана болуы мүмкін, яғни, оның мақсаты Үндістандық басқа мұнай компаниялары үшін әлемдік мұнайға жол салу. Себебі, оның әлемдік беделін айтпағанда, ол Қазақстан шенеуіктерінің қолдауын тапқан, байланысы кең және өз лоббистері бар танымал тұлға. Сол себепті, оған мұнай саласына да кіру оңайлау болса керек. Міне, сондықтан оны Үндістандық мұнай компаниялары өз лоббисті ретінде қарауы әбден мүмкін», - дейді Д.Сәтпаев мырза.

Қазір КТК, яғни Каспий мұнай тасымалдау құбыры консорциумының акциялары оның негізін қалаған үш мемлекеттңғ қолында. Атап айтқанда, Ресейде - 24 пайыз акция болса, Қазақстанда - 19, Оманның – 7 пайыз акциясы бар болатын. Бұдан басқа акционерлер қатарында жеті мемлекеттен 10 жеке компаниялар, атап айтсақ - Шеврон, Аджип, Эксонмобил, Бритишгаз сияқты т.б. әлемдік танымал компаниялар бар.

2001 жылы наурызда іске қосылған КТК құбыры арқылы қазір жылына 30 миллион тоннадай мұнай Ресейдің Новороссийск маңындағы мұнай терминалдарына айдалады. Алдағы уақытта бұл құбырдың қуатын жылына 67 миллион тонна мұнай айдауға жеткізу жоспарланған.
XS
SM
MD
LG