Accessibility links

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Баучер Қазақстандағы демократияның дамуын қаржыландыруды өз елінің тоқтатпайтындығын жеткізді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Дүйсенбі күні Астанаға АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі орынбасары Ричард Баучер ресми сапармен келді. Ол Қазақстанның бірнеше лауазымды тұлғаларымен және демократиялық күштердің өкілдерімен кездесті. Ричард Баучер ресми тұлғалармен кездесу барысында сәрсенбі күнге белгіленген Қазақстан президентінің халыққа жолдауынан саяси реформаға қатысты көп үміт күтетіндігін жеткізді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Ричард Баучер Астанаға осымен екінші рет келіп отыр. Оның бұл жолғы сапары өткен жылғы Қазақстан басшысының АҚШ-қа сапары кезінде белгіленген екен. Ричард Баучер Қазақстанның лауазымды тұлғаларымен кездесу барысында әңгіме арқауы болған негізгі тақырып - Америка мен Қазақстан қарым-қатынасы, соның ішінде энергетика мәселелері деді. Сонымен бірге, әрине, Қазақстандағы саяси реформалар да шет қалған жоқ, – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары журналистерге берген сұхбатында.

Ричард Баучер сөзінде АҚШ-тың сыртқы саясаты өзгергенімен Орталық Азия елдеріндегі демократияның даму барысын жіті бақылап отырғандықтарын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Орталық Азия елдеріне азаматтық қоғамның, демократиялық даму бағдарламаларына қаржыландыру АҚШ тарапынан азайып отырған жоқ екен.

«Керісінше, қоғамдық ұйымдардың демократияландыру жобаларына тікелей гранттар бөліп ғана қоймай, делегациялар жіберіп пікір алмасу жағын да қолдап отырмыз. Мұнан басқа біз АҚШ-тың саяси позициясын қолдаймыз», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары.

Ал АҚШ-тың мемлекеттік «Америка дауысы» радиосының Орталық Азия және бірқатар аймақтарға хабар таратуын тоқтатуы мен мемлекеттік бюджеттен қаржыланып отырған тағы бір ақпарат құралы - «Азат Еуропа – Азаттық» радиосының бірқатар аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға хабар таратуын қысқарту себебін Баучер мырза бюджеттен бөлінетін қаржының қысқартылуымен байланыстырды.

«Бүгінгі таңда радионың қандай қызметтерін қолдау керектігі жөнінде нақты шешім қабылдауымыз керек. Сонымен қатар біз аталған аймақтарға тәуелсіз дауыс, тәуелсіз ақпараттың көзін жеткізгіміз келеді. Алайда, мұның жауабы Америка емес, Қазақстан басшылары тарапына байланысты», – деді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Баучер Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарында эволюция болып, сөз бостандығына ерік беріледі деген үмітте. Ол, сонымен бірге, Қазақстан президентінің 28-ақпанда жариялайтын Жолдауынан көп үміт күтетінін білдірді.

«Президент аймақтардың дамуына, саяси реформалардың жүзеге асуына көңіл бөледі деген үміттемін», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі орынбасары Ричард Баучер.
XS
SM
MD
LG