Accessibility links

Алматыда Азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне арналған халықаралық жиын өтті


Бүгінде Қазақстан қоғамында азаматтық қоғамды қалай құру, оны қалай дамыту жөнінде кеңінен талқыланып, бұл жөнінде ғалым мамандар, саясаткер, саясатанушылар мен заңгерлер тарапынан түрліше пікірлер айтып жатқаны белгілі. Осы мәселеге арналған алқалы жиын ақпанның 27-сі күні Алматыда Қазақстанның Білім және Ғылым министрлігі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті және Алматы қалалық Ішкі саясат департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.

«Азаматтық қоғамды дамыту: конституциялық-құқықтық қамтамасыз ету» деген атпен өткен бұл халықаралық жиынға қатысушылар Қазақстанда азаматтық қоғам орнатудағы көкейкесті және өзекті мәселерді талқылады.

Қазақстан президенті әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағанбетұлы азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселесінің бүгінгі Қазақстанда жүріп жатқан демократиялық процесстердің ең негізігі бір бөлігі болып саналатындығын айтты.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселесіне қатысты бірнеше заң, ережелер мен бағдарламалар қабылданған.

Алайда, соңғы кезде үкімет, үкіметтік емес, бейресми ұйымдардың күшіне сүйену арқылы соларды қолдап, қолпаштау арқылы азаматтық қоғам қалыптастыруды жеделдетуді көздеп отыр.

Ең әуелі мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды өз мойнына алмақшы, өйткені бұл ұйымдар халықтың арасында жүр, оларға не керек екендігін жақсы біледі, жақсы сезеді дейді ол.

Ол үшін қайсыбір үкіметтік емес, бейресми ұйымдар өздерінің азаматтық қоғамдағы түрлі проблемаларды шешісуге қалай қатысатындығын, бұған қанша көлемде қаржы қажет етілетіндігін жоба не бағдарлама күйінде үкіметке ұсынуы тиісті болмақ. Үкімет бұл ұсыныстарды жақсылап зерттеп көріп, өзінің шешімін шығарады. Ең бастысы, қоғамдағы пробемаларды, мысалы, денсаулық саласына, экологияға, жастар тәрбиесіне және жұмыссыздықты жоюға қатысты мәселелерді қалай шешуге болатындығы нақты айтылып, көрсетілген жағдайда үкімет оған қомақты қаржы бөлуге дайын дейді президенттің әлеуметтік-саяси бөлмінің сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағанбетұлы.

Алайда, «Транспаренси-Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотников, азаматтық қоғамды дамыту мәселесінде үкіметтік емес ұйымдардың үкімет тарапынан қаржыландырылуы дұрыс саясат емес деп санайды. Оның айтуынша, егер бейресми ұйымдар қоғамдағы қайсыбір мәселені шешкісі келсе, азаматтардың қолдауына ие болуы керек. Сонда ғана мәселе шешілетін болады.

«Мысалы, ауылдағы ауыз су проблемасы бола ма, жоқ әлде қандай бір экологиялық мәселені ауыл әкімшілігінің басқаруымен ауыл тұрғындары өздері шеше алмақ. Ол үшін қандай бір бейресми ұйымға үкіметтен қаржы бөліп, бұл міндетті орындауға тапсырыс беру дұрыс емес. Бұның аяғы сыбайлас жемқорлықтың тууына апарады», - дейді Сергей Злотников.
XS
SM
MD
LG