Accessibility links

Алматы қаржы орталығында алғаш рет құнды қағаздар саудасы жасалды


Ақпанның 27-күні сағат 11.30-да «Қазақстан қор биржасы» Акционерлік қоғамы негізінде қызмет ететін Алматы өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңында құнды қағаздармен алғашқы саудасы жүрді. Сауданың алғашқы күні Алматы қаржы орталығына тіркелген 19 компания ішінен әзірге дайын болған 3 компания белсенді болып, олар 7 компания-эмитенттің саудаға қойған құнды қағаздарын, яғни акция және облигацияларын сатып алу туралы келісім шарттар жасады. Мамандар алдағы уақытта Алматы өңірлік қаржы орталығы биржасына шетелдік компаниялар мен отандық сатып алушыларды молынан тартуды жоспарлап отырғанын айтады.

«Алматы тек Қазақстанның емес, Орта Азияның қаржы орталығына айналатыны» жайында түрлі мінбелерден айтылатын тұжырымды халық көптен естіп келген еді. Енді соның алғашқы қадамы сейсенбі күні Алматыда жасалғандай. Бұл күні Алматы өңірлік қаржы орталығының биржасында тұңғыш рет сауда жасалды. Құнды қағаздарын саудаға 7 компания-эмитент салыпты. Олар - «ЭКОТОН+» АҚ, «Цесна-Астык Концерні» ЖШС, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Астана-Недвижимость» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және «MAG» АҚ. Әрине, бұл компаниялардың атаулары көпшілікке әзірге ешнәрсені аңғарта қоймас, дегенмен осы компаниялар енді ең алғаш құнды қағаздар биржасына шыққан компаниялар ретінде Қазақстан тарихында қалады. Ал енді осы биржаның қажеттілігі неден туындап отыр деген сұраққа Республикалық қаржы орталығы төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейсов былай дейді:

«Бұның бәрі Қазақстанда бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін жасалып жатыр. Бүгін бірінші күн болса да 7 компания-эмитент өздерінің бағалы қағаздарын саудаға шығарып отыр. Ал брокерлік-дилерлік компаниялар үш компания болды. Өйткені, мемлекеттік тіркеуден өткен 19 компанияның осы үшеуі ғана сауда өткізуге дайын болып отыр. Басқалары лицензия алып жатыр және Қазақстан қор биржасы мүшелігіне кіріп жатыр. Сол үш компанияның екеуі бүгін өзара келісім-шартқа отырып, бағалы қағаздар сатып алып жатыр».

Демек, биржаның мақсаты - құнды қағаздар нарығын Қазақстанда дамыту.

«Тағы бір мақсат, - дейді Нұрпейісов мырза, - ол мына қарапайым көпшілік, бағалы қағаздар нарығында қалай жұмыс істеу керек екенін және бағалы қағаздар принциптеріне үйрету. Қазір ел ақшаларын тек үй сатып алуға, жер сатып алуға салып жатыр. Ал біз осы бағалы қағаздарды сатып алып, содан пайда көрсін деген мақсаттамыз».

Ал қазақстандық көпшілік құнды қағаздар тұрмақ, банктерге сенімі аумалы-төкпелі екені тағы белгілі.

«Осы жағдайда біздің алдымызда жұмыс көп. Рас, біздегі халық биржа не екенін білмейді. Құнды қағаздар не екенін білмейді. Сондықтан, біздің алдымызда халықты қаржылай сауаттылыққа үйрету бағытында қыруар шаруалар тұр. Біз, яғни қаржы орталығы, салық бақылау орталығы, осы мақсатта арнайы бағдарлама қабылдап отырмыз. Бір сала бойынша кітапшалар шығармақпыз, арнайы телебағдарламалар ашпақпыз, тіпті балалар бақшасынан қаржылық сауат ашу сабақтарын қолға алмақпыз», - дейді Республикалық қаржы орталығының баспасөз хатшысы Гүлмира Арбабаева.

Алматы өңірлік қаржы орталығының алдағы мақсаты жайлы орталықтың төраға орынбасары Дархан Нұрпейсов былай дейді:

«2007 жылы біз Қазақстан құнды қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту, ал 2008 жылы ТМД, Орта Азия елдеріндегі компаниялармен жұмыс істейміз деп ойлап отырмыз. Осы мемлекеттерден біздің қаржы орталығымызға инвесторлар мен брокерлер келеді деп ойлаймыз. Біз олардың келуі үшін көптеген шаралар – конференциялар, презентациялар өткізіп, келісім-шарттарға отырып жатырмыз. Ал 2009 жылы біз Қытай мен Парсы жағалауы мемлекеттерінен брокерлер мен инвесторларды өзімізге тартамыз деп ойлаймыз. Одан басқа біздер мынау Лондон, Франкфурт, Сингапур, Сеул қор биржаларымен де келісім-шарттарға отырып жатырмыз. Ол жұмыс тоқтамайды және біз өзіміздің отандық эмитенттер мен инвесторларды қор биржасына тартуды жалғастырмақпыз».

Қорыта келгенде, теледидардан күнделікті ауа райы мен доллар бағамын қарауға кейде ерінетін қазақи көпшілік алдағы уақытта биржадағы ахуалды күнделікті бақылап отыруға дағдыланбақ. Ал елдегі көпшіліктің жаппай қаржылай сауаттылық деңгейін ескерсек, оған қанша жыл керегін әзірге болжау қиын.
XS
SM
MD
LG