Accessibility links

Эстония ғаламда бірінші болып интернет арқылы жаңа парламент сайлауын өткізуде


Осы аптада Эстонияда парламент сайлауы өтуде. Бұны әдеттегі сайлау деп қарауға да болар еді, бірақ сайлаушылардың кейбірінің дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне баруының қажеті жоқ, ол үйінде отырып-ақ қалаған кандидатын таңдай алады. Демек, ғаламда бірінші болып, Балтық жағалауының бұл мемлекетінде интернет арқылы дауыс беру қолданылуда.

Эстондықтар көбіне стереотипті, әр нәрсеге бейтарап қарайтын салқынқанды жандар болып келеді. Бірақ, оларды асқан құмарлықпен өзіне тартатын бір нәрсе бар - ол интернет.

Эстониялықтардың басым көпшілігі банктегі есеп-шоттарын тексеруге, салықтарын, басқа да төлемдерін төлеу үшін негізінен интернетті пайдаланады.

Үлкен қалалармен қатар шағын ауылдарға дейін көпшілік интернет орындары жұмыс істейді. Көптеген кабинеттерде ресми жиындар дегеніңіз баяғыда-ақ қағазбастылықтан құтылған.

Технологияның осындай озық үлгілерін кең қолдануға өту - үкіметтің ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарларының бір бөлігі.

Міне осы себептерден де ғаламда алғашқы болып Эстонияның интернет арқылы парламент сайлауын өткізуді бастауы әбден негізді десек болады.

Эстония электронды ұлттық сайлау комиссиясының мүшесі Эпп Маатин былай деп түсіндіреді:

- Эстонияда сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары емес, ал екіншіден. мұнда интернет қызметтері өте кең тараған. Адамдар интернетті күн сайын емін-еркін пайдаланады. Міне, сондықтан да неліктен оны сайлау жүйесінде қолданбасқа деген ой туды және біздің парламент жарайды деп оған келісті, сөйтіп біз оны бастап кеттік.

Бұл жүйе алғаш рет 2005 жылы жергілікті сайлауда қолданылған болатын, сөйтіп ол Европа Кеңесінен марапаттауға ие болған. Бұл аптада ол ұлттық шеңберде жүзеге асырыла бастады.

Оның консепциясы өте қарапайым. Эстонияның әр азаматының жеке басын куәландыратын және оны компьютердің микрочипі оқи алатын куәлігі бар. Дауыс беру үшін әркім жергілікті билікте өзінің ПИН кодын жасатуы керек, содан кейін оны үйіңіздегі компьютердегі есептеу қондырғы-картаңызға тіркейсіз де, азаматтық борышыңызды орындай бересіз. Маатиннің айтуынша, есептеу қондырғысы 6-8 еуро ғана тұрады. Егер үйіңізде компьтеріңіз болмаса немесе интернетіңіз жоқ болса, сіз онда көпшілік интернет орындарына барып, дауыс бере аласыз.

Әрине, егер кімде-кім ескі жүйемен дауыс бергісі келсе, ол сайлау учаскесіне барып, бюллетендегі тізімдегі қалаған кандидатының тұсын белгілеп, даусын бере алады. Бұлайша кәдімгі тәсілмен дауыс беру үшін сайлау орындары 4 наурызда ашылады.

2005 жылы жергілікті сайлау барысында интернет әдісі қолданылғанына қарамастан, эстондардың көпшілігі әлі де сол бұрынғысынша дауыс беруді таңдаулары мүмкін.

Маатиннің айтуына қарағанда, интернет арқылы дауыс беру алыс аймақтарда тұратындар үшін әлдеқайда ыңғайлырақ болмақ.

«2005 жылғы сайлауда біздің байқауымызша, аралдарда тұратындардың көпшілігі электронды дауыс беруді қолданған, өйткені, аралдан сайлау учаскесіне барып жүргеннен гөрі жеңілірек. Сайлаушылардың даусын санаған кезде астана ретінде Таллинн алғашқы орында болды, дегенмен басқа да аймақтар қалыспады. Сонымен, бұл тек Таллиннде ғана байқалған оқиға болған жоқ».

Әзірге ұлттық сайлауда интернет жүйесін қолданған бірінші ел Эстония болып тұр. Швейцарияда жергілікті референдум кезінде кейбір округтарында интернет арқылы дауыс беруге рұхсат етілген-ді. Ендігі жерде интернет жүйесі арқылы дауыс беру Европаның басқа да елдерінде енгізілгенде, әрине, Эстония тәжірибесі халықаралық деңгейде қолданылатындығына күмән жоқ.
XS
SM
MD
LG