Accessibility links

Қазақстан басшысы парламенттің құзыретін кеңейтуге уәде еткенімен, билік тізгіні президенттің қолында қала беретіндігін қадап айтты


Сәрсенбі күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жария етті. Бұл жолғы жолдауда алдағы он жылда атқарылар міндеттер белгіленген. Жолдаудың негізгі басым бөлігі әлеуметтік салаға арналған. Жолдауға сәйкес, жыл сайын кезеңмен зейнеткерлердің зейнетақысы, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы және атаулы көмектер көбейіп отыратын болады. Ал саяси реформалар жөнінде басты жаңалық – президент Конституцияға өзгеріс енгізетіндігін және саяси партиялар тізімімен сайлаудың болатынын айтты. Дегенмен Жолдауды тыңдауға келген Қазақстанның демократиялық күштері «президент демократиялық қадамдарға әлі дайын еместігін көрсетті» деген баға беріп отыр.

Әдетте жыл сайын президенттің Жолдауы елдегі телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетілетін. Бұл жолы олай болған жоқ. Тіпті, Парламенттің бірлескен залына видеооператорлар да жіберілмеді. Ал президенттің Жолдауына келетін болсақ, демократиялық күштердің көптен күткен саяси реформалары жайында сөз болды. Алайда, президент ол реформалардың нақты қашан орындалатындығы жөнінде тіс жармады. Сонымен, президент Назарбаевтың сөздеріне жүгінетін болсақ, демократиялық реформалар екі бағытта жүреді екен. Оның біріншісі, Конституциядағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қажетті заңдар қабылдау. Екіншісі, қолданыстағы Конституцияға өзгеріс енгізу. Бұл орайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға нақпа-нақ, өте сақ өзгертулер енгізілетіндігін айтты. Оған бүгінде заңгерлер кірісіп те кетіпті.

Ал Конституцияға енгізілетін өзгерістер негізінен парламенттің құзыретін кеңейтуге байланысты болады екен. Президенттің сөзінше, бірінші парламентке Конституциялық Кеңестің, Орталық Сайлау комиссиясының және Есеп комитеті мүшелерінің құрамын құру мүмкіндігі берілетін болады және бюджеттің орындалуын бақылау да толығымен парламенттің құзыретінде болады. Сонымен бірге Үкіметтің құрамын да бекітуде парламенттің рөлі күшейетін көрінеді.

Ал саяси ұйымдарға келетін болсақ, Мемлекет басшысы парламенттегі партиялық фракциялардың құзыретін күшейту мен парламенттік орындарды иеленген саяси партияларды мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы қарастырылатындығын айтты. Сонымен бірге президент партия тізімімен парламенттік сайлау өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқандығын да тілге тиек етті.

Саяси реформаларға қатысты жоғарыдағы мәселелерді ғана сөз еткен президент заңдар орындалған мемлекетте ғана демократия орын алады деп, Қазақстан президенттік басқарудағы мемлекет болып қала беретіндігін баса айтты.

Президенттің жолдауын тыңдауға Алматыдан Астанаға арнайы ұшып келген демократиялық күштердің өкілі, социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай президенттің жолдауы демократиялық реформаларға биліктің әлі дайын еместігін көрсетті дейді:

– Президенттік билікті шектемей ешнәрсе де болмайды. Бүгінгі күні Үкіметті парламент тағайындайды дегенімен, ол парламентте бір партияның өктемдігі артып тұра беретін болса, Үкіметті бекіту президенттің қолында болатын болса бұл президенттің айтқанынан шықпайтын Үкімет болады. Жолдауда демократиялық өзгерістер жоқ. Саяси реформалар жүргізу бағытында қадамдар өте сақ, өте аз. Терең саяси реформаларға баруға президент Назарбаев әлі дайын емес екендігін көрсетті.

Ал жасылдар партиясын құрушы Мэлс Елеусізов болса, біз күткен ешнәрсе жоқ, осыған дейін айтылған сөздер дейді.

Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин «президент әрқашанда әдемі сөйлейді, бірақ соның іске асырылуына қоғам сенбейді» дейді.

– Жолдаудың бүгінгі мазмұны емес, келешектегі орындалуына күмәндімін. Ондай күмәнді тудыратын өмірдің өзі. Ал саяси реформаларға қатысты айтар болсақ, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің туы тігілгелі бері билікте отыр. Елді демократияландыру үшін 16 жыл күтіп қажеті жоқ еді. Бірақ, қазірдің өзінде істегені шамалы, - дейді С.Әбділдин.

Ал партиялық тізіммен парламент сайлауы биыл болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды Серікболсын Әбділдин.
XS
SM
MD
LG