Accessibility links

АҚШ ғалымдары орта ғасырдағы ислам суретшілері математиканы білген дейді


Түрлі елдердегі ежелгі мешіттердің қабырғаларындағы ою-өрнектерді зерттеген АҚШ-тың екі ғалымы ислам суретшілері жасаған пішіндер батыста қазіргі заманға дейін айқындалмаған математикалық тұжырымдамаларға негізделген дейді. Археологтар мен тарихшылар қалайша орта ғасырдағы суретшілер заттардың тепе-теңдік күйін сақтап өте күрделі оюларды сала алған деген мәселені талқылап келген болатын. Міне енді әлгі екі ғалым компьютерлік технология арқылы ол құпияның сырын ашқан сияқты.

АҚШ-тың Гарвард университетіндегі Питер Луды алғашқы рет Өзбекстанның Бухара қаласында орналасқан медреседегі ислам оюлары таң қалдырыпты.

Лу 10-бұрышты жұлдыздар салынған оюлардың әсемдігі мен техникалық күрделілігінен тамаша әсер алыпты. Физика бойынша студент-ғалым Лу неліктен бұл композиция оның эстетикалық сезіміне соншалықты әсер еткенін түсінгендей болыпты.

Математиктер күрделі математикалық формулалардың симметрия мен тепе-теңдік негізіндегі “әсемдігі” мен “көріктілігі” жөнінде жиі айтады. Адамдардың көбі осы идеяны сеніммен қабылдауы тиіс, себебі біз жоғары математиканы жеткілікті түрде біле бермейміз.

Бірақ, Ислам әлемі 5 ғасырдан астам уақыт бұрын геометрияның құпияларын біліп және сол арқылы осындай әдемі ою-өрнектерді жасаған болса ше?

Дәстүрлі Ислам өнер саласының даму сырларының көбі құпия ретінде қалып отырғаны белгілі. Алайда ғалым Лу медреседегі оюлардың, яғни геометриялық пішіндердің негізгі күрделі бөліктерін түсіне бастаған.

Лу кейін Иранның Исфахан қаласында орналасқан Дарб-и Имам мешітіндегі қақпаның үстінен де күрделі математикалық формулаға сәйкес келетін оюларды тауыпты. Сосын ол осы оюлар мен Бухарадағы медреседе көрген суреттерді салыстырып көрсе, олар геометриялық пішінді, яғни кристалды, еске түсірген екен.

Питер Лу “квазикристал” деген математикалық терминді ойлап тапқан танымал физика профессоры Пол Штейнхардтпен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Бұл екі ғалым компьютерлік технология арқылы Ислам өнер саласындағы квазикристалды пішіндерді зерттеген.

“Біз олардың осындай пішіндерді жасауға керекті болған элементтерді тапқандарын көрсеттік. Мысалы, Дарб-и Имам мешітіндегі оюлар”, - дейді профессор Штейнхардт.

Питер Лу “ең таңқаларлығы, батыс елдерінің математиктері квазикристалды геометриялық пішіндердің негіздерін соңғы 20-30 жылда тапқан” дейді.

Аталған екі ғалым өздерінің зерттеу жұмыстарының қорытындаларын ақпанның 27-і күні “Ғылым” деп аталатын журналда жариялады.

Питер Лу зерттеу барысында Иран, Ауғанстан, Ирақ, Түркия және Өзбекстан елдеріндегі ғимараттарды суретке түсірген, бірақ оған ең көп әсер қалдырғаны Өзбекстандағы ғимараттар болыпты.

“Архитектурасы тамаша. Бухара мен Самарқандтағы ғимараттардан көп әсер алдым, себебі Самарқанд Әмір Темір әулетінің астанасы болған. Ол ғимараттардағы күрделі оюлар шамамен сол кездері салынған”, - деді Лу.
XS
SM
MD
LG