Accessibility links

Қазақстан президентінің халыққа жолдауынан не күтуге болады?


Қазақстан президентінің биылғы халыққа жолдауындағы әлеуметтік мәселелер топтамасы сарапшылардың назарын аударып отыр. Мысалы, сәрсенбі күні "Азаттық" радиосының сауалдарына жауап берген саясаттанушылардың бірі Қазақстан әлеуметтік мәселелерді бағдар тұтатын мемлекетке айналуда десе, келесі бір сарапшылар Қазақстан президентінің жолдауын бірнеше жылға кешіккен жолдау деп бағалап отыр.

Қазақстан президентінің биылғы «Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан» атты халыққа жолдауына өте жоғарғы баға беріліп отырған президенттік «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов бұл жолдауда әлеуметтік мәселелерге үлкен мән берілгенін айтады.

«Бұрынғы жолдаулар жыл сайынғы жолдаулар болса, Ел басының биылғы жолдауы он жылды бағыттап отыр... Әлеуметтік салаға үлкен мән берілді. 108 миллиард теңге қосымша ақша бөлініп отыр. Мұның өзі бірталай әңгіме! Ел басы жолдаулары жыл сайын жүзеге асып жатыр, бұл да жүзеге асады деп сенемін»

Ал «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов болса, Қазақстан президентінің жолдауы бірнеше жылға кешігіп келген құжат деп бағалайды.

«Бұл жолдау - негізінен екі жылға кешігіп қалған қайталау. Себебі, демократиялық оппозиция ондай ұсыныстарды президенттік сайлау қарсаңындағы тұғырнамасында айтқан болатын. Осы екі жылда бюджетте профицит болғаны мәлім ғой. Олай болса, жолдауда айтылған игіліктерге ел ертерек екі жыл бұрын жетуіне болар еді! Бірақ, солардың бәрі енді ғана айтылып жатыр», - деді экономист Ораз Жандосов.

Ол жолдаудағы ұсыныстардың мақсаттары дұрыс, бірақ олардың механизмдерінде кейбір кемшіліктер бар деп есептейді. Алайда, саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек керісінше, биылғы жолдауда былтырғы жылы жарияланған жолдауда сөз болған Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу стратегиясының жүзеге асу механизмдері нақты көрсетілді деген ойда.

«50-лікке ену не дегеннің әлеуметтік көрсеткіштері көрсетілген. Мысалы, зейнетақылардың, жәрдемақылардың көбеюі... Өркениетті елдерде «әлеуметтік мемлекет» деген ұғым бар. Соның Қазақстанда жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді. 50-лікке ену міндеттерінің бірі ретінде саяси реформалар көрсетілген. Парламент пен мәслихаттың өкілеттілігін кеңейту арқылы қоғамдағы саяси жүйенің элементтерінің рөлін арттыру нақтыланған», - дейді Ш.Әмірбек.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Серікбай Әлібаев Президент жолдауына сүйене отырып, жуық арада Қазақстанда шынайы саяси өзгерістер болады дегенге сенбейді:

«Мұның бәрі - бутафория! Қазір Қазақстанда саяси өзгерістер болмайды! Егер әділ сайлау өткізбей елімізді жаңарта алмаймыз деп, сайлау заңын, соған сәйкес Ата заңымызды өзгертсе, түсінер едім. БАҚ-ның жағдайы қандай?! Мысалы, бүгін президент жолдауы болғалы қашан, бірақ неге оны тікелей эфирде көре алмадық?! Яғни, өздерінің адамдары жолдаудың керекті жерлерін алып, халыққа көрсетеді. Сондықтан, мұның бәрі – халықты алдау, көзбояушылық жасау.

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Президент жолдауындағы халықаралық қатынастар мен интеграциялық мәселелер маңызды деп есептейді:

- Мен үшін жақыны – Қазақстанның Орталық Азия көлемінде белсенді қимыл жасауы. Өйткені, Орталық Азия елдері үшін бірлесе қимыл жасау, ынтымақтастық өте маңызды. Әйтпесе, қазіргі геосаяси жағдайда әрқайсымыз өз тәуелсіздігіміз бен бостандығымыздан айырылып қаламыз. Сондықтан, біз ынтымақты Орталық Азияға жол іздеуіміз керек.

Конституцияның 44-бабына сәйкес, президент жыл сайын Қазақстан халқына елдегі ахуал және республиканың ішкі және сыртқы саясатындағы басты бағыттар туралы жолдау арнайды. Мемлекет басшысының былтырғы жолдауы Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу стратегиясына арналды. Ал 2005-жылғы жолдау "Қазақстан қарқынды экономикалық, әлеуметтік және саяси модернизациялау жолында" деп аталған болатын.
XS
SM
MD
LG