Accessibility links

Алматыда Есірткіге бақылау жасау жөніндегі халықаралық комитеттің 2006-шы жылғы баяндамасының таныстырылымы өтті


Есірткі заттарын бақылау жөніндегі Халықаралық комитеттің 2006-жылғы баяндамасын таныстырған БҰҰ-ның Орталық Азия аймағы бойынша есірткіге қарсы күрес басқармасының кеңесшісі Тофик Муршудли мырза, баяндамада әлем елдерінің арасында есірткі заттарының негізгі ошағына айналған Ауғанстандағы есірткіге бақылау жасау жағдайының соңғы жылдары тым нашарлап кеткендігі айтылғанын жеткізді.

Есірткіге бақылау жасау жөніндегі халықаралық комитеті 2006-шы жылы Ауғанстанда заңсыз жолмен өсірілген апиын есірткісі ең жоғары деңгейге жеткеніне өз алаңдаушылығын білдіріпті. Бүгінгі күні Ауғанстанда есірткі заттарын пайдаланатын адамдар саны 1 миллион шамасында, ал оның 60 мыңдайын жасөспірім балалар құрайды екен. Халықаралық комитеттің баяндамасында айтылғанындай, өткен жылы Ауғанстанда 6100 тонна апиын есірткісі өндірілген.

«Егерде 10 кг апиын шикізатынан 1 кг таза геройн есірткісі алынатындығын ескерсек, бұл шамасы 600 тонндан сәл астам геройн есірткісі болмақ», - дейді Т.Муршудли.

Ауғанстан есірткісінің сыртқа тарайтын бірнеше жолдары бар. Солардың бірі әрі маңыздысы солтүстік жол, яғни Ауғанстанмен бірге шекераласатын Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан арқылы Қазақстанға тарап, одан әрі Ресей және Батыс елдеріне баратын жол. БҰҰ-ның Есірткіге қарсы күрес басқармасының кеңесшісі Тофик Муршудлидің айтуынша, Ауғанстаннан сыртқа тарайтын жалпы есірткінің 20 проценттейі осы солтүстік жолы арқылы, яғни Орталық Азия мемлекеттері арқылы тарайды екен. Жылына осы жол арқылы жүздеген тонна геройн есірткісі тарайды дейді ол.

Өткен жылы шекарашылар, кеденшілер және ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамдары мен полицейлер Тәжікстанда 2 тоннадан астам геройн есірткісін тәркілеген болса, Қазақстанда жарты тонндан астам геройн есірткісін тәркіленген. Ал осы уақыт ішінде Өзбекстанда жарты тоннадай, ал Қырғызстанда 300 кг геройн есірткісі тәркіленген.

Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Анатолий Выборов Қазақстандағы есірткі жағдайын өте мүшкіл, ауыр жағдайда деп бағалайды.

Оның айтуынша, Ауғанстанның есірткісі транзит ел ретінде Қазақстан арқылы тасымалданған кезде бір бөлігі Қазақстанда қалып қояды екен.

Оған қоса Қазақстанда есірткіге тәуелді нашақор адамдардың саны жыл өткен сайын өсіп отыр. Бүгінде ресми тіркеуде тұрған есірткіге тәуелді адамдар саны 54 мыңдай деп айтылады.

«Алайда, бұның 4 мыңнан астамы жас жеткіншек балалар болса, тағы 5 мыңдайы әйелдер», - дейді Қазақстанның ішкі істер вице-министрі А.Выборов.

«Қазақстандағы есірткі жағдайын ушықтырып отырған тағы бір жайт - Қазақстанның өз ішіндегі оңтүстік аймақтағы Шу алқабында өсетін көкнәрдан алынатын марихуана, гашиш секілді есірткі заттарының елде кең таралуы, сондай-ақ Ресейден және Батыс елдерінен заңсыз әкелініп жатқан синтетикалық есірткі таблеткалары», - дейді ол.

«Қазақстанда есірткіге қарсы күрес бағдарламасы бар, осы мақсатта қаншама күрес жүргізілгенімен бұл өте қиын шаруа, сондықтан бір ел өзі ғана емес, бірнеше мемлекет болып, тіпті бүкіл аймақ болып осы есірткіге қарсы күресу тиімді, сондықтан кешікпей Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің есірткіге қарсы күресіне қажет ақпараттық үйлесіру орталығы құрылмақшы. Бұны БҰҰ-ның есірткіге қарсы күрес басқармасы қолдап, қаржыландырғалы отыр», - дейді Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Анатолий Выборов.
XS
SM
MD
LG