Accessibility links

Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов Қазақстанның мемлекеттік тілін түсінбейтін журналистердің Парламенттен хабар таратуына тиым салуға шақырды


Бейсенбі күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мұхтар Шаханов парламент қабырғасында хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қайта тіркеуден өткізу мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік тіл - қазақ тілін түсінбейтін журналистер заң шығару мекемесінде жұмыс істемеуі керек.

«Өйткені, орыс тілді ақпарат құралдары қазақ тілінде сөйлеген депутаттардың сөздерін түрін өзгертіп басқаша береді», – деді М.Шаханов.

Ал орыс тілді парламенттік тілшілердің бірқатары мұны кемсітушілік деп бағалап отыр. Мәжіліс депутаты Мұхтар Шахановтың қазақ тілін білмейтін парламенттік тілшілерге қатысты мәселе көтеруіне Конституциялық Кеңестің жақында мемлекеттік тілге қатысты қабылдаған шешімі негіз болған. Бір топ депутат осыдан бірнеше ай бұрын Конституциялық Кеңеске Қазақстанда қанша мемлекеттік тіл бар деген сауал жіберген болатын. Өйткені, Конституцияда «ресми тіл – орыс тілі мемлекеттік тіл – қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем бар. Конституциялық Кеңес Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі, негізгі басымдық қазақ тіліне берілуі керек шешім шығарған болатын. Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары Конституциялық Кеңестің шешімін бұрмалап, қазақ тілімен орыс тілі қатар қолданылады деп берді, дейді. Сондықтан да Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов парламенттік тілшілерді қайта тіркеуден өткізіп, Парламентке тек қазақ тілін түсінетін журналистерді ғана тіркеуі керек деді:

– Республикада орыс тіліне үлкен құрметпен қараймыз. Күні бүгінге дейін бұған қарсы дауыс көтерген бірде-бір депутат болған жоқ. Бірақ, мемлекеттік тіл белгілі бір деңгейде салтанат құруы керек. Кейбір журналистер мемлекеттік тілді менсінбейді. Тек орысша сөйлеген депутаттарды ғана көрсетеді. Парламенттік журналистер екі тілде бірдей түсінетін болуы керек.

Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов көтерген жоғарыдағы мәселесін республикалық «Панорама» газетінің парламенттегі тілшісі Ирина Севостянова кемсітушілік деп бағалап отыр. Оның сөздеріне қарағанда, Қазақстанда орыс тілді ақпарат құралдары қазақ тілді ақпарат құралдарынан бірнеше есеге көп.

«Мысалы, орыс тілді журналист, орыс тілді басылымның өкілі маған қазақ тілінде сөйлеген депутаттардың сөздерінен цитата алып беру өте қиын. Ал аудармаға келетін болсақ, парламенттегі аударма жұмысының сапасы өте төмен», – дейді «Панорама» газетінің тілшісі Ирина Севостянова.

Ал 31-телеарнадағы «Информбюро» қазақ қызметінің тілшісі Мәди Манатбек Шахановтың көтеріп отырған мәселесін толық қолдайтындығын жеткізді:

– Мұхтар Шаханов осылай-осылай баса берсем қазақ тілі мойындалады деп отыр. Парламентте тіркелген журналистерді қайта тіркеу мәселесін көтергеннен кейін БАҚ өкілдерінің басшылары ойлана бастайды. Журналист болғаннан кейін, халыққа ақпарат тарататын болғаннан кейін екі тілде де түсінуі керек. Ал бізде қазақ тілді журналистер ғана екі тілде жақсы түсінеді де, орыс тілді журналистер қазақ тілін түсінбейді.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы әріптесі Мұхтар Шахановтың сөздерінде негіз барын айтады:

– Көптеген қазақ тілін білмейтін журналистер түсінбегеннен кейін басқа біреулердің бұрмалаған аудармаларының жетегінде кетеді де, көп сөздерді біздің ойымызды бұрмалап береді. Шын мәнінде, Парламентте мемлекеттік тілді білетін адамның жүруі орынды.

Ал керісінше, Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов кезінде Абайдың өзі орыс тілін біліңдер деп айтқан деп, Мұхтар Шахановтың ойларымен толық келіспейтіндігін білдірді:

– Мен қарсымын! Шахановтың көтеріп отырғаны дұрыс емес. Парламенттің ішінде әрбір журналист екі тілде сөйлеуге міндетті. Оның құқығы бар. Адамның құқығын бұзуға болмайды.

Алайда Амангелді Айталы Абай қазақ жерін, ұлтын қорғап қалу үшін өзге тілді білу керек деп айтқан дейді:

– Ұлттық бәсекелестік туралы, тілдік бәсекелестік туралы бірінші айтқан - Абай. Абай қазақ белгілі бір деңгейде ұлттық мәртебесі жоғары болуы үшін орыс тілін білуі керек, себебі біз орыс тілінің қол астындамыз. Орысқа жем болмауымыз үшін, орыспен тең болуымыз үшін орыс тілін білуіміз керек деді. Егер де біз Германияның, немістердің отаршылдығында болсақ Абай неміс тілін біліңдер дер еді ұлт үшін. Егер ағылшындардың отаршылдығында болсақ, Абай ағылшын тілін біліңдер дер еді.
XS
SM
MD
LG