Accessibility links

Қазақстанда азаматтарды қауіпсіз қанмен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бағдарлама қабылданбақшы


Қазақстанда азаматтарды қауіпсіз қанмен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бағдарлама қабылданбақшы. Бұл туралы Алматыда 28-ақпан күні мәлімдеген Қазақстанның мемлекеттік басты санитарлық дәрігері Анатолий Белоног осы бағдарламаға сәйкес алдағы уақытта Қазақстанда жаңа қан құю орталықтары мен қан және оның компоненттерін қайта өңдеу кәсіпорындарының салынуы да мүмкін екендігін айтты. Жақында қабылданатын бағдарламаға шамамен 63 миллиард теңге қаржы бөлінбекші деді ол.

Қазақстанның мемлекеттік басты санитарлық дәрігері Анатолий Белоногтың айтуынша, қан құю қызметі мәселесі Шымкенттегі оқиғадан кейін денсаулық министрлігінің назарындағы негізгі жұмысқа айналған. Осы оқиғаның артынша жер-жерлерде шұғыл қолға алынған шаралар енді министрлікте қабылданатын арнайы бағдарламамен бекітіледі дейді ол.

- Бұл бағдарламаны біз қазір пысықтау үстіндеміз. Шымкенттегі оқиғадан кейін біз қан құю орталықтарына басқаша қарай бастадық. Егер бұрын медицина саласын, оның ішінде қан құю орталықтарын да қаржыландыру мардымсыз болып келсе, енді жағдай түзелетін болады. Бұл жаңа бағдарлама бойынша 100 шақты маман шетелдерден өз біліктілігін жетілдіріп келмек. Мұнан бөлек әртүрлі тренингтер мен семинарлар өткізу үшін шетелдерден мамандар да тартпақпыз және біздің елімізге қаржылай халықаралық көмек те көрсетіледі, - дейді Анатолий Белоног.

Ал Қызылорда облыстық СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Асылбек Тоғызбаев қолға алынып жатқан шараларға қарамастан, соңғы кездері Қызылорда өңірінде ВИЧ дертін жұқтырғандар санының өскеніне өзінің алаңдайтындығын жеткізді.

- Егер 2005 жылға дейін жылына ВИЧ дертін 1-2 адам жұқтырып келсе, 2005 жылы 6, 2006 жылы 8 жұқтырған жандар тіркелген. Мінеки, 2007 жыл басталмай жатып 2 адам тіркеліп отыр. Бұл - індеттің әлі де қарқын алып, халықтың арасында тарап келе жатқанын көрсетеді, - дейді Асылбек Тоғызбаев.

Ал Республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекировтың айтуынша, Қазақстанда қазір қан құю қызметтері өздерінің міндеттерін, әсіресе, мамандардың жетіспеуіне байланысты дұрыс атқара алмай келеді.

- Қазақстанда қан орталықтары тек 67 пайызға ғана мамандармен қамтылған. Мамандар дайындау ісі де қатты ақсап жатыр. Мысалы, медициналық оқу орындарын бітірген студенттердің ешбірі қан құю орталықтарының қалай жұмыс істейтінін білмейді. Өйткені, бұл нәрсе институттарда оқытылмайды. Онан кейін біздің орталықтарға кім келеді? Кәсіби біліктілікті көтеру мәселесі мен шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу ісі де жолға қойылмаған. Бұған бірде-бір қан құю орталығы дүниежүзілік стандартқа сай емес екенін де қосып қойыңыз. Лабораториялық зерттеулердің сапасын бақылайтын жүйе де жоқ. Ал медициналық орталықтардың көпшілігінде иммуногемотологиялық зерттеулер әлгі күнге дейін ескірген тәсілдермен жүргізіледі. Қан құю орталықтарының компьютерлермен толыққанды қамтамасыз етілмеуі мен ортақ ақпарат кеңістігінің болмауы да жұмысқа өз кедергісін келтіруде, - дейді Дилявер Бекиров.

Мұнан бөлек Дилявер Бекиров Қазақстанда соңғы кездері донорлардың да күрт азайып кеткенін айтты.

- 2006 жылы Қазақстанда донорлардың саны 2 есеге азайып кеткен. Мұны адамдардың арасында қан беруге деген қорқыныштың бар екендігімен түсіндіруге болады. Ал донорлардың адам өмірін сақтап қалудағы рөлі орасан. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2005 жылы жариялаған мәліметтерінде, жыл сайын босану үстінде қайтыс болатын 500 мың әйелдің әрбір төртіншісі қанның көп кетуінен көз жұматындығы көрсетілген. Сондықтан бізде донорларды көптеп тартудың жолдары қарастырылуы керек, - дейді Дилявер Бекиров.
XS
SM
MD
LG