Accessibility links

Алматыда шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшіп-қонуының бүгінгі жағдайы талқыланды

  • Досан БАЙМОЛДА

Конференцияны ашып, сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі 15 жылда Қазақстанға жарты миллиондай қазақтың квота бойынша көшіп келгенін, ал квотадан тыс өз еркімен көшіп келген қазақтарды бұған қосса, осы уақыт ішінде бір миллиондай қазақтың атажұртына көшіп келгенін айтты.

Бүгінде Қазақстанда осы көші-қон мәселесі ең өзекті мәселердің біріне айналғанын айтқан ол осы бірер жылдың ішінде республикалық деңгейде ішкі және сыртқы көші-қонға қатысты бірнеше мәрте үлкен жиындардың болғанын сондай ақ қәзір үкімет ұзақ мерзімге арналған көші-қон тұжырымдамасын дайындап жатқанын ал парламент болса ‘Халықтың көші-қоны туралы‘ заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде талқылап жатқанын жеткізді.

Көші-қон мәселесіне әсіресе шетелден көшіп келетін қазақтар мәселесіне бұрынғыдай үйреншікті, немқұрайлы жағдаймен қарайтын уақыттың өткенін еске салған Т.Мамашев алдағы уақытта бұл мәселеге ерекше мән беріп, шешімді істердің істелуі керектігіне тоқталды. «Оралман» қазақтар деген сөз тіркесінің дұрыс еместігін алға тартқан ол бұның орнына ‘қандас‘ не ‘елдес‘ деген секілді сөздерді қолданса деген ұсынысын жасады. Т.Мамашевтің айтуынша, «Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден, Түркиядан тағы басқа елдерден көшіп келген қазақтар арасында небір дарынды, талантты қазақтар баршылық».

Қазақстанның Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, соңғы 3 жыл бойы Қазақстан жыл сайын шетелден 15 мың қазақ отбасын квота бойынша көшіріп алу жұмысын жүргізіп келеді. Бұл квотаның үштен екісі Өзбекстан қазақтарына беріліп отыр. Алдағы уақытта шетелден көшіп келетін қазақтарға арнап Қазақстанның бірқатар аймақтарында оралман қазақтарды бейімдеу орталықтары салынбақшы. Ең алдыңғысы Маңғыстау облысында кешікпей салынғалы отыр деді Ж.Әбдиев.

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ үкімет Қазақстанға көшіп келген қазақтар жағдайына ерекше қамқорлық көрсете отырып, сол шетелде қалып қойған сонда тіршілік етіп жатқан қазақтарға рухани жағынан көмектесуі керек, бұл Қазақстанның борышы, парызы болмақ деді.

Ал «Азаматтық қоғам» қорының төрағасы Ғалымжан Жақиянов Қазақстан үкіметі Астанаға ірі құрылыс, сарайларды салуға қаржы тауып отырып, шетелде атажұртын аңсап жүрген қазақтарды көшіріп алуға жеткілікті қаржы таппай отырмыз деп ауыздарын қу шөппен сүртуі - бұл үлкен ұят іс, бұл қай қазақтың болсын намысына тиетін жағдай деді.

Қытайдан көшіп келген, журналист Жәди Шәкенұлы Қытайдағы қазақтардың хал-жағдайының жыл өткен сайын ауырлап бара жатқандығын айта келе, осы қазақтарды көшіріп алуға Қазақстан үкіметі күш салмай отыр, квотаның көбін шекарасы ашық Өзбекстан қазақтарына бөліп отырғандығы әділетсіздік денгенді айтты. Ал Моңғолиядан көшіп келген Досай Әділхан Қазақстан үкіметі көші-қон саясатын қайта қараса өйткені көршілес Ресейден бұл мәселеде өнеге ретінде үйренетіні көп болыр тұр жалпысы шеттен қазақтарды квота арқылы көшіру дегенді тоқтату керек, олардан ақшаны аямаса кейін солардың ұрпағы осы ел үшін оның болашағы мен қауіпсіздігі үшін терін де төгеді, керек болса қанын да береді деді.

Конференцияға қатысушылар тарапынан көші-қонға қатысты айтылған ұсыныс-пікірлер топтамасы Қазақстан президентіне, парламентіне және Қазақстан үкіметіне жіберілетін болды.
XS
SM
MD
LG