Accessibility links

Астанада 150-ден астам жер үй иелері қала әкімін сотқа бермек


Астана қаласының іргесіндегі Өндіріс және Кирпичный кенттерінің шетінен үй салған 150-ден астам жер үй иелері Астана әкімін сотқа береміз деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы олар Астанада 2 наурызда баспасөз мәжілісінде хабарлады. Олар Астана әкімі А.Мәмин «бұл үйлер әзірге ығыстырылмайды, басқа жерлерге көшіріледі немесе өтемақы беріледі» деп, бұған дейін өзі берген уәдесінен айнып отыр деп кінә артады. Ал, соттан келген қағазда жазылғандай, біздің үйлер ығыстырылады дейді тұрғындар. Астана әкімшілігі өкілдері болса, сотқа шағым жазылатынын естіп баспасөз мәжілісіне келді.

Астана іргесіндегі Өндіріс және Кирпичный кенттерінің шетінен үй салған 150-ден астам жер үй иелеріне үйлерің заңсыз салынған деген айып тағылған. Кейін бұл үйлердің заңсыз салынғандығы сотта шешілді. Тұрғындардың айтуынша оларды Астана әкімшілігімен байланысы бар адам алдап жалған құжат сатып кеткен. Сотқа бізді шақырмады да, дейді тұрғындар. Сондықтан үйлерді тастамаймыз, дейді тұрғындардың бірі Шәмшіқамар Тілеубердинова:

- Бізге босатыңдар дейді. Біз оңайлықпен босата қоймаймыз ғой.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда оларға 2005 жылы бір әйел адам келіп Астананың шетіндегі бос жатқан жерді көрсетеді. Осы жерге мен сіздерге азғантай ақшаға құжат алып беремін, үйлеріңді сала беріңдер деген уәде берген. Ал, жалған құжатқа неге сендіңіз деген сауалға тұрғындар оның қолында осы жердің топографиялық суреттері болғанын алға тартады. Ал, ондай құжатты тек жер ресурстары комитетінен алуға болады дейді үй салғандардың белсендісі Гүлмира Сәрсенбаева:

- Сәулет басқармасына барғанда бұл жер бос, сала беріңдер, мұнда зауыт та, ештеме салынбайды, тек 5 жылдан кейін үй салынады деген. Енді биыл әкімшілік бизнесменге сатамыз, әйтеміз-бүйтеміз деп екі сөйлеп тұр.

Осы тұрғындарға заңгерлердің қызметін ұсынып отырған «Жер тағдыры» қозғалысының өкілдері болса, Қазақстан конституциясында әрбір Қазақстан тұрғынына жер тегін берілу керек деген бапты алға тартып отыр. «Жер тағдыры» қоғамының хатшысы Хамзи Аймурзин бұл пікірін былайша түсіндіреді:

- Жер кодексінің 50-інші бабында әр адамға жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жер тегін берілсін деп жазылған. Ал бұлар мәслихаттың шешімі былай деп сатып жатыр.

Кейін тұрғындарға жалған құжат сатқан әлгі әйел ұсталып, сотқа тартылып, алаяқ деп танылған. Бірақ, рақымшылық заңына сәйкес, ол сот залынан бостандыққа шықты. Ал, Астана әкімшілігі заңгерлері заңсыз үй салғандардың үйлері ығыстырылу керек және оған кеткен шығынды тұрғындар өздері төлеу керек деген. Ал, Астана қаласының Сарыарқа ауданының әкімі Сапар Ахметовтың айтуынша, осыған қарамастан тұрғындар мәселесі кедергісіз шешіледі:

- Сот тарапынан беріліп жатқан ескертулер және келешектегі соған байланысты жағдай бойынша біз қала әкімінің атынан осында келіп отырмыз. Әкімнің айтқан сөзі өз заңды түрінде қалады. Сол жерлерге мекемелер қарастырылып жатыр. Солардың күшімен осы тұрғындардың шығарған шығынын өтеп, басқа жерге көшіру мәселесі қаралатын болады.

Астана іргесіндегі Өндіріс және Кирпичный кенттерінің шетінен үй салған 150-ден астам жер үй иелерінің белсендісі Гүлмира Сәрсенбаеваның айтуынша, олар кезекті рет әкімшілік уәдесіне сеніп көреді:

- Әкімнің өзі Ахметов айтты ғой, 3 күн күтеміз соны. Егер, қағаз жүзінде жауап болмаса, сонда қолданамыз. Келесі аптада қала әкімі Мәминнің өзі инвестормен келеміз деп уәде берген. Соны тосамыз. Айғай-шусыз шешсе екен деп тілейміз.

Бірақ, тұрғындардың айтуынша, сот пен әкімшілік - биліктің әртүрлі екі тармағы, сондықтан соттың шешімін өзгерту қиын болады дейді олар. Ал, Астана қаласының Сарыарқа ауданының әкімі Сапар Ахметовтың айтуынша, сотпен де келіссөз жүргізуге болады:

- Сот мәселесі биліктің басқа тармағы. Олар өздерінің жұмыстарын жасап жатыр. Бірақ, біз қалалық әкімшілік сот әкімшілігіне хат жазып, мәселені шешкенше үйді бұзу немесе күшпен көшіруді тоқтатуды сұраймыз.

Ал, тұрғындар болса мәселе біздің пайдамызға шешіледі деп үміттенеді. «Біз үкімет қаулысына сенеміз» дейді олар.

2006 жылғы 1-тамызда үкіметтің №726-ыншы қаулысында айтылғандай, Қазақстан азаматтарына жеке құрылысықа тегін берілетін жер телімдерінің аумағы бір гектардың жүзден 10 бөлігін құрауға тиіс. Бірақ, осы құжатта жазылғандай, жер бөлу мәселесін жергілікті әкімшіліктер шешеді.
XS
SM
MD
LG