Accessibility links

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданғанына 15 жыл


Бүгін, 2-наурыз күні, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданғанына 15 жыл толды. Саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан осы аралықта халықаралық қауымдастыққа өзінің беделін танытып үлгерген. Біреулері, мұндай беделге Қазақстан экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығы арқасында жетті десе, енді біреулері, Қазақстан өзінің табиғи байлығы арқасында ғана әлемге әйгілі болып отыр дейді.

Парламент мәжілісінің халықаралық байланыстыр және қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы, депутат Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына кірген 15 жыл ішінде әжептеуір жетістіктерге жетіп, дүние жүзінде үздік елдердің бірі ретінде танылған. Мұның бәрі экономикалық даму мен толерантты саясаттың арқасында мүмкін болды дейді ол.

- Сол 15 жылдың ішінде біздің экономикамыз алға басып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, әлем бізге қызығушылық танытты. Еліміз экономикасының мұндай даму екпіні дүние жүзіндегі үздік көрсеткіштердің біріне айналды. Елімізде тыныштық сақтай білдік. Біріккен Ұлттар Ұйымы ішіндегі елдермен тереземіз тең болып, Еуразиядағы әр түрлі ұйымдардың бастамашысы болдық, - дейді Парламент мәжілісінің депутаты.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымынында өзін ұлтаралық, дінаралық татулық орнап, экономикасы дамыған мемлекет ретінде танытып жүргенімен, әлемде Қазақстан жайындағы ақпарат әлі де бұлыңғыр дейді.

- Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Қазақстан ядролық қарудан өз бетімен бас тартқан мемлекет ретінде танымал. Және Қазақстан өзін үнемі әр түрлі халықаралық бастамаларды көтеріп жүретін мемлекет ретінде де танытып келеді. Алайда біздің мемлекет туралы ақпарат жұрт аузында әлі де толық емес, әрі қарама-қайшылыққа толы. Сондықтан, дүние жүзінде әр аудитория Қазақстанды әртүрлі қабылдайды, - дейді Досым Сәтбаев.

Ал жазушы Смагұл Елубай Қазақстан аздаған жылдың ішінде әлемге тез танылып, жақсы бедел жинап үлгергенімен, мұның бәрі кездейсоқ жағдайларға байланысты болып отыр деген пікір айтады.

- Ең біріншіден, бұл Қазақстанның минералды байлықтарының молдығы арқасында. Мұндай табиғи байлыққа ие ел әлемде сирек. Екіншіден, Орталық Азияға әлемнің назары түсіп отыр. Ол аймақтағы тұрақсыздыққа байланысты. Мұнда әрі ортағасырлық тирания мен 20 ғасырдың үлгісінде деспотизм құрған мемлекеттер бар. Ауғанстанның жағдайы жұртқа онсыз да белгілі, - дейді Смагұл Елубай.

Ал тарих ғылымының докторы, профессор Кеңес Қожахметов Қазақстанның 15 жыл ішінде ұйым аясындағы елдермен жақсы байланыс орната алғанын айтады.

- Жалпы, бізде осы аралықта Біріккен Ұлттар Ұйымы елдерімен ешбір қайшылық болған емес. Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан сияқты елдермен қатынасымыз дұрыс жолға қойылған. Меніңше, енді мемлекетіміз көршілес Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты арттыру керек, - дейді ол.

Сондай-ақ Кеңес Қожахметов Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың да күні туғанын айта кетеді.

- Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына дұрыс қараймын. Бірақ әлемде өзгерістер болып жатыр. Ал ұйымның Жарғысы 1945 жылы бекітіліп, ол қазір өзгерістер енгізуді қажет етіп отыр. Бұл әлем елдерінің тілегі. Дүние жүзінде 200-дей мемлекет бар және олардың рөлі жыл сайын артып келеді. Сондықтан, оларды Қауіпсіздік Кеңесі жұмысына араластырмай, халықаралық қатынастардағы көптеген мәселелер шешілмейді, - дейді Кеңес Қожахметов.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы 24 қазанда құрылып, қазір 192 елді біріктіріп отырған әлемдегі ең ірі халықаралық ұйым. Ал ұйымның қазіргі бас хатшысы ұлты корей Пан Ги Мун өз қызметіне 2007 жылдың басында ғана кіріскен болатын.
XS
SM
MD
LG