Accessibility links

Парламентте «Ақиқат» депутаттық тобы құрылды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Парламентте Мәжіліс депутаты Болат Әбішовтің бастамасымен жаңадан «Ақиқат» тобы құрылды. Бұл топқа парламент мінберінде ойларын ашық айтып жүрген Тоқтар Әубәкіров, Амангелді Айталы, Амалбек Тшанов, Рауан Шаекин секілді депутаттар кіріп отыр. Көбінесе ешқандай партияға да, топтарға да кірмейтін депутаттардың бұлайша бірігіп жатқанына не себеп?

Мәжіліс депутаты Болат Әбішов ешқандай партияға мүше емес және осыған дейін парламенттегі ешқандай депутаттық топтарға қосылмаған екен. Енді ол белсенді депутаттардың басын қосып, «Ақиқат» деген депутаттық топ құрып отыр. Оның себебін Мәжіліс депутаты Болат Әбішов былайша түсіндіреді:

– Жасалынып жатқан кейбір жұмыстардан көңіл толмағандықтан, кейбір ойларымызды, ұсыныстарымызды өткізе алмаймыз. Сондықтан аталған депутатар бірігіп, бірлесіп құрдық. Біз тек ғана заңдарды әзірлеуде емес, ертең парламентке бақылау функциясы берілсе, бірлесіп соны тексеруге шығамыз.

Болат Әбішов сонымен бірге қазақ тілін дамыту, монополияға қарсы заңнаманы әзірлер, кіші және орта кәсіпкерлікті қолдау басты міндетіміз деп санап, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынасты да дамытамыз дейді. Алайда ол мынадай жайды назарға салғысы келеді:

– Біз саяси мәселелерді жалаулатып көтеруден аулақпыз.

Болат Әбішов құрып отырған «Ақиқат» тобының құрамына ешқандай партияға мүше емес Тоқтар Әубәкіров, Рауан Шаекин, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы сынды азаматтар мен «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтер бар. Ал Тито Сыздықов «НұрОтан» партиясының мүшесі. Бірақ ол парламент мінберінде Үкіметке қарсы ойларын білдіріп жүрген депутаттардың бірі. Тито Сыздықов танымал тұлғалармен бірігіп күш жұмылдырсақ ісіміз нәтижелі болмақ дейді:

– Мен негізінен екі-үш топқа кіремін. Бірақ көбіне бармаймын. Өйткені жұмыстары нәтижелі емес. Ал мұнда мықты-мықты тұлғалар, ұлттық намысы бар азаматтар жиналған. Өздері активтік позициямен халыққа белгілі, көрінген азаматтар. Кейбіреулер ойланып қалды,бұлар неге бірігіп жатыр деп. Бірігу мына заң жағынан олқылықтар кетіп жатыр.

Ал халықтық Коммунистік партияның мүшесі Ерасыл Әбілқасымовты «Ақиқатқа» мүше болған депутаттар құрамдарына алғылары келмеген көрінеді. Ерасыл Әбілқасымовтың өзі сұранып отырған жоқпын дейді:

– «Ақиқаттың» ішіне мен кіргенім жоқ. Өйткені шынын айтқанда барлығы бұл Коммунист ертең не шығарады деп. Байқасаңыз мені билік те өзіне шақырмайды, анау «Ақиқатқа» барғаным жоқ. Мен оны неғыламын? Өзімнің басында ақиқаттық бар.

Парламентте «Еңбек», «Даму», «Аймақ» сынды депутаттық топтар бар. Олардың ішінде бүгінде Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Аймақ» тобы ғана тұрақты жұмыс істейді. Енді «Аймаққа» «Ақиқат» басты бәсеке болмақ.
XS
SM
MD
LG