Accessibility links

Бүкіл әлемде журналист әйелдерге деген қысым күшейе түсті


Бұқаралық ақпарат құралдарының құқын қорғайтын “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы 8-інші наурыз - Халықаралық әйелдер күнін журналист әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың күшейе түсуіне жұрттың назар аударту мақсатымен атап өтеді. Штаб-пәтері Парижде орналасқан осы халықаралық ұйымның мәлімдеуінше, баспасөз құралдарында жұмыс істейтін әйелдер – кісі қолынан қаза болып, түрмеге жабылып, қуғын-сүргінге, түрлі қоқан-лоқылыққа, қорқыту-үркітуге душар болуда. Әсересе Ресей мен Орта Азия мемлекеттеріндегі және Иран мен Ирақтағы журналист әйелдер өте ауыр жағдайда жұмыс істеуде.

“Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымының мәлімдеуінше, баспасөз құралдарында жұмыс істейтін әйелдердің қаза болуы - өткен 2 жылда бұрын-соңды болмаған шегіне жетті. 2006-ншы жылы ғана қастандықтан көз жұмған 82 журналистің 9-ы әйел болатын. “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы әйелдердің және өз отандастарының сөз бостандығы құқын қорғау жолында өздерінің журналистік міндетінен тыс еңбек еткен журналист әйелдердің ерлігіне тағзым етіп, 8-інші наурыз күні Халықаралық әйелдер күнін атап өтеді. Парижден “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында осы ұйымның өкілі Жан-Франко Джиллард журналист әйелдердің басына төнген қауіп-қатердің неліктен өсе түскенін түсіндірді.

Ж.-Ф.ДЖИЛЛАРД: “Өзінің жұмыс орнында басына қатер төнген әйелдердің саны барған сайын өсіп келеді. Өйткені, әшкерелейтін ақпараттар көбейіп барады және әйелдер көптеген кісінің көңіл-күйіне кірбің түсіретін хабарларды көп беретін болды”.

“Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы Ресейдегі белгілі журналист әйел Анна Политковскаядан бастап таяуда ғана құрбан болған журналистерді тізіп келтіреді. А.Политковская – Мәскеудің Чешенстандағы саясатына қарсы шыққаны үшін болса керек, өткен жылы Мәскеуде оққа ұшып қаза болды. Оның ішінде, сондай-ақ, “Азаттық” Радиосының Түркіменстандағы тілшісі Огулсапар Мұрадова тағы бар. Ол өткен жылдың қыркүйегінде түрмеде отырған кезінде басына тиген ауыр соққыдан қаза тапқанға ұқсайды.

Огулсапар француз журналисінің Түркіменстан туралы деректі телефильм түсіруіне көмектескені үшін одан бірнеше ай бұрын тұтқындалды. Түркіменстандағы “Хельсинки қорының” жетекшісі Тәжігүл Бегмедова, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында, Огулсапар Мұрадоваға мынадай мінездеме берді:

Т.БЕГМЕДОВА: “Біздер, түркіменстандықтар үшін, ол бүкіл түркімен қоғамын құрсауда ұстап отырған қорқыныш сезімін аттап өтіп, адамның құқын қорғау жұмысымен шұғылдана бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарын жаппай қудалап жатқан кезде оның мұндай ержүрек қадамы, оның журналистикамен айналыса бастауы – оның елдегі ахуалға әсер етуге және Түркімен халқына азаматтық белсендік көрсету қажеттігін түсіндіруге деген саналы әрекеті болды”.

Ирақта бірқатар журналист әйел тұтқынға алынды, “Әл-Арабия” телекомпаниясының қызметкері Атуар Бахият сынды олардың кейбірі өлтірілді, ал кейбірі, оның ішінде “Сумария” телекомпаниясының қызметкері Рим Зейд сынды кейбірінен әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Өзбекстанда Умида Ниязова түрмеде отыр. 2005-інші жылы Әндіжандағы халық толқуын үкімет армиясының аяусыз басып-жаншуы кезінде қаза тапқан халықтың санын анықтамақ болған Умидаға 10 жылға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Иран – журналист әйелдердің жұмыс істеуі өте қиын басқа ел. “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы атынан Ирандағы ахуалды зерттеген Реза Мойни “Фарда” Радиосына берген сұхбатында былай деп мәлімдейді:

Р.МОЙНИ: “Өткен жылдың барысында Иранда бірнеше ирандық журналист әйел сотқа шақырылды, оларды қорқытып, түрмеге жапты. 4-інші наурыз күнгі шерудің барысында тұтқындалған 34 әйелдің арасында интернеттегі online және blog басылымдарының 20-дан асатын журналисі болды. Олардың ішінде ұзақ жылдардан бері Иран режимінің қысымы мен қудалауын көріп келе жатқан бірнеше қарт журналист әйел де болатын”.

“Blog” жүйесінің, Интернеттің жаңа сайты ретінде, адам құқының ахуалына ықпал ете бастағаны байқалады. “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы blog жүйесіне шыға білген әйелдерді “сөз еркіндігінің жаңа қорғаушылары” деп сипаттайды. Оны аталған халықаралық ұйымның өкілі Жан-Франко Джиллард былай деп түсіндіреді:

Ж.-Ф.ДЖИЛЛАРД: “Иран сияқты кейбір елде, мысалға, цензурадан жасырынып, ойын еркін білдіру үшін интернеттегі blog жүйесін пайдаланатын адамдардың қатары барған сайын өсіп барады. Иранда, сонымен қатар Сауда Арабиясында және Тунис тәрізді тағы басқа елде көптеген әйелдің blog парағы бар. Осылайша өзінің бостандығы мен өздерінің әйел болуға деген құқы туралы ой-пікірін еркін білдіру үшін интернеттен веб-сайттарын ашқан әйелдер барған сайын көбейіп келеді”.

Сонымен қатар “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымы баспасөз құралдарының еркіндігін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдарға жетекші болып отырған әйелдердің ерлігіне тәнті болады. Олардың ішінен Түркіменстандағы Тәжігүл Бегмедованы, Қазақстандағы Розлана Таукинаны, Беларуссиядағы Жанна Литвинаны және тағы басқаларды атайды.

Ал енді журналист әйелдерді ресми биліктің қудалауынан қалай құтқаруға болады? Жан-Франко Джиллардтың пікірінше, үкімет оларды қорғауға өзі шындап кірісуге тиіс.

Ж.-Ф.ДЖИЛЛАРД: “Талай елде журналист әйелдер полиция мен ресми биліктен өздерін қорғауды өтінеді, бірақ олар ешқандай жауап алмайды”.

Журналист әйелдердің қудалануы туралы “Шекараны білмейтін репортерлер” ұйымының баяндамасы – Халықаралық әйелдер күніне арналған ауқымды тақырыптың бір бөлігі ғана. Биыл бұл мереке - әйелдер мен қыз-балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтату проблемасына арналмақшы.
XS
SM
MD
LG