Accessibility links

Жоғалған банкирдің әйелі президенттің атына екінші мәрте жазған хатына жауап келмесе, ондағы жазылған деректерді жұртқа жаятынын ескертіп отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күні Алматыда «Нұрбанктың » бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтың әйелі Армангүл Қапашева жұбайының жоғалғанына бір айдан асса да, осы оқиғаға байланысты өзінің жазған арыз-шағымына құқық органдары әлі күнге дейін құлақ аспай келе жатқанын айтып, баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасады. Армангүлдің жақтаушысы Шынқуат Байжанов процессуалдық нормаларға сәйкес, шағым жазылғаннан кейін бір айдың ішінде осы шағым бойынша қылмыстық іс ашып, іздеу жариялауға немесе «қылмыстық іс ашуға негіз жоқ» деген жауап беруге міндетті құқық органдарының үн-түнсіз отыруын заң талаптарын бұзу деп бағалады. Алматы қаласының ішкі істер департаменті бұл мәлімдемеге қатысты әзірге ешқандай түсініктеме бермей отыр.

Биылғы жылғы 31-қаңтардан бері қайда екені белгісіз қалып отырған «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтың әйелі Армангүл Қапашева сәрсенбі күні Алматыда баспасөз өкілдерін арнайы жинап, мынадай мәлімдеме жасады:

«Бір айдан асты, күйеуім жоқ болғанына. Бұл оқиға бізге өте ауыр болып отыр. Осы уақытқа шейін милициядан да, құқық органдарынан да ешқандай мардымды, нәтижелі хабар ала алмай отырмын. Олар жұмыс жасап жатырмыз дейді, ал олардың жұмыстарының ешқандай нәтижелері көрінбейді. Сондықтан, осындай баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр болып отырмын».

Армангүлдің жақтаушысы Шынқуат Байжанов бұл іске байланысты құқық органдарының тірлігін заң талаптарына қайшы деп бағалап отыр.

«Армангүл күйеуінің жоғалғандығы туралы құқық органдарына шағым түсіргеніне бір айдан асты, яғни арыз иесіне қандай да бір жауап беруге заңмен белгіленген мерзім өтті. Осы уақытта олар нақты шешім қабылдап өз жауаптарын беруі керек еді. Алайда олар әлі үнсіз отыр. Бұл - Конституция талаптарын өрескел бұзушылық. Біз осы мәселеге қоғам назарын аударып, тиісті органдарға құлаққағыс етіп отырмыз».

Өткен ақпан айының басында Армангүл Қапашева өз жұбайы, «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларының бірі Жолдас Темірәлиев 31-қаңтар күні банктің жаңа басшыларымен кездесуге банкке кеткеннен қайтып үйіне оралмағаны жайында осыған дейін елдегі БАҚ өкілдерін хабардар еткен болатын. Армангүл «менің күйеуімді банк акционерлерінің бірі Рахат Әлиевтің адамдары белгісіз жерде ұстап отыр» деп мәлімдеп, күйеуіне араша түсуге жәрдем сұрап президент Н.Назарбаевтың атына жазған оның хаты интернетте жарияланған-ды.

Бұл хабар мен хаттың мазмұны жалпақ жұртқа тараған соң, ақпанның 5-іне қараған түні, түнгі сағат бір шамасында Армангүлге жұбайы Жолдас телефон шалып, өзінің қашып жүргенін айтады. Бұны да журналистерді тағы жинап өзі хабарлаған Армангүл күйеуінің айтқан сөзі шын екеніне шүбә келтіреді.

- Тәртіп сақшылары Жолдастың 6-шы ықшам ауданның бір ауласынан телефон шалғанын анықтаған. Ол жақта біздің ешқандай танысымыз да жоқ және ол жерді Жолдас білмейді де. Сонымен қатар, Жолдас сол күні Әбілмәжіннің де үйіне телефон шалып, Нәзирамен сөйлесіп, өзінің қашуға мәжбүр болғанын түсіндіріп көріпті. Ал оған дейінгі жай өмірде ол ешқашан Нәзирамен бұлай сөйлеспеген және ол неге Әбілмәжінмен емес, оның әйелімен сөйлеседі? Істің мән-жайын Әбілмәжін білуі керек еді ғой?! Қисынға салсақ, егер Жолдас сөйлессе, сонымен сөйлесуі керек еді. Демек, ол өз еркімен сөйлеспеген, оны телефон шалуға біреулер мәжбүрлеген. Тіпті, қаржы полициясы банктағы бақылау бейнекамераларының таспаларын әлі күнге тергеу-тексеру органдарына бермей отыр. Сол таспалардағы жазуларда Жолдастың банктан қашан, қалай шыққаны жазылған деп ойлаймын, - деген уәж айтты Армангүл Қапашева.

Ресми билік болса, әсіресе қаржы полициясы, «Нұрбанктың» бұрынғы басшыларына «жалған кәсіпкерлікпен айланысып, қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айып тағып отыр. Армангүлдің мына соңғы мәлімдемесі туралы ресми орындар әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Сонымен, қазір «Нұрбанктың» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғылымов тергеу астында абақтыда қамауда жатыр, ал Жолдас Темірәлиев пен банктың шаруашылық бөлімнің бұрынғы жетекшісі Айбар Хасеновтың қайда екені әлі күнге белгісіз. Сонымен қатар Армангүл ақпанның 28-күні президенттің атына қосымша тағы хат жазғанын айтады.

«Ол хатымда осы уақытқа дейін айтылмаған маған белгілі көптеген фактілер, фамилиялар бар. Солардың бәрін жаздым. Бірақ, ол хатымды әзірге жариялағам жоқ. Осы 8-наурыз мейрамы өткен соң жауап келіп қалар деп үміттенем. Ал егер жауап келмесе, онда хатымның қысқартылған нұсқасын көпшілікке жариялармын», - дейді Армангүл.

Бұл даулы оқиғаға қатысты аты аталған ел президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Венадағы елшісі Рахат Әлиев «Нұрбанктің» бұрынғы басшыларының әйелдері - Нәзира Базарбаева мен Армангүл Қапашеваны «ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп сотқа тартып, моральдық шығын ретінде олардың әрқайсысынан бір миллион теңге айыппұл өндіріп алуды талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG