Accessibility links

Женевада БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің арнайы мәжілісі басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Наурыздың 12-сі, дүйсенбі күні, Женева қаласындағы Ұлттар Сарайында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің төртінші мәжілісі өз жұмысын бастады. Бұған дейін осы сала бойынша жұмыс істеген БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комиссиясы өткен жылғы наурыз айының 15-і күні БҰҰ-ның бас ассемблеясында кеңес болып қайта құрылған болатын.

Кей тараптар Адам құқығы жөніндегі БҰҰ-ның бұрынғы комиссиясы тым саясатқа араласқыш, екібеткей жұмыс жүргізуді тәуір көреді деген сын айтып келген еді. Ал ол комиссияның Кеңеске өзгеруіне АҚШ өз қарсылығын білдірген болатын. Өткен аптада АҚШ кеңеске мүше ретінде қатыспайтындығын, тек қана бақылаушы мәртебесінде қала беретіндігін мәлімдеді. Бүгінде кеңес құрамында 47 мемлекет бар. Бұрынғы Кеңес одағы елдерінен Ресей, Украина және Әзірбайжан БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің құрамына кіреді.

Мәжілістің күн тәртібінде БҰҰ-ның адам құқығы жөнідегі бас комиссары Луиза Арбур әлем елдеріндегі адам құқығының қорғалуы, сақталуы мәселесіне арналған жылдық баяндамасы тыңдалады.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық сарапшылар осы жолы да шиеленісті жағдай тоқтамай отырған таяу шығыс мәселесіне және Суданның Дарфур аймағындағы жағдайды басты тақырыптың бірі ретінде талқыламақшы. Бұрынғы комиссия кезінде кейбір елдердегі адам құқығының жағдайын сол елдерден арыз-өтініш түсірген жекелеген азаматтар не топтардың қатысуымен өткізетін. Қазіргі кеңес бұл тәжірибені сол бойынша қалдыра ма, жоқ әлде оны өзгерте ме - ол жағы әзірге белгісіз қалып тұр.

Қазақстандағы адам құқығының мәселесі жөнінде қазақстандық сарапшылар бірауыздан бұл салада әлі де істелетін жұмыстардың аз еместігін алға тартады.

Саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім адам құқығын сақтау мәселесінде әлі де көптеген кемшіліктердің орын алып отырғандығы айтады.

«Осыған дейін біраз жұмыстардың істелгеніне қарамастан, азаматтардың құқықтары көп жағдайда шектеліп отыр. Бұндай шектеулер сайлау және баспасөз мәселесінде көрініс тауып келеді. Жалпы, сыбайлас жемқорлық, парақорлық жаппай орын алған елде азаматтардың құқықтары қорғалады деп айту өте қиын», - дейді ол.

Сондай-ақ Д.Көшім, Қазақстанда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жаңғырту мәселесі, жер мәселесі үлкен қиындықтар туғызып отыр деп санайды. Мұның бәрі азаматтардың құқықтарының шектелуіне апаруда дейді ол.

Қазақстандағы азаматтардың саяси құқықтары жөніндегі заңнамаларды қайта қарау керектігін, оны халықаралық талаптарға сай деңгейге жеткізу керектігін әлденеше рет көтерген Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис Қазақстанда азаматтардың саяси еркіндігіне шектеу жасау, оларды түрлі жазаға тарту ісі әлі тоқтамай отыр дейді.

Жовтистің айтуынша, егерде Қазақстан 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынытымақтастық ұйымына төрағалық еткісі келсе, онда елдегі демократия жағдайына және адам құқығының сақталуына бұдан да ерекше мән беріп, жұмыс жасауы керек болмақ.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің Женевадағы осы жолғы мәжілісі наурыздың 30-ына дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG