Accessibility links

Алматыда ұлтшыл-патриотшыл ұйымдар наурыздың 13-ін Қазақстан Республикасының ұлттық баспасөз күні деп жариялау жөнінде үндеу таратты

  • Досан БАЙМОЛДА

Наурыздың 12-сі күні, Қазақ даласында қазақ тілінде алғаш шыққан демократиялық бағыттағы тұңғыш ұлттық басылым – «Қазақ» газетінің шыққанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыда ұлтшыл-патриотшыл бағыттағы бірқатар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар бұл күнді ұлттық баспасөз күні деп жариялау жөнінде үндеу таратты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің деректану және тарих кафедрасының меңгерушісі, тарихшы-ғалым Қамбар Атабаев газеттің түпнұсқасы сақталмағанымен, 1907 жылдың наурыз айының 13-і күні алғашқы бейресми, ұлттық, демократиялық басылым - «Қазақ» газетінің жарық көргендігі нақты деректер арқылы толық дәлелденіп отырғандығын айтты. Оның айтуынша, газет бірінші санынан кейін жабылып қалған. Себебі, «Қазақ» газеті қазақ халқының тағдырына қатысты ұлт және жер мәселесін қазақ даласында алғаш рет көтерген газет болғаны үшін сол кездегі отаршылдық саясаттың құрбаны болып кеткен дейді ғалым.

Тарихшы Қамбар Атабаевтың айтуынша, «Қазақ» газеті туралы сол жылдары көбінесе қазақ халқына қарсы реакциялық мақалаларымен мәлім «Тургайские известия» газеті 1907-ші жылғы 12-ші санында ақпарат жариялапты. Онда патшалық Ресей саясатын сынаған, қазақ халқының ұлттық мүддесін жоқтаған бір газеттің жарық көргені туралы айтылыпты.

«Газет Орынборлық еврей саудагер Сосновскийдің қаржылай қолдауымен Иманбаев деген қазақтың басқаруыменг жарыққа шыққан, бұл газет қазақ халқын ұлт азаттығы үшін күреске шақырған қазақ тіліндегі алғашқы басылым болған», - дейді тарихшы-ғалым Қ.Атабаев.

Бұдан соң 1913-1918 жылдары Орынборда, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының басқаруымен «Қазақ» деген атпен қазақ халқының жоғын жоқтаған тағы бір газеттің шыққаны белгілі.

«Бұл екі газетті өз арасында бір-бірімен шатастыруға болмайды. Сондықтан, 1907-ші жылы наурыз айының 13-і күні жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің 100 жылдығына орай әр жылдың наурыз айының 13-і күнін ұлттық баспасөз күні деп жариялалау дұрыс», - дейді тарихшы-ғалым Қ.Атабаев.

Бұл пікірді халықаралық Абай қорының директоры Жұмабек Ашуұлы да қолдайды.

«Өмірі қысқа болса да ұлты үшін алғаш күрескен «Қазақ» газеті жарыққа шыққан наурыздың 13-ін ұлттық баспасөз күні ретінде жыл сайын атап өту жақсы дәстүр болмақ», - дейді ол.

Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы , Қазақстан президенті жанындағы БАҚ туралы қоғамдық кеңестің мүшесі Сейтқазы Матаев бұл мәселені тек парламент ғана шешеді дегенді айтады.

«Бұрын мамырдың 5-і Қазақстанда баспасөз күні деп аталып келсе, кейін ол өзгеріп, енді әр жылы маусымның 28-і баспасөз күні ретінде аталып өтіледі. Бұған да қарсы адамдар бар, бірақта бәрін парламент ғана шешеді», - дейді С.Матаев.

Республикалық «Ел болашығы» халықтық қозғалыстың төрағасы Бағдат Әріпов бұл мәселе бойынша парламенттің бірқатар депуттаттарымен өзінің кездесіп сөйлескенін, олардың тарапынан қолдау болатындығына өзінің сенімді екендігін айтады.

Қазақстандық ұлтшыл-патриотшыл ұйымдар мен қозғалыстар наурыздың 13-ін ұлттық баспасөз күні ретінде жариялау жөніндегі ұсынысын Қазақстан президентіне, парламентіне және үкіметіне жолдағалы отыр.
XS
SM
MD
LG