Accessibility links

Қазақстандық журналистік ұйымдар ақпарат министрін отставкаға жіберуді сұрап ел президентіне үндеу жасады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сейсенбі күні Қазақстан журналистер одағы мен сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоры және Ұлттық телерадиохабар ассоциациясы елдің мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты отставкаға жіберуді өтініп, президент Н.Назарбаевтың атына хат жолдағанын жариялады.

«Оған себеп – Ертісбаев мырза осыдан бір апта бұрын журналистер қауымының жасаған мәлімдемесіне құлақ аспай, тілші қауымнан кешірім сұраудың орнына, өзінің алған бетінен қайтпай, журналистер қауымына қыспақты күшейтіп отырғандығы. Біз одан қандай нәтиже болар екен деп, бір жұма күттік. Қарасақ, ол «мәу» демейді. Қайта, өршеленіп, кешірім сұраудың орнына кейбір журналистерге, ақпарат құралдарына қарсылығын күшейтіп отыр. Сосын біз ертең Мысырдан келетін елбасы да бұл мәселеден хабардар болсын деп, оның атына ашық хатымызды жариялап отырмыз. Бұл мәселені елбасы шешеді», - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.

Қазақстан журналистер қауымы өздерінің ашық хатына президент құлақ асар деп үміттенеді.

«Мен өзім, мына Ертісбаевпен болған осындай жағдай, Қазақстан билігіндегі өзге шенеуіктерге сабақ болсын деп отырмыз!» - дейді С.Матаев.

Бұл пікірге Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева да қосылады.

«Оның [Ертісбаев] журналистерге деген не көзқарасы, не принциптері өзгермегенін - өткен аптадағы біздің мәлімдемемізден соң ертеңіне ол «Эра» телеарнасын сотқа бергендігі айғақтайды. Ол министрліктің атынан осы телеарнаның жұмысын тоқтатуды талап етіп отыр. Яғни, телеарна әлгі тендердің қандай заң бұзушылықпен өткендігін ашық айтып, өз көзқарасын еркін білдіріп, министрлікпен келіспейтіндігін айтқаны үшін қудалануда. Бұл да министірдің нұсқауымен істеліп отыр» - дейді Калеева ханым.

Қазақстан журналистер қауымы бұған дейін де сөз бостандығы мен БАҚ өкілдеріне жасалып отырған қысымға, цензураға наразылық ретінде митингілер өткізіп, биліктің назарын аудару үшін қоғамдық шара ретінде ошаған тікенегін де еккен болатын.

«Бізде енді тікелей президенттің атына хат жолдағаннан басқа амалымыз жоқ, себебі бұған дейін барлық қоғамдық шараларды өткізіп болдық», - дейді Калеева ханым.

Ал мәдениет және ақпарат министірі Ермұхамет Ертісбаев мырза болса, өткен аптада, Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевпен 31-арнаның тікелей эфиріндегі пікірталас кезінде елдегі апталық басылымдардың бірі – «Время» газетінің атына өзінің теріс бағасын берген болатын. Министр ол газеттің редакторы қарамағындағы журналистерге біреулерді «сойып салуды тапсырады» дегенді айтып, министр сол басылымдағы аты-жөнін атамаған кейбір тілшілерді әлгіндей тірлік жасайтын адам ретінде сипаттап, өзінің оларға ешқашан сұхбат бермейтінін теледидар алдында ашық мәлімдеген еді.

Осыдан соң «Время» газетінің ұжымы премьер-министр Кәрім Мәсімовқа хат жолдап, онда екі сауал қойды. Біріншісі: «Сіз үкімет мүшесі әрі сізге тікелей бағынышты Ермұхамет Ертісбаевтың айтқандарын қалай бағалайсыз?» Және екінші сауал: «Министр мен журналистер қауымы арасындағы дау-дамайдың өршіп бара жатқандығы себепті қандай шара қолданбақсыз?». Сонымен қатар «Время» газетінің ұжымы да министрді сотқа бермекші болып жатқаны белгілі болып отыр.

Алматыға «Орта Азияға арналған еркін сөз жөніндегі оқу құралын» алып келген халықаралық «Артикль ХIX» Дүниежүзілік еркін ой-пікір білдіру компаниясының құқықтық мәселелер жөніндегі маманы Даниель Саймонс, Қазақстан қоғамындағы өрбіген осы дау-дамайға қатысты наурыздың 13-күні Алматыда мынадай пікір айтты:

«Батыста осындай жағдай орын алған болса, министрді парламентке шақырып алып мән жайды сұрастырған болар еді. Ал министрдің уәждары қанағаттандырарлық болмаса, әрине, ол орнын босатар еді».

Ал Қазақстан парламентінде әзірге бұл мәселе жөнінде аузын ашқан бір депутат болмай отыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін ақпарат министрі мұндай дауға қалмаған еді.

Бұл дау-дамайдың өрбуіне Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың өткен аптада тілшілермен кездесу кезінде тәуелсіз «Эра» телеарнасының тілшілеріне сұхбат беруден бас тартып, залдан шығартып жібергені түрткі болған еді.

Министрдің ол әрекетін журналистердің ақпаратты еркін алуына қойылған шектеу және Конституция мен қолданыстағы заңдарға қайшы деп бағалаған Қазақстанның журналистер қауымы ақпарат министрі отставкаға кетсін деп мәлімдеме таратқан болатын. Ал министрдің қырына іліккен «Эра» телеарнасының тілшісі Юлия Исакова өз құқығын заң жолымен қорғау мақсатында министрді сотқа беріп, одан айыппұл ретінде 1 теңге өндіріп алуды сұрады.

Ал Ертісбаев болса осы оқиғаға байланысты өзінің «отставкаға біреулердің талабы бойынша емес, тек өз еркімен кететінін» айтып жауап берген болатын.
XS
SM
MD
LG