Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.13.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың бірқатар ақпарат құралдарымен арадағы жанжалы туралы жазыпты: «Время» басылымы Ертісбаевты сотқа беретіндігін жарияласа, үш газетке сұхбат берген ақпарат министрі сотта ұтылып қалса кешірім сұрауға дайын екендігін айтыпты.

Республикалық «Время» басылымының наурыздың 13-күні жарық көрген санында редакция атынан Ертісбаев мырзаға қарсы сотқа шағым түсіретіндігі туралы жазылыпты. «Заңгерлермен ақылдаса отырып, біз басылымның беделін қорғау мақсатында азамат Ертісбаевқа сот шағымын түсіруді жөн деп шештік. Біз Ертісбаев мырзадан «31 канал» эфирінде, «Республика» және «Время» газеттері беттерінде кешірім сұрауын талап етіп отырмыз» делінген мәлімдемеде. «Бұған Ермұхамет Қабиденұлы «31 канал» телеарнасында біздің газеттің тілшісін айыптағандығы түрткі болып отыр» деп жазды «Время» басылымы.

Бұл уақытта Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың үш газетте сұхбаты жарық көріп отыр. «Айқын» газетіне берген сұхбатында да министр «Время» газетін тілге тиек етіпті. «Мен қазір үш газеттің тілшілеріне сұхбат беріп отырмын, осы кезде «Время» газетінің журналисі бөлмеме баса көктеп кіріп келіп, диктофонын қосып жатса, сіздерге қалай әсер етер еді? Мен білемін, оларға ақпарат керек емес, олар министрді ыңғайсыз кейіпте көрсету мақсатындағы белгілі бір тапсырмамен келді» депті Ертісбаев мырза «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Ал Мәдениет және ақпарат министріне қарсы сотқа шағым түсірген «Эра» телеарнасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған хаты «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында жарық көріпті. Онда аталған телеарнаның Бас директоры М.Күнбаев мырза наурыздың 2-күні Ертісбаевтың «Эра» телеарнасының тілшісін көпшіліктің көзінше қуып жібергендігін айта келе, осы әрекеті арқылы министр «БАҚ туралы» заңның бірнеше ережесін бұзды деп жазған. «Наурыздың 7-күні министр әмірімен кеңес залынан қуылған телеканал журналисті Юлия Исакова телекомпаниямен бірге сотқа шағым түсірді. Ал одан бір күн бұрын министрліктің «Эра» телеарнасына қатысты шағымын алдық. Біз Мәдениет және ақпарат министрі мен журналистер қауымдастығы арасындағы жанжалдың шынайы шешіледі деп үміттенеміз» делінген «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтында басылған мәлімдемеде.

Осы мәселеге орай министр Ертісбаев «Литер» газетіне берген сұхбатында былай депті: «Бұл жердегі әңгіме қаңтардың 15-күні өткізілген тендерге қатысты болып отыр. «Эра» телеарнасының басшылығы маған шағым-хат жолдады. Бірақ, бұл хат президент әкімшілігіне жолданса, олар мені шақырар еді, мен барлығын түсіндірер едім ғой. Алайда, олар шағымын баспасөз беттеріне жариялады. Сөйтіп, өзінің жаласын бүкіл жұртқа таратты. Егер мен осы телеканалға қатысты сотқа шағым түсіретін болсам, онда мен сотқа олар таратқан әңгіменің барлығы жалған екендігін дәлелдеп берер едім» депті Ертісбаев мырза «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Ал сотта жеңіліп қалған жағдайда, министр өзінің кешірім сұрауға дайын екендігін «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтыпты. «Министрлік «Эра» телеарнасы үстінен тіл саясатын сақтамағаны үшін сотқа арыз берген болатын. Мен оларға сұхбат берем бе, бермеймін бе, ол – менің құқығым. Сот талабы аяқталсын, егер сол кезде олардікі дұрыс боп шықса, не істейік, кешірім сұрауға тура келеді. Сосын одан әрі жұмыс істеуге тура келеді» депті министр «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «Жас Алаш» газеті Ермұхамет Ертісбаев министр қызметінен кетуі мүмкін деген болжамын жариялап отыр. «Біз білетін мәліметтерге қарағанда, президент бастап Катар және Египетке бет алған делегация құрамынан Ертісбаев мырза соңғы сәтте түсіп қалған. Сөйтіп, ол әуежайдан кері қайтарылыпты. Мемлекет басшысының өзі сондай пәрмен берген көрінеді» делінген мақалада. «Бұған Ертісбаевтың төңірегіндегі дау-дамай себепші болуы әбден мүмкін. Себебі, хаттамаларда аты-жөні көрсетіліп, орын бөлініп қойылған делегация мүшесін жайдан-жай сызып тастамайтыны белгілі. Бұл үкіметке дау-дамаймен келген Ертісбаевтың дәл осындай дау-дамаймен орнынан кететінін меңзеп тұрғандай» деп жазды «Жас Алаш» газеті.
XS
SM
MD
LG