Accessibility links

Қапшағай және Шортанды қалалары құмар ойындарды көшіруге дайын емес


Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері Қапшағай және Шортанды қалаларының басшылығын аталған қалаларда ойын бизнесінің қалыптасуына кедергі келтіруде деп кәнілап, олардың осы күнге дейін казиноларды көшірудің механизмін жасауға асықпай отырғанын айтады. Сондай-ақ, олар 2007 жылдың 12 қаңтарында қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңның өзінде де олқы тұстар көп деп отыр.

Ойын бизнесі қауымдастығының өкілі Жәнібек Ақбаевтың айтуынша, 2007 жылдың 12 қаңтарында қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңда казиноларды Қапшағай және Шортанды қалаларына көшірудің ешқандай механизмдері көрсетілмеген. Ол бұл заңға, президенттің Қауіпсіздік Кеңесінің отырысындағы сөзінен кейін, кәсіпкерлердің мүддесін ескерместен, іле-шала қабылдана салған құжат болды деген баға береді.

- Қапшағай және Шортанды қалалары басшыларының қазіргі істері мен сөздеріне қарасақ, олар казиноларды көшіруге асықпайтын секілді. Мысалы, осы заң қабылданысымен, біз Алматы облысы әкімдігіне «Қапшағай қаласында ойын бизнесімен айналыса беруге бола ма» деп барғанымызда, сұрағымызға жауап ала алмадық. Кейбір деректерге сенсек, әкімдіктегілер бізге қандай жерлердің берілетіндігін, оның шегаралары қандай болу керектігін әлі қарастырмаған, - дейді Жәнібек Ақбаев.

«Азаттық» радиосы тілшісі осы мәселе бойынша Алматы әкімдігіне хабарласқанында, онда қойылған сұраққа жауап беретін ешкім болмай шықты.

Ал ойын бизнесі қауымдастығы өкілдерінің құқығын қорғап жүрген заңгер Нұржан Байымбетов, мұндай жағдайдың түп-тамыры «Ойын бизнесі туралы» заңда жатыр дегенді айтып, осы іс бойынша жауапты деп Парламентті сотқа бергендерін айтады.

- Заң бойынша біз сотқа заң шығарған мекеме, яғни Парламентті беруіміз керек. Біз өзіміздің шағымызда жауапкер ретінде Парламентті атадық. Ал сот «бұл істерің дұрыс емес, оны тек Конституциялық Кеңес қана қарай алады» деді. Бірақ біз оған келіспей отырмыз. Менің білуімше, Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған, бірақ Президент бекітпеген мәселелерді қарайды. Ал бұл заңды президент бекітіп жіберді. Сондықтан біз, сот мұны әдейі жасады деп отырмыз. Біз құқықтық мемлекет болуға ұмтылып келеміз. Осыған сай барлық заңдарымыз Конституциямызға сәйкес болуы керек, - дейді заңгер.

Сондай-ақ, Нұржан Байымбетов 5 сәуір күні Алматы қалалық сотында қауымдастықтың осы іске байланысты аппеляциялық шағымы қаралатынын айтты.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов болса, аталған саладағы кикілжіңдердің билік тарапынан кеткенін айтып, жекелеген азаматтар құқықтарының бұзылуы Қазақстанда жиі кездесіп отыратын оқиға дейді.

- Біздің Қазақстанда кез-келген заңдық немесе құжаттық өзгерістер, өкінішке орай, сол салада жұмыс істеп жатқан адамдардың пікіріне құлақ аспаудан басталады. Билік өзіміздің кәсіпкерлерге кедергі жасау арқылы ойын саласына шетелдік топтарды әкелуі мүмкін, - дейді Әміржан Қосанов.

2007 жылдың 12 қаңтарында қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңда 2007 жылдың 1 сәуірден бастап Қазақстандағы барлық құмар ойындарды Қапшағай және Шортанды қалаларына көшіру қарастырылған.
XS
SM
MD
LG