Accessibility links

Алматы қалалық мамандандырылған қаржылық соты британдық соттармен ынтымақтастықты күшейтпек

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Жақында құрылған Алматы қалалық мамандандырылған қаржылық соты алдағы уақыттағы өз жұмыстарында Лондон коммерциялық сотының сот ісін жүргізу тәжірибесін қолданбақ. Бұл жайында 17 наурыз күні мәлімдеген Алматы қалалық мамандандырылған қаржы сотының төрағасы Бектас Бекназаров қазақстандықтарға әсіресе, британдық әріптестерінен құқықтық мәдениетті насихаттау мен сот істерін ұйымдастыруды үйренген дұрыс дейді.

Алматы қалалық мамандандырылған қаржы сотының төрағасы Бектас Бекназаровтың айтуынша, Қазақстанда шетелдіктерден кем түспейтін сот жүйесі болғанымен, мамандандырылған қаржы сотының жұмысына келгенде, сан ғасырлық тәжірибесі бар Лондон коммерциялық соты өзгелерінен көш ілгері тұр. Ол Еуропа елдерінде құқықтық сауаттылықтың жоғары екендігін айта келіп, Қазақстанда сотқа деген құрмет пен бағыныштылықты күшейту қажет дейді. Егер осы тәрізді дамыған елдердің тәжірибелерін қабылдасақ, елімізде қазіргідей емес, шағымданып келушілердің мәселесін сотқа жеткізбей-ақ шешіп беруге болар еді дейді Бектас Бекназаров.

- Мысалы, Лондон коммерциялық сотында қаралатын әрбір мың азаматтық істің 90-ы бойынша ғана сот шешім қабылдайды екен. Қалғандары бойынша екі жақ тараптар заң аясында өздері келісе береді. Ал бізде, мысалы, 100 іс қаралса, оның 99-ы бойынша сот шешім қабылдамай тоқтамайды. Осының барлығы бізде кейбір жағдайларда құқықтық мәдениеттің төмендігін, құқықтық сауатсыздықтың орын алып отырғандығын көрсетеді, - дейді ол.

Алайда Бектас мырза Алматы қаржы орталығында тіркелетін шетелдік компанияларға шетелдік үлгідегі соттар қандай да бір жеңілдіктер жасай алмайды дейді.

- Шетелдік компаниялар Қазақстанда өзгеше бір мәртебеге ие емес. Олардың біздікілерімен құқықтары бірдей. Қаржылық соттың жұмысында шетелдік компаниялардың құқығы ғана қорғалады деген сөз дұрыс емес, - дейді Бектас Бекназаров.

Ал Алматы қалалық мамандандырылған қаржы соты судьяларының бірі Бейбіт Шермұхаметов Британдық соттан қабылдағалы жатқан дәстүрлердің ішінде, әсіресе олардың демократиялық принциптерді қатты қадағалауын басшылыққа алу керек дейді.

- Біз британдық соттардың адалдығын, демократиялылығын қабылдауымыз керек. Екі елдің сот жүйесіндегі талаптар бірдей болғанымен, істі жүргізулері әрқалай. Жалпы, екі жақ сотында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ. Қайта көп жерлеріміз үйлесіп жатады. Әсіресе, сот реформасы басталғалы бері мұндай ұқсастықтар көбейіп келеді, - дейді Бейбіт Шермұхаметов.

Ал «Ел болашағы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Бағдат Әріпов қазір сот жүйесіндегі сыбайласқан жемқорлықтың күшейіп отыруынан құқық мекемелері қызметкерлерінде адамгершілік қасиеттерінің қатты төмендеп кеткенін айтып, сот істерінің көбінде әділеттілік болмай жатады дейді.

- Шынын айтса, біздегі соттарда әділдік жоқ. Барлық соттар «не айтады екен» деп, жоғары жақтағыларға қарап отырады. Айталық, аудандық сот қалалыққа, қалалық Жоғарғы сотқа, Жоғарғы сот президент әкімшілігіне бағынышты. Жай азаматтық істер де осылай, жоғарыға алаңдаумен шешіледі, ол болмаса бізде істерді қаржымен шешуге болады, - дейді Бағдат Әріпов.

Алматы қалалық мамандандырылған қаржы соты Қазақстан Республикасы президентінің 2006 жылдың 17 тамызындағы бұйрығына байланысты құрылған болатын. Бұл сот қаржы орталығы мүшелерінің азаматтық, еңбек, әкімшілік және басқа да істерінен туындайтын азаматтық-құқықтық дау-шарларын қарайды.
XS
SM
MD
LG