Accessibility links

Шаңырақта тұратын аналар «Шаңырақ ісі» сотының ұзаққа созылып бара жатқанына алаңдаушылықтарын білдірді


Алматы қалалық сот үйінде «Шаңырақ ісі» бойынша сот мәжілісінің басталғанына екі айдан астам уақыт өтті. Осы сотқа айыпталушы ретінде қатысып отырған шаңырақтық 25 азаматтың 17-сі сегіз айдан бері түрмеде отырса, тағы 8 адам ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен жүр.

Шаңырақ елді мекенінің тұрғыны Айманкүл Зікірова қазірде қуықтай кішкене үйде 17 жан бірге тұрып жатқанын айтып, мұңын шағады. Айманкүл осыдан екі жыл бұрын Шаңырақтан жер сатып алып, сол жерге екі бөлмелі жазғы үй салған көрінеді. Алайда, енді осы үйді қиратуға қарсы тұрып, оны қорғауға барғаны үшін Айманкүлдің екі бірдей ұлы қазір сотты болып жатыр. Біреуі түрмеде отырса, екіншісі ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен сотта жүр.

Екі ұлдың тағдыры мен баспананың зарын айтып, көзінен жасы сорғалаған А.Зікірова, наурыздың 19-ы күні Алматыда, Ұлттық баспасөз клубында журналистерге өзінің енді қайда барарын білмей, аса қиналып отырғанын жеткізді.

«Жұбайым ертеректе қайтыс болған жесір әйелмін, балалы-шағалы, ел қатарлы тұрмыс-тіршілігім бар еді, енді екі бірдей ұлым сотты болып, содан бері мұңымды қайда барып, кімге айтарымды білмей жүрмін. Егер осы мемлекет қазақ елі екені шын болса, басшылықта отырғандардың арасында қазаққа жаны ашитын азаматтар бар болса, онда осы Шаңырақ ісінің әділ, дұрыс және тезірек бітуіне көңіл қойса, соған көмек етсе», - деп жәрдем сұрайды жүзін мұң шалған әйел.

Айманкүл секілді тағы бір ана Гүлнар Қожашева өз шерімен бөлісті. Алматы қаласының маңындағы Райымбек ауылында тұратын Гүлнардың Шаңырақта қызының үйі бар екен. Соның үйіне Гүлнардың жалғыз ұлы Аят Темірғалиев сол бір Шаңырақ оқиғасы болатын күні барыпты. Ал сол жолғы оқиғадан соң полиция Аятты сол қылмысқа қатысты деп ұстап, түрмеге отырғызған.

«Ұлымның денсаулығы жасынан әлсіздеу, өзі аурушаң бала еді, сегіз айдан бері түрмеде отырғандықтан ба, оның денсаулығы қазір күрт нашар болып кетті. Ал сот процесі болса мынау, жуыр маңда біте қоятын түрі байқалмайды , содан не істерімді білмей, амалсыз осында келіп отырмын, бәлкім, жоғарыда отырғандардың да мен секілді аналары бар ғой, мүмкін, түсініп, бізге қол ұштарын берер деген оймен келдім», - дейді ол.

Шаңырақ ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында Шаңырақтық азаматтардың құқығын қорғаушы ретінде қатысып отырған Жасарал Қуанышәлі, соттың дұрыс, әділ, талапқа сай жүргізілмей жатқандығын айтады.

«Мысалы сотталушы азаматтар соттың алқа билер соты ретінде өтілуін талап етседе, бұл талап мүлдем орындалмады», - дейді ол.

Осыған байланысты ‘Шаңырақ ісі‘ бойынша сот процесін басқарып жүргізіп отырған қалалық соттың судьясы Адалбек Бейімбетовтен пікір алу әзірге мүмкін болмай отыр. Хатшы қыз ол кісінің күні бойы сот процестерінде жүретіндігіне байланысты қойылған сауалға әзір жауап бере алмайтынын айтумен болды.

Ал осы сот процесіне қоғамдық бақылаушы ретінде қатысушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары Болат Дүйсенбин сот процесінің заң тәртібіне сай қатаң түрде жүріп жатқанын, бірақ та сотталушы азаматтардың құқықтары көп жағдайда ескерусіз қалатындығын айтты.

«Мысалы, түрмеде отырған азаматтар арасында ауруы асқынған, дәрігерлердің күнделікті қарауын қажет ететін бірнеше адам бар, алайда судья оларды ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен сыртқа шығармай отыр», - дейді ол.

«Шаңырақ ісін» алқа билер соты арқылы шешу жөнінде парламенттің 29 депутаты қол қойған депутаттық сауал Конституциялық кеңеске жолданыпты. Шаңырақтан келген аналардың жалғыз үміті - осы конституциялық кеңес бір дұрыс шешім қабылдап, сот жұмысы дұрыс жолға қойып, мәселе оңды бір шешімін табар деген сенімде.
XS
SM
MD
LG