Accessibility links

АҚШ әскерінің Ираққа кіргеніне 4 жыл толды


Осыдан 4 жыл бұрын, Прага уақыты бойынша таңғы 4 шамасында Уашингтон Ираққтағы әскери шараларын бастады. Басты мақсат - президент Саддам Хусейннің жаппай қырып-жоятын қаруы қаупін жою деп жарияланған еді. Қазір Ирақты қалпына келтіру қиынға түсуде. Көтерілісшілер шабуылдары мен секталық қақтығыстар, көрші елдер әсерлері жағдайды одан әрі қиындата түсуде.

Сонымен, 2003-ші жылы наурыздың 20-сы күні АҚШ президенті Джордж Буш өз бұйрығымен Ирақ президенті Саддам Хусейннің әскеріне қарсы әуе шабуылдарының басталғандығын теледидар арқылы Америка халқына хабарлады. Артынша Кувейт шекарасынан Ираққа енген АҚШ және Британия солдаттары жердегі әскери әрекеттерге кіріскен болатын. Араға үш апта салып, көкек айының 9-да АҚШ күштері Бағдатқа кіріп, Ирақ диктаторының мүсінін құлатқаны белгілі. Содан бергі аралықта Саддам Хусейн тұтқындалып, сотқа тартылып, жаппай өлтірулер үшін дарға асылды.

2005-ші жылдың желтоқсанының 15-де Ирақта алғашқы парламенттік демократиялық сайлаулар өтті. Осыған қарамастан Ирақта бейбітшіліктің салтанат құруы кешеуілдеуде. Арада санаулы ғана айлар өткенде Саддам Хусейннің жақтастары әл-Қайдамен біріге отырып, партизан соғысын бастап кетті. Олардың қатарында өз-өздерін жариялаған ұлтшылдар да бар еді дейді «Азаттық» радиосының тілшісі Чарльз Рекнейгл.

Сондай-ақ, сүнниттер мен шиитер арасындағы секталық қақтығыстар елдегі азамат соғысы қауіптерін одан әрі өршіте түсуде. Ол қақтығыстар өткен жылдың 22-ші ақпанында Самаррадағы шииттер мешітіне жасалған шабуылдан кейін үдеп кеткен болатын. Қазір ресми Уашингтон АҚШ және Ирақ күштерінің біріккен көмегімен Бағдат қаласы және Анбар аймағында күш қолдануларды ауыздықтауға ұмтылуда. Осы мақсатта Уашингтон бұған дейін-ақ Ирақта тұрған 130 мыңдай АҚШ солдаттарына тағы 20 мың әскериді әкеліп қосты.

Кейбір алғашқы ілгерілеушіліктер жөнінде де айтылуда. Хабарларға қарағанда, “Заңды жүзеге асыру шарасы” атты осы әрекеттер нәтижесінде, соңғы 30 күн ішінде Бағдатта қаза болғандар саны 265 адам болған екен. Өткен айда ол көрсеткіш 1440-қа дейін жеткен көрінеді.

Ирақтағы шиит топтарына әскери көмек беруде деп Иранды, сондай-ақ сүнниттерге келіп жатқан шетелдік көмектерді тоқтатуда аз әрекет жасап отыр деп Сирия елін ресми Уашингтон айыптауда.

Наурыздың 6-ы күні Ирақ қауіпсіздігіне арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Ирақ үкімет басшысы Нури әл-Малики: “Біз осы жиынға қатысып отырғандарды, олар арқылы халықаралық қауымдастықты Ирақтың тарихи және әлеуметтік ерекшеліктерін білулеріне шақырамыз. Белгілі бір секталар мен этникалық қауымдастық немесе партияларға ықпал жасау арқылы Ираққа ықпал жасауға ұмтылмауға кейбір елдерді, аймақтық немесе халықаралық партияларды шақырамыз” деген еді.

Бағдатта болған ол конференцияға АҚШ, Иран және Сирия елдері қатысқан болатын. Ол елдер министрлер дәрежесінде келесі айда басқосуға келіскен еді.

АҚШ әскерінің Ирақта қанша тұратыны да белгісіз. Қазір Конгреске бақылау жасап отырған Демократтар болса, Ирақтан әскерді 2008-ші жылы шығарып әкетуге шақыруда. Ондай қадамдар көтерілісшілерге дем береді деп, бұл идеяны Буш әкімшілігі қолдамай отыр.

БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша агенттігінің есептеуінше бір миллион 700 мыңдай азамат, яғни ирақтықтардың 12 пайызы елден сыртқа кеткен. Бірнеше мыңдағаны елдің өз ішінде босып жүрген көрінеді.
XS
SM
MD
LG