Accessibility links

Интернет арқылы әлемнің жаңа жеті кереметін таңдауға қатыса аласыз


Родос масағы немесе Олимпиядағы Зевс мүсіні - бұлардың екеуі де адамзат баласына ең алдымен әлемнің жеті кереметінің бірі ретінде таныс екендігі аян. Ал енді бірер айда адам қолымен жасалған әлемнің жеті кереметінің тізімі жаңарғалы тұр.

Қазіргі дамыған заман - 21 ғасырдағы жеті кереметті анықтау үшін интернет арқылы дауыс беріледі, әрине, мұндай идеяны жұрттың барлығы бірдей қолдап отыр деуге келмейді.

Сіздің әлемнің жеті кереметі жайында естігеніңіз анық, бірақ соның бәрін, демек жетеуін бірдей саусағыңызды бүгіп санап бере алмауыңыз да мүмкін. Егер тіпті солай болғанда да, оған уайым жемей-ақ қойыңыз.

Ол жеті кереметтің тізімін ежелгі гректер осыдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын жасаған екен, ал қазір соның тек біреуі ғана, демек Египет пирамидалары бізге аман есен жеткен. Қалғандары болса, жер сілкінңстері немесе өрт сияқты апаттардан жойылып, жер бетінен құрып кеткен.

Міне енді швейцариялық зерттеуші және киногер Бернард Уенгер әлемнің жеті кереметінің тізімі жаңаруы керек деп шешіп отыр. Осы идеясын жүзеге асыру үшін Уангер өз қаржысына осыдан жеті жыл бұрын вебсайт ашқан, ол вебсайтта кез-келген адам әлемнің жаңа жеті кереметі деп санаған таңғажайып затын атап, ол үшін өз даусын бере алады. Аталған вебсайт коммерциялық мақсатты ұстанбайды, бұл күнде онда жинақталған материалдар бойынша фильм түсіру мен кітап жазу жұмысы да қатар жүргізіліп жатыр.

Міне осы жұмыстардың негізінде 2007 жылдың жазы, демек шілде - жетінші айдың жетісі күні әлемнің жаңа жеті кереметі жарияланбақшы, байқасаңыздар үш жеті қатар келіп тұр. Сөйтіп, адамзат баласының қолымен жасалған әлемнің жеті кереметін атау мерекесін бүкіл әлем Португалияның Лисбон қаласынан таратылған хабарлар арқылы естіп-білетін болады.

Бұл күні жер бетіндегі миллиондаған адам өз компьютерлерінде интернетке қосылып, www.new7wonders.com деген вебсайтта дауыс беру арқылы жеті кереметті таңдауға үлес қоса алады. Қорды ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде 4 миллион адамнан 28 миллион дауыс жиналған.

Осы жобаның баспасөз өкілі Тая Виринг жаңа жеті керемет үшін 100-ден астам елден дауыс берушілер қатысқанын айтады, әсіресе ең көп қызығушылық танытқандар Қытай, Греция, Үндістан, Бразилия, АҚШ, Перу, Мексико, Австралия, Германия, Канада және Британия елдерінен болса керек. Вирингтің айтуынша, тіпті интернетке қосыла алмайтын адамдар да дауыс бере алады.

- Бізге телефон арқылы да хабарласып, дауыс беруге болады, ол үшін бірнеше халықаралық телефон іске қосылған, SMS жүйесі де ашық. Біздің білуімізше, әлемнің көп жерінде әлі интернет кең дамымаған. Көп жерлерде бұл жобаға қатысқысы келген адамдар интернет кафелерге барып немесе достарының кеңселері мен үйлеріне барып, дауыс беруде, жобаға деген қызығушылық өте жоғары, - дейді Виринг.

Ол сондай-ақ, әрине, Италиядағы адамдар Рим Колизейі үшін дауыс беретіндігі түсінікті, бірақ сіздің даусыңыз есептелуі үшін сіз жалпы саны жеті кереметті атап, соның бәріне дауыс беруіңіз керек деп атап көрсетеді.

Міне жаңа жеті кереметке байланысты мұндай асқан қызығушылық пен сенімділік болып тұрғанына қарамастан, онымен елдің бәрі бірдей келісе бермейді. Мәселен, Египеттің мәдениет министрі Фарук Хосни әлемнің жаңа жеті кереметін атау жайындағы идеяны мүлде ақылға сиымсыз деп санайды.

Ал Вирингті мұндай көзқарас өзгешеліктері алаңдатпайды. Ол өз сөзінде «біз пікірталастарға, оны талқылауға дайынбыз» дей келе, Египет үздік дауыс беруші алдыңғы 25 елдің қатарында дейді.

Сонымен 2007 жылдың жетінші айының жетісі күні әлем тұрғындары әлемнің жеті кереметі ретінде қандай таңғажайыптарды таңдағандарын айқындап білетін болады.
XS
SM
MD
LG