Accessibility links

«Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қоры Қазақстанда еркін жиындар өткізу кедергілердің көп екендігін айтады


«Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қорының заңгері Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары мен оларды билік органдарының қолдануы жиындардың еркін жүзеге асуын қамтамасыз етпейді. Бұл жайында ол 20 наурыз күні Алматыда «Қазақстан Республикасындағы жиналыстардың еркіндігі туралы мониторинг» жобасының қорытындысымен таныстыру кезінде мәлімдеді. Мұнан бөлек қоғамдық қор Қазақстанда жергілікті әкімшілік тарапынан еркін жиындардың жұмысына кедергі келтіретін және халықаралық талаптарға қайшы келетін басқа да заң нормаларын анықтаған.

«Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қоры 2005 жылдың қараша және 2006 жылдың шілде айлары аралығында Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларында болған еркін жиындарды зерттеу нәтижесінде дайындаған «Қазақстан Республикасындағы жиналыстардың еркіндігі туралы мониторинг» жобасында, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары мен оларды билік органдарының қолдануы жиындардың еркін жүзеге асуын қамтамасыз етпейтіндігін, жергілікті билік органдарының мемлекеттік емес ұйымдар мен азаматтардың жиналыстарды өткізу үшін жер таңдап алу мүмкіндігін шектеп, кемсітушілік саясатын жүргізетіндігін және жоғары қызметтік тұлғалар мен жергілікті биліктің қарапайым азаматтармен салыстырғанда қаланың кез келген жерінде жиналыстар өткізу үшін негізсіз ерекше құқығы бар екендігін анықтаған. Осы жобаны дайындағандардың бірі «Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қорының заңгері Амангелді Шорманбаев аталған жағдайларды шешіп, демократиялық принциптерді дұрыс қадағалау үшін Қазақстанға өз заңдарын халықаралық талаптарға сай өзгерту керек дейді.

- Мысалы, 3-4 адам пикетке шықса, олардан мемлекетке қандай қауіп болуы мүмкін? Немесе, полицейлер жиындарда жүрген адамдар мен журналистерді ұстап жатады. Оларды полицейлердің ұстауына заң рұқсат берген. Сонан соң олар қамалғандарды ішкі істер мекемелеріне береді, ол ары қарай сотқа кетіп жатады. Егер біз заңдарымызды халықаралық талаптарға сай өзгертсек, онда кез-келген жиналыста полицейлер адамдарды тек қауіпсіздікті қорғау тұрғысынан ғана ұстай алатын болады. Халықаралық стандарт бойынша, жиындарға шыққан адамдардан қоғамға, мемлекетке қауіп болмаса, онда оларды тұтқындауға рұқсат жоқ, - дейді заңгер.

Сондай-ақ, Амангелді Шорманбаев мониторингтің еркін жиналыстарға қатысты заңды өзгерту мақсатында жасалғанын айтты.

- Біз мониторингтың қорытындысы бойынша 28 заң өзгертулерін ұсындық. Соларды қарастыру үшін қазір әртүрлі комиссиялармен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің жұмысымыз босқа жерде қалмайды, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов Қазақстанда демократиялық принциптерге сай келмейтін заңдар көп дей келіп, конституцияда көрсетілген және саяси-қоғамдық өмірдегі жағдай әртүрлі болып отырғандығын айтады.

- Конституцияда адамдарға еркін жиындар өткізуге құқық берілген. Ал іс жүзінде біздің елде олай емес. Өйткені, қоғамдық ұйымдар немесе партиялар шеруге шығу үшін жергілікті әкімшіліктерден рұқсат сұрайды. Негізі, әкімшіліктерге «біз осындай жиын өткізейін деп жатырмыз» деген хабарлама ғана беру керек. Ал бізде міндетті түрде рұқсат алу керек. Билікке жақын партиялар жиындарын қаланың орталық алаңдарында өткізсе, оппозициялық партиялар қаланың сыртында өткізуге мәжбүр. Билік өз азаматтарының өз ойларын еркін, ашық айту дәстүрін қалыптастырудан қорқады, - дейді Әміржан Қосанов.

Ал саясаттанушы Сайын Борбасов болса, Қазақстанда демократиялық құндылықтарды толық орнықтыру үшін жергілікті басшылардың шерулерге деген кеңес кезеңінен бері келе жатқан көзқарасын жеңу керек дейді. Алайда саясаттанушы, еркін жиналыстарды үнемі бақылауда ұстап, кейбір жиындарға шектеу қойып отырған да дұрыс деп санайды.

- АҚШ-тың өзінде де президентке қарсы сөз айтылмайды. Одан адамдар бірнеше миллион айыппұл төлеп құтылады немесе түрмеден бір-ақ шығады. Қазақстанда да сондай болу керек. Мысалы, «Хизб ут-Тахрир» ұйымының мүшелері жиындарда «Қазақстанда халифат құрамыз» деген сөздер айтып жатады. Осыған ұқсас пікірлер Қазақстанда көп. Сондықтан, өзіміздің тәуелсіздігімізге қарсы тұратын жиналыстарға жол бермеуіміз керек. Демократияның да жөні бар, - дейді Сайын Борбасов.

Қазақстанда азаматтардың еркін жиын өткізу құқығына конституцияда кепілдік берілгенімен, қолданыстағы заң бойынша, оны өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар - әкімдерден алдын-ала рұқсат алынуы керек. Рұқсат берілмеген жиынға қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылады. Қазақстандағы оппозициялық топтар көп жағдайда өздерінің бейбіт жиын өткізуге рұқсат алу үшін берген өтініштерін жергілікті әкімдердің қанағаттандырмай тастайтындығына шағым айтып келеді.
XS
SM
MD
LG