Accessibility links

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдерінің алдында Қазақстандағы мәдениет және ақпарат министрлігін ыдырату туралы ұсынысын қайталады. Одақ жетекшісі бұл ретте, осы министрліктің мәліметінде Қазақстандағы БАҚ-дың 90 пайызы жеке меншік иелігінде екені көрсетілгендігін алға тартты. Оппозициялық басылым өкілдері де бұл министрлік жазалау, қудалау функцияларын атқарып келеді деген пікірде. Ал, министрлік өкілдері болса бұл мәселеге қатысты әзірге өз ұстанымдарын ақпарат құралдарына бермей отыр.

Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев және тағы бірнеше қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жақында президент Назарбаевқа жазған ашық хатта, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап еткен болатын.

“Және Астаналық «Эра» телеарнасы мен министр Ертісбаевтың арасындағы дау-жанжалдың шешілгеніне қарамастан біз райымыздан қайтпаймыз”, - дейді Матаев.

С.Матаев ақпарат министрлігінің өзін қайта ұйымдастыру қажет деп санайды.

«Яғни, мәдениет министрлігін қалдырып, ақпарат министрлігін ыдырату керек», - дейді ол.

Матаев қазір ақпарат министрлігі атқарып отырған функцияны басқа министрлікке беруге болады деген ұсыныс айтады. Журналистер одағы төрағасының пікірінше, жергілікті БАҚ-арына қаржылай қолдаудың да қажеті жоқ, өйткені, елдегі БАҚ-тардың 90 пайызы жеке меншік дегенді алға тартады ол:

- Бізде қазір ақпарат құралын тіркеу мәселесі ақпарат министрлігінде ғой, соны әділет министрлігіне берсін деп айтып отырмыз. Біздегі мемлекеттік емес басылымдарға көмек керек жоқ, ақша бермей-ақ қойсын мемлекет тарапынан, тек бұрынғыдай салықтың нөлдік ставкасын қолданса, бізге сол да жетеді.

Бұл пікірді оппозициялық басылым - «Свобода Слова» газетінің тілшісі Жұмабике Жүнісова де құптайды.

«Мен еркін журналистпін. Неліктен мемлекет бізді жібере алмайды? Біз кішкентай баламыз ба? Бізде тек БАҚ-дары ғана емес, журналистер жекешелендірілген, біздің әрқайсымызда өз қожайынымыз бар», - дейді Ж.Жүнісова.

Сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженова Қазақстанда мемлекеттік органдардың кесірінен жергілікті БАҚ-дарына сенімсіздік қалыптасқан дейді:

- Бізде соңғы жылдары, әсіресе егемендікті алып, малақайымызды аспанға лақтырғанымызбен журналистикаға деген, бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімсіздік пайда болды. Бірқатар жағдайларда журналистерге жеккөрінішпен қарайтын болды. Сондай көзқарас, бір жағынан, біздің мемлекеттік органдардың кесірінен деп ойлаймын. Себебі, олар қит етсе баспасөзбен соттасып жатады, “маған жала жапты” деп үлкен мөлшерде айыппұлдар талап етеді.

Оппозициялық «Свобода Слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиева ақпарат министрлігін ыдырату мәселесін өзектілердің қатарына жатқызады.

“Өйткені, ол бірінші кезекте жазалау, қадағалау, тежеу, қудалау функцияларын жүргізіп, БАҚ-дарының даму үдерісін тежейді”, - дейді ол.

Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрліктің ұстанымын білмек болып, министрдің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа микрофон ұсынғанымызбен ол бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдіруден бас тартты.
XS
SM
MD
LG