Accessibility links

Европада сақталған 1500-дей көне тарихи өнер туындылары Ауғанстанға қайтарылды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Кезінде қиратылу, жойылу, қарақшы қолына түсу қаупінен сақталып Ауғанстаннан Европаға алып кетілген 1500-дей тарихи, көне өнер туындылары Ауғанстанға қайта оралды.

1999-жылдан бері Швейцарияның Будендорф қаласындағы музей қорында сақталған ол өнер туындылары өткен аптада байырғы қонысына қайта жеткізілді. Ол дүниелер не еді, олардың маңызы қандай?

Ауғанстанға қайта оралған сол өнер туындылары жөнінде Ауғанстан Ұлттық музейінің директоры Омар Хан Масуди тілшіміздің қойған сұрағына былайша жауап берді:

- Швейцариядағы ауғандардың сүргінде болған өнер туындылары Ауғанстанға наурыздың 16-сы күні қайтарылды. Ұлттық мұражайдан мен және әріптесім басқарған ресми топ Швейцарияға арнайы бардық. Ауған дүниелерін Германия қорғаныс министрлігі көмегімен арнайы контейнерлерге салып жайғастырып алдық. Оларды Ауғанстанға тікелей ұшатын арнайы ұшақпен алып қайттық.

1423 заттың арасында түрлі тайпалар күнделікті тұрмыста пайдаланған этнографиялық дүниелер бар. Қуанышқа орай, оларды сол қаладағы ауған және швейцариялық мәдениет жанашырлары мұқият сақтай біліпті. Олардың ішінде археологиялық қазба кезінде табылған заттар да бар екен.

Солтүстік Ауғанстанда әйгілі Александр Зұлқарнайын (Македонский) кезінде негізін қалаған Ай Ханум қаласынан ғимараттың іргетасы да сол арадан табылып отыр екен.

- Бір қызығы, ол тастарды, француз, ауған археологтары әрекет еткенімен, кезінде таба алмай, оларды заңсыз жолмен қарақшылар қазып алыпты. Дегенмен сол дүниелердің жолы болып, Швейцариядағы ауған қоймасына түскен екен. Міне, солар да өзінің ежелгі еліне қайтарылды. Бірақ, олардың сыры түбегейлі зерттеулерден кейін ғана ашыла түспек. Дегенмен, ол заттарға Александр Македонскийдің қолы тигендігі - ақиқат, - дейді Масуди.

Ал енді Қабулдағы музей ол заттарға сенімді қоныс бола алар мекен? Бұл жөнінде музей директоры Масуди:

- Талиптер құлатылғаннан кейін Қабулдағы жағдай жақсара бастады. Бұл арада ол мұражайда ерекше, төтенше жағдай болмады. Қабулдағы қауіпсіздік шаралары реттеле түсті. Сондықтан, ол заттар сенімді жерде деуге келеді, - дейді.

Масудидің айтуынша, Ұлттық музейді ұлттық полиция жасағы тәулік бойы қатаң бақылап тұрады екен. Музейдің өз қызметкерлері де кезекпен күні-түні сол арадан табылатын көрінеді.

Соңғы ширек ғасырда Ауған жерінде болған соғыстардан Ұлттық мұражай қатты зардап шеккен. Көптеген қымбатты заттар ұрланған. Сондықтан, бұл заттардың қайтарылуы аса маңызды шара болған. Музей директорының айтуынша, ол ауған заттарын сақтап отырған өзге де елдер Швейцария үлгісімен сол заттарды атақонысқа қайтарар деген үміт білдіреді.

Сондай-ақ, Масудидің айтуынша, қайта оралған ол көне дүниелер 2, 3 айдан кейін жалпы жұртшылық назарына ұсынылады екен. Музей залдарына қажетті әйнекті сөре және шкафтарды Жапониялық досым сыйлады, дейді Ұлттық муражай басшысы. Сонымен, ондаған жылдар бойы ата-қоныстан жырақта сақталып келген тарихи көне өнер туындыларымен ауған халқы енді қайта қауышатын кез де алыс емес.
XS
SM
MD
LG