Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.23.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Маловодное ауылындағы қақтығыстан қаза болғандардың саны төртеуге жеткендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Алматы тұрғындарының жерге қатысты наразылық акциясының басталғанына алты күн болғанына мән берсе, тағы бір басылым Ұлттық біріңғай тестілеу талаптары өскендігіне назар аударыпты.

Маловодное елді-мекеніндегі қанды қақтығыстан қаза болғандардың саны өскендігі туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Қазатком ауылындағы қақтығыс кезінде зардап шеккен Наджмеддин Махмақанов наурыздың 22-күні кешкісін реанимация бөлімінде жан тапсырды» делінген мақалада. «Ауруханадағы тағы екі адамның халі мүшкіл, оның біреуі – Қажымұрат Махмақанов. Ал Тахир Махмақанов болса, полициядан жасырынып жүр» деп жазды «Караван» басылымы. Сонымен қатар, аталған басылым осы іс бойынша 48 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлап отыр. «Тағы 8 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қазатком ауылында спирттік ішімдіктер сатуға тиым салынған. Көліктердің барлығы тиянақты тексеруден өткізіліп жатыр» делінген «Караван» газетіндегі мақалада.

Ал «Известия: Қазақстан» газеті болса полиция қоршауы қашан алынады деген сұраққа жауап іздепті. «Алматы облысының Маловодное және Қазатком ауылдарынан «Бүркіт» арнайы жасағын шығару мәселесі әлі шешімін таппай отыр» делінген мақалада. «Қақтығыс болған күні Маловодное ауылында шұғыл штаб құрылған болатын. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бұл штабтың жұмысы әлі бір-екі айға созылады. Министрліктің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың айтуынша, әскери күштерді ауылдан алып кету туралы шешімді шұғыл штаб шығаратын болады. Қазіргі күні «Еңбекші қазақ» ауданындағы мектептерде сабақ жалғасты. Қауіпсіздік үшін білім беру мекемелерінің жұмысы екі күнге тоқтап қалған еді» деп жазды «Известия: Қазақстан» газеті.

Қазақстандағы «Ұлт тағдыры» және «Болашақ» қозғалыстары мәжіліс депутаттарын Маловодноедегі қақтығысты зерттеуге шақырғандығы туралы мақала «Панорама» газетінде жарық көріпті. «Болашақ» қозғалысының төрағасы Фархад Қасеновтың пікірінше, республикадағы барлық қоғамдық ұйымдар осындай мәселелерді шешуге ат салысулары керек. «Сонымен қатар, қоғамдық ұйым өкілдері бұл мәселенің Парламентте көтерілуін талап етіп отыр. Олардың пікірінше, депутаттық талқылауға облыстағы ұйғыр және шешен диаспораларының өкілдері қатысуы керек» деп жазды «Панорама» басылымы.

Бұл уақытта Алматы тұрғындарының жер мәселесіне қатысты наразылық акциясы басталғандығына «Республика» газеті мән беріп өтіпті. «Алматыдағы Жандосов және Гагарин көшелерінің қиылысындағы ауданның төрт тұрғыны наурыздың 17-күні аштық акциясын бастады. Наразылық білдірушілер өздерінің жері үшін берілетін ақының өсірілуін талап етіп отыр. Олар отырған жерге «Мега-инвест-сервис» құрылыс компаниясы тұрғын үйлер тұрғызуы керек екен. Наразы тұрғындардың акциясы аталған компанияның мекемесі алдында өтіп жатыр» деп жазды «Республика» газеті.

Ал «Комсомольская правда: Қазақстан» басылымы болса, осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің талаптары күшейтілгендігіне мән беріп өтіпті. «Білім және ғылым министрлігі тестілеуден өту деңгейін 10 баллға көтеріп, 60-қа жеткізді» делінген мақалада. «Бұл студенттердің білім деңгейін көтеру мақсатында жасалынып отыр. Ал тиісті балл жинай алмаған оқушы өз білімін колледждер мен училищелерде толықтыратын болады. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің бесінші пәні ретінде «қазақ тілі» енгізілетін болады. Ол TOEFL жүйесі негізінде өткізіледі. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі тоғыз жоғарғы оқу орнының 21 филиалын жапты. Осы жылы 51 ЖОО аттестациялаудан өткізіледі» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG