Accessibility links

Қазақстан коммунистері бір партияға бірікпекші

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстан коммунистік партиясы мен Қазақстан коммунистік халықтық партиясы бір партияға бірікпекші. Осы жайында 26 наурыз күні мәлімдеген партия жетекшілері Серікболсын Әбділдин мен Владислав Косаревтің айтуынша, партиялар мұндай қадамға халық арасында коммунистік идеологияға деген сұраныстың күшейіп отыруына байланысты барған. Біріккен партияны Қазақстан коммунистік партиясы деп атауға ұйғарған солшылдар алдағы жылдары болатын сайлаулардан көп дауыс жинау арқылы Қазақстандағы екі ірі партияның біріне айналу жоспарымыз бар дейді.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косаревтің айтуынша, өзара реніштерін ұмыта бастаған коммунистер енді, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың шиеленісуіне байланысты қайта бас біріктіріп отыр. Ол коммунистер атқаратын нағыз шаралар дәл қазіргі уақытқа келіп тұр дейді.

- Біз насихаттап жүрген коммунистік идеология қоғамда қазір әдейі тапталып отыр. Алайда коммунистік идеология енді кең қанат жайып, қарқын алмақшы. Өйткені Қазақстандағы екі компартия бірігіп, дауысы естілмей жатқан халықтың мұң-мұқтажын қорғамақ. Қазір халық ел экономикасының дамуына сай өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан біз елдің байлығын барлық азаматтарға тең бөлу үшін күрес жүргіземіз. Енді біздің дауысымыз халыққа бұрынғыдан да қаттырақ, түсініктірек естіліп, билік біздің пікірлерімізбен санасады деп ойлаймыз, - дейді Владислав Косарев. Ал өз пікірлесіне толық қосылатынын мәлімдеген Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, екі коммунистік партияның бірігуі солшылдарды күшейтіп, алдағы парламент сайлауында оларды «Нұр Отан» партиясынан кейінгі екінші халық қолдауына ие болған партияға айналдырмақ. Бөлек-бөлек жүріп, мұның бәріне жету мүмкін емес дейді ол.

- Екі партиядан гөрі, бір партияның бір атпен жұмыс істеуі тиімді деп ойлаймын. Оның үстіне біздің мақсатымыз социализм құру. Екі партияның қаулысы да, бағдарламасы да бір болғандықтан, бүгін қосылып, ертең айырылысып кетпейміз. Біз қоғамдағы мықты партиялардың бірі болып шығамыз деген есебіміз бар, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Сондай-ақ, партия жетекшілерінің айтуынша, жаңа партия тең төрағалық жүйеге көшеді. Ал партия ұстанымы баяғы қалпында қалады.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов компартиялардың біріккенін қолдаймын дей келіп, Қазақстанда солшылдардың күші әлі сарқылған жоқ деген пікір айтады.

- Қазіргі Қазақстанның саяси жүйесінде Коммунистік партияның өз орны бар, ол ерекше. Серікболсын Әбділдин сияқты белгілі жетекшілер тұрғанда және биліктің солақай әлеуметтік-экономикалық саясаты жалғасып тұрғанда, коммунистердің беделі төмендейді деп ойламаймын, - дейді Әміржан Қосанов.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірінше, сандары азайып, күш-қуаты әлсіреп кеткен компартиялар әлгі күнге шейін қазақ ұлты арасынан дұрыс қолдау таппаған.

- Қазақ ұлтының өкілдері компартияны шын мәнінде қолдаған емес. Өйткені бұл партиялар орыстілді азаматтардың ғана қолдауына сүйенетін сияқты. Егер коммунистер де белгілі бір мөлшерде ұлттық мәселеге көңіл бөлсе, онда көп азаматтарымыз бұған қолдау көрсетер еді. Бірақ бұл партияның осы бағытта жұмыс істейтініне менің күмәнім бар, - дейді Дос Көшім.

Естеріңізге сала кетейік, 1937 жылы құрылған Қазақстан Коммунистік партиясы 2004 жылғы парламент сайлауы алдында екіге бөлініп кеткен болатын. Сол кезде коммунистердің бір бөлігі С. Әбділдиннің жағына шықса, екінші бөлігі В.Косаревті қолдаған еді. Партия жетекшілерінің айтуынша, қазір біріккен партия құрамында 150 мыңдай мүше бар.
XS
SM
MD
LG