Accessibility links

Казатком ауылындағы қақтығыста жарақат алған тағы бір адам ауруханада қаза болды

  • Нәйла СҰЛТАН

18 наурыз күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Казатком ауылында болған қантөгіс салдарынан ҚР ІІМ соңғы мәліметі бойынша қаза тапқандардың саны 5 адамға жетті. Сондай-ақ ІІМ бұл оқиға бойынша 7 қылмыстық іс қозғалып, 1 адамға халықаралық қылмыстық іздеу жарияланғанын хабарлап отыр.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің жектекшісі Бағдат Қожахметов «Азаттық» Радиосына берген сұхбатында 18 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданы Казатком ауылында болған қақтығыстан қаза болғандар санының өскендігін хабарлады:

- Осы қақтығыстан 9 адам жаралынып, оның бесеуі көз жұмды. Олар: Әмір (1975 жылғы), Наджмеддин (1969 жылғы), Қажымұрат (1956 жылғы) Махмахановтар, Бақытжан Бұғытов (1970 жылғы) және Сәбит Сыдықов (1973 жылғы) есімді азаматтар.

ІІМ өкілі Бағдат Қожахметов Казатком оқиғасына байланысты қазір бірнеше қылмыстық іс қозғалып, бір адамға халықаралық қылмыстық іздеу жариялағанын хабарлады:

- Қазіргі уақытта Маловодное аулында тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаға қатысы бар деген куәгерлерден хат-жауаптар алынып, арнайы құрылған штап жұмыс істеп жатыр. Оқиға кезінде С. Сыдықов, Б. Бұғытов, Ә. Махмановтың өлтірілуі; қару-жарақты пайдаланып басқа адамдардың мүлігін жойғаны үшін; қасақана кісі өлтіру үшін қимыл жасағаны үшін Тахир Махмахановқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Тахир Махмахановқа халықаралық қылмыстық іздеуге жарияланды. Жалпы 7 қылмыстық іс қозғалып отыр. Қазіргі уақытта бұл соңғы саны емес. Әлі қылмыстық істер қозғалуы мүмкін. Себебі тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Қазіргі уақытта Қазақстан қоғамында осы оқиғаның шығу төркіні туралы түрліше пікірлер айтылуда. Мәселен, Қазақстандағы «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары Сулим Нагаев оқиғаның қантөгіспен аяқталуына полицияның да кінәсі бар деп санайды:

- Меніңше, бұл жергілікті құқық органдарының жұмысына өте кемшін деген баға берді. Олар бұл жағдайды біліп, болжауы керек еді. Бұл оқиға кенеттен пайда болған жоқ. Алдын-ала ұйымдастырылып, дайындалған шараға ұқсайды. Демек, аудан басшылары мұны білсе де, саналы түрде салғырттықпен қараған, не бейхабар болған. Демек, олар нашар жұмыс істейді.

Төтенше оқиға кезінде қаза болғандардың бірі, марқұм Бақытжан Бұғытовтың жұбайы Бақыт болса керісінше, қақтығыс болған жерге ауыл жастары өз беттерімен барды деп отыр:

- Бақытжанды оқиға болған жерге ешкім ұйымдастырып, қолпаштап апарған жоқ. Мен Бақытжанмен 15 жыл отау құрыппын. Оны менен артық ешкім білмейді. Ол сол күні жай сөйлесуге, болған жағдайдың мән-жайын білуге барған. Қалтасында қару түгіл, пышағы да болмаған.

Қаза болған тағы бір жігіт - Сәбит Сыдықовтың анасы, оқиғаның ақ қарасына билік басындағылар назар аударса деген талабын айтады:

- Мен бұл оқиғаның басы-қасында болған жоқпын. Бірақ, менің естеуімше, менің ұлым мәселені бейбіт жолмен шешуге барған. Ұлым ту сыртынан атылған мылтық оғынан қаза тапқан. Балам қайтқан күні шешен ұлтының азаматтары келіп маған көңіл айтты. Менің бүкіл ұлтқа ренішім жоқ. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді. Ешкімге жамандық ойламаймын. Тек бір ғана өкінетінім, осы жағдай президенттің құлағына жетпегендіктен, осындай мәселе болып жатыр.

Наурыздың 18-і күні Казатком ауылындағы қақтығыс кезінде Махмахановтардың үйі өртеніп, түк қалмай жанып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін, Маловодное ауылында бірнеше рет жиын өткізген тұрғындар Махмахановтар отбасының ауылдан басқа жаққа көшірілуді талап қойған болатын. Ал дәл қазір Махмахановтар отбасының қайда екендігі белгісіз. Бұл отбасы туралы ІІМ өкілі Бағдат Қожахметов «Азаттық радиосына» берген түсініктемесінде былай деді:

- Махмахановтардың отбасы, жақын туыс-туғандары ауылдан көшірілді.

ІІМ 18 наурызда болған қақтығысқа қатысты қылмыстық іс 1 ай көлемінде қаралатынын айтып отыр. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Маловодное, Казатком ауылдары бүгінде «Бүркіт» арнайы жасағы мен полиция қызметкерлерінің қоршауында.
XS
SM
MD
LG