Accessibility links

Алматыда өтетін 6-шы Еуразиялық медиа-форумнен не күтуге болады?


Сәуірдің 19-21 күндері Алматыда 6-шы Еуразиялық Медиа Форум өтеді. Онда Ирак пен Ауғанстан мәселелері, Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламалары, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі, БАҚ-ын реттеу және сөз еркіндігі тәрізді тақырыптар талданбақшы. Бұл туралы сейсенбі күні Еуразия медиа формуының бас продюсері Владимир Рерих мәлімдеді. Ал қазақстандық бірқатар журналистер медиа-форум жергілікті өзекті мәселелерді талдаудың орнына ғаламдық тақырыптарға көбірек назар салатын «саясаттану клубына» ұқсас деген сын айтады.

Әлемдік саясаттың гуманистік сипатынан айырылып бара жатқандығы 6-шы медиа-формуның негізгі өзегіне айналады деді Еуразия медиа форумының продюсері Владимир Рерих:

- Әлбетте, әңгіме Ирақтағы соғыс туралы болмақ. Ирандағы болуы мүмкін агрессия, Ауғанстандағы жалғасын тауып жатқан қақтығыстар, Ирақтағы азаматтық соғыс сөз болады. Сонымен бірге Саддам Хуссейн мен оның серіктерінің жабайылықпен өлтіруі де медиа-форумның алғашқы күні тілге тиек етіледі.

Осы тәрізді тақырыптарды талқылауға, Еуразия медиа-форумының бас директоры Лариса Пактың айтуынша, әлемнің көрнекті қоғам қайраткерлері Алматыға жиналмақ.

- Еуразиялық медиа-форумының спикерлері мен қонақтарының құрамы бұрын соңды мұндай жарық болмаған шығар. Медиа-форумға келетіндігін Иран республикасының бұрынғы президенті Мұхаммед Хатами, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы, бұрынғы премьер-министр Евгений Примаков растады, - деді Лариса Пак.

Алайда ұйымдастырушылардың жария еткен күн тәртібіне сын айтушылар да жоқ емес. Қазақстандық тәуелсіз журналист Бақытжан Қосбармақов 6-шы Еуразиялық медиа-форумнан ештеңе күтпейді. Себебі, оның пікірінше, мұндай үлкен жиын жергілікті журналистердің мәселелеріне шешуге бағытталмаған:

- Еуразиялық медиа-форум қазақ баспасөзі үшін бәлендей бір нәрсе береді деп айта алмаймын. Бұған дейін 5-6 рет өтті. Бұл үлкен саясаттану клубы сияқты болып кетті. Үлкен ауқымды мәселелер қаралады дейді. Бізге осы жерде өткеннен кейін жергілікті мәселелерді де қарастырғаны жөн болар еді. Мысалы, қазақ қоғамы және қазақ баспасөзі. Біз де Еуразиялық континенттің бір бөлшегіміз ғой. Неге осыны талқылауға қоймасқа?!

Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев Алматыда өтетін медиа-форум ең алдымен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өзекті мәселелеріне назар аудары тиіс деп санайды.

- Шынын айту керек, мынау көбіне саясаттануға бұрып кетті. Қазақ баспасөзі, журналистика мәселелеріне емес, үлкен-үлкен мәселелерге мән береді. Аты медиа-форум болғаннан кейін осындай сұрақтарыдң туындауы орынды. Мысалы, монополия мәселесі, соңғы кезде дау тудырып жатқан теле-радио жиіліктерін беру мәселесі, біздің жұмысымызды жақсартпайтын «БАҚ» туралы заңға өзгерістердің енгізілуі... Міне, осы мәселелерді көтеру керек! – дейді С.Матаев.

Тағы бір тәуелсіз журналист Оразымбет Әлімбеков қазіргі таңда Еуразиялық қауымдастық ауқымындағы бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ мәселе көп, соларды шешпей, жиында ғаламдық мәселелерді талқылаудан нәтиже аз дейді:

- Әлемдегі қауіпсіздік тәрізді тақырыптар басқа форумдарға қойылуы керек. Егер жиынның аты медиа-форум болса, онда ол осы Еуразиялық кеңістіктегі медиа проблемаларға арналуы керек. Мысалы, Ресей мен Қазақстандағы баспасөздің жағдайы, билік пен БАҚ ара-қатынасы, масс-медиа базарын монополиялау. Олардың мәселесін шешпей қоғам алға жылжи алмайды.

Ал Еуразия медиа-формуының бас продюсері Владимир Рерих, «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде, Еуразиялық медиа-форумның соңғы жылдары «саясаттану клубына» ұқсап бара жатқандығын мойындайтынын айтты.

- Оған объективті негіздер бар. Себебі, 2001-ші жылғы қыркүйек оқиғасынан кейін, Ирак, Ауғанстандағы соғыстардан соң, әлемнің өзі неғұрлым саясаттанып барады. Ал, осы саясаттанудан әлемді құтқару үшін саясаттанушыларды шақыру керек. Біз бастапқыда осындай мақсат қойған жоқпыз. Бірақ, солай болып шықты. Саяси мәселелер қазір өте көп, сондықтан, оларды тек саяси білім бар адамдар арқылы меңгере алатынымызды сездік. Сондықтан, форум да соғұрлым саясаттанып барады. Бірақ, постсоветтік кеңістіктегі сөз бостандығы, оларды құқықтық жағынан реттеу тәрізді өте өткір, таза журналистік мәселелер де жиында қаралады, - деді Владимир Рерих.

Еуразиялық медиа-форум Алматыда 2002 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Оған әлемнің 60-тан астам елінен қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының белгілі өкілдері жиналады.
XS
SM
MD
LG