Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы 4 сәбиде ВИЧ инфекциясы анықталды.

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Балаларға дерттің қалай жұққандығы әзірге белгісіз. Мамандар індет анықталған аймақта эпидемиологиялық тексерулер жүргізуде. Сөйтіп, қазіргі уақытқа облыста ВИЧ дертіне шалдыққандардың жалпы саны 120 адамға жетті. Олардың 107-сі балалар, 13-і сол балалардың аналары.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Оңтүстік Қазақстан облысында тағы 4 бүлдіршіннің ВИЧ инфекциясына шалдыққандығын анықтады. Облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының мәліметі бойынша, ВИЧ індеті анықталған баланың екеуі Сайрам, біреуі Бәйдібек аудандарынан және біреуі Түркістан қаласынан шығып отыр.

«ВИЧ-қа шалдыққан 4 баланың ең үлкені 1994 жылы, ал кішісі 2005 жылы туған. Балалардың ата-аналары ВИЧ-қа қарсы тексерілуде, қазірге олардың екеуінде індет анықталған жоқ», - дейді облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының баспасөз хатшысы Зәуре Мырзақожаева.

Оның хабарлауынша, бүгін оқиға орнына эпидемиологиялық тексерулер жүргізу үшін дәрігерлер тобы аттанып кеткен. Тексеру жұмыстары аяқталғанға дейін бұл балалардың қайда және қашан емделгені, індетті қалай жұқтырғаны туралы ақпарат беру мүмкін болмай отыр. Соңғы бірнеше күн ішінде ВИЧ індетін жұқтырған балалар саны күрт өсті. Мұның себебін мамандар облыстың, сонымен қатар аудандардың барлық емдеу орындары мен емханалары бойынша балаларды жаппай, жан-жақты тексеріп жатқандықтарымен түсіндірген болатын. Мамандардың сөзіне қарағанда, аурулар саны әлі де өсуі мүмкін.

«ВИЧ-қа шалдыққан балалар тағдыры қазіргі күні ешкімді ойландырып отырған жоқ. Өйткені, бір топ депутаттың Шымкентке барып, жағдаймен танысып, көрген-білген жазбаларын Мәжіліс отырысында талқылайық дегенде, сол Шымкенттен сайланған депутаттардың өздері қарсы шығып қарамай қойды. Айтуға ұят, масқара! Жергілікті билікте осы індет басталғанда-ақ зардап шеккен халыққа көмек көрсетіп, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырудың орнына, жағдайды басып тастауға тырысты. Әр баланың еміне жыл сайын 25 мың АҚШ доллары қажет. Ондай ақшаны енді кім береді оларға? Лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керек!» - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов.

Індеттің таралуына кінәлі ретінде жауапқа тартылып жатқан дәрігерлер үстінен қозғалған қылмыстық іс облыстық сотта жалғасуда. Осы сот процесіне бақылау жасап отырған Шымкенттегі «Надежная опора» қоғамдық ұйымының жетекшісі Валентина Скрябина:

«Әлі күнге індеттің таралу көзі анықталған жоқ. Уақыт өтіп кеткендіктен енді мұны анықтау мүмкін де емес. Сондықтан, сот зардап шеккен ата-аналардың пайдасына шешіліп, шын кінәлі жауапқа тартылады деп айту қиындау», - дейді.

Сонымен, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індеті 107 бала мен 13 әйелден анықталып отыр. Оның ішінде дертке шалдыққан 107 баланың 8-і қайтыс болса, 1-еуі шет елдіктер асырауына берілген.
XS
SM
MD
LG