Accessibility links

Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайэр Еуропа Одағы мен Орта Азия мемлекеттерінің арасында жақын да тығыз қарым-қатынас орнату мақсатымен сейсенбі күні (27-наурыз) Астанаға барады. Онымен кездесуі үшін Астанаға, сондай-ақ, Орта Азияның барлық 5 мемлекетінің басшылары мен сыртқы істер министрлері де келуге тиіс. Брюссельдегі тілшіміздің хабарлауынша, осы күні өз кезегімен Еуропа Одағына төрағалық ететін Германияның сыртқы істер министрі Ф.-В.Штайнмайэр Брюссельдің көмірсутегі шикізатына бай Орта Азия аймағындағы статегиясының бірінші де бастапқы жобасын жарияламақшы.

Еуропа Одағының Орта Азия аймағындағы жаңа стратегиясы, ең алдымен, энергетика саласындағы ынтымақтастыққа айрықша ден қояды. Оған қоса, Орта Азия мемлекеттерімен арадағы саяси қарым-қатынасын тереңдетіп, оларға деген қаржылай көмегін ұлғайтуды да қарастырады. Германияның сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Астанадағы бас қосудың барысында Еуроодақ делегациясы адамның құқын қорғау проблемасын да қозғайды. Брюссельдің Орта Азия елдерімен арадағы қарым-қатынасын жаңа белеске көтерудің стратегиялық маңызын ресми Берлин көптен бері нұсқап келді.

Осы күні Еуроодақ өзінің қуат көздеріне деген сұранысының тең жартысын сырттан импорттайды және 2030-ыншы жылға қарай қуат көзінің импорты 70 пайызға дейін дерлік ұлғаюы мүмкін. Ресми Брюссельдің есебі бойынша, Орта Азия мемлекеттері мен Әзірбайжанды және Иранды қамтитын Каспий өңірі Еуроодақ тұтынатын көмірсутегі шикізатының ¼-ін қамтамасыз ете алады. Алайда, мұнай мен газ қорына бай Орта Азия - Еуроодақтың сыртқы саясатынан тыс қалып келді. Еуроодақ мүшелерінің ең ірісі болып табылатын Германия Орта Азияға деген осындай көзқарасты өзгертетін уақыттың жеткенін анық сезінді. Өткен жылдың 19-ыншы желтоқсанында Брюссельде сөйлеген сөзінде неміс сыртқы істер министрі Ф.-В.Штайнмайэр Ресей мен Қытай сынды 2 алып көршісінің арасына орналасқан осы аймаққа Еуроодақтың алаңдайтынын ақырын ғана байқатты.

Ф.-В.ШТАЙНМАЙЭР: “Ол аймақтың Ресейге тым жақын және Қытаймен шекаралас орналасуына қарамастан, 2 алып көршісінің ол жерге монополия орнатуы онша жақсы емес. Ол аймақта “Еуропа Орта Азияның осы аймағына назар аудара ма” деп Еуропаға көз қырын салған көпшілік бар”.

Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа қоса Еуроодақтың жаңа стратегиясы Орта Азияның 5 мемлекетімен арадағы саяси қарым-қатынасын тереңдетудің мүмкіндіктерін, сондай-ақ осы елдерге бөлетін қаржылай көмегін ұлғайту мәселесін де жоспарлайды. Брюссель 2007-2013-інші жылдардың ішінде аймаққа шамамен 700 млн. еуро немесе 929 млн. доллар қаржылай көмек көрсетуге тиіс.

Еуроодақтың Орта Азия мемлекеттерімен арада энергетика саласында тікелей байланыс орнату стратегиясын Мәскеудің онша құптай қоймауы да әбден мүмкін. АҚШ-тың Литвадағы бұрынғы елшісі әрі Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер Орталығының Еуропалық бағдарламасында аға қызметкер болып істейтін Кит Смиттің (Keith Smith) атап көрсетуінше, Орта Азия Ресей үшін де өте маңызды аймақ болып табылады. Оның пікірінше, Еуроодаққа газ жеткізіп тұру міндеттемесін орындау үшін Ресей Орта Азия газының өз территориясынан өтетін транзитіне деген қазіргі монополиялық құқын сақтап қалуға ұмтылады.

К.СМИТ: “Егер олар (яғни Ресей. САҚ) Орта Азияны бақылауында ұстап тұра алмаса, олардың экспорты үшін қиын-қыстау уақыт тууы мүмкін – мен олардың Батыс Еуропамен арадағы келісім-шарттарын айтып отырмын. Бұл, әрине, олардың Орта Азияны бақылауда ұстап отыруының бір себебі”.

Кит Смиттің мәлімдеуінше, Орта Азияның газын айтарлықтай арзанға сатып ала алмаған соң Ресей көгілдір отынның ішкі бағасын көтеруге және Батыстың инвестициясын тарту үшін өзінің энергетика саласын айқара ашуға әрі реформалауға мәжбүр болады.

Еуроодақтың Астанаға баратын делегациясының құрамында Одақтың сыртқы қатынастары бойынша арнаулы өкілі Бенита Ферреро-Вальднер ханым мен оның Орта Азиядағы арнаулы өкілі Пьер Морель (Pierre Morel) де бар. Бұл кездесудің уақыты да Еуроодақ үшін өте сәтті болған тәрізді. Түркіменстанда 20 жыл бойы үстемдік еткен ерекше мінезді президенті С.Ниязов таяуда ғана дүние салды. Жаңа сайланған президент Г.Бердімұхаммедов жаңа саясатын пысықтау үстінде. Түркіменстан газының экспорты қазір, негізінен, Ресейдің “Газпром” компаниясымен арадағы 2009-ыншы жылға дейін дерлік күшінде болатын келісім-шартқа байланған.

2009-ыншы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуды көздеген Қазақстан Еуроодақты қолқалап келеді. Орта Азия аймағынан газ экспорттайтын екінші ірі мемлекет болып табылатын Қазақстан таяуда ғана көгілдір отын экспортының басқа да балама бағаттарын дамыту қажеттігін атап көрсетті.

Табиғи газдың қоры жағынан үшінші орында тұрған Өзбекстан адамның құқын бұзғаны үшін Еуроодақ қабылдаған шектеуге душар болып отыр. Әйтсе де алдағы мамыр айында Еуроодақ Өзбекстанға деген көзқарасын тағы да талдауға тиіс. Өз кезегінде жуырда ресми Ташкент Еуроодақтың талаптарын жартылай орындауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ал осы кезде Брюссель мен Мәскеудің арасындағы қарым-қатынас тұрақтап тұр. Ресей Еуроодақпен арадағы жаңа құжатты – “Энергетикалық хартияны” мақұлдамай отыр. Ол құжатқа сәйкес, Ресей өзінің газ көздерін игеруге Батыс компанияларын жіберуге тиіс. Варшава мен Мәскеу арасындағы дау-дамайдың салдарынан Польша Ресей мен Еуроодақ арасындағы “стратегиялық әріптестік туралы” жаңа келіссөзді бастауға бөгет қойып отыр. Қазір Ресей Еуроодақ елдері тұтынатын газдың ¼-ін немесе Одақ елдері импорттайтын барлық газдың 40 пайызын экспорттайды.

Таяуда Брюссельде Еуропарламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Әзірбайжанның сыртқы істер вице-министрі орынбасары Әзиз Әзимов, Ресейді айналып өтіп, Әзірбайжанды газ экспортының негізгі транзиттік бағыты ретінде қарастыруға шақырды.

Ә.ӘЗИМОВ: “Өткен жылы біз Еуропа Одағымен “энергетика саласындағы әріптестік турлы” Меморандумға қол қойдық. Бірақ енді мен оны әрі қарай кеңейту керектігін айтып отырмын. Бұл Әзірбайжан мен Еуроодақ жөнінде ғана емес. Бұл - Әзірбайжан мен тұтынушы еуропалық елдердің, Еуропаның транзиттік елдері мен Түркіменстан және Қазақстан - Транс-Каспий туралы болып отыр”.

Түркиядан Аустрияға дейін “Набукко” газ құбырын тарту жобасы - Еуроодақтың газ импортының бағаттарын кеңейту үшін қажет. Жоба бойынша 2011-інші жылы іске қосылуға тиісті бұл құбырдың сыйымдылығы немістер мен орыстардың Балтық теңізіндегі “Nord Stream” газ құбырымен бәсекелесе алады. Алайда, құбыр тарту туралы Мажарстан мен Ресей осы наурыз айында жеке келісімге қол қойған соң, “Набукко” жобасының коммерциялық тиімділігі күмән туғыза бастады.

Еуроодақтың өз ішінде энергетика саласындағы сыртқы саясатына байланысты толық түсіністік жоқ. Бірақ бастапқыға қарағанда қарама-қайшылық пікірлер де онша көп емес. Ресейді жақын қолдайтындардың бірі саналатын Германия, енді, қуат көздері импортының Ортаазиялық балама бағыттарын дамыту бастамасын өзі бастап отыр. Мәскеумен жақын қатынас ұстайтындардың қатарына жататын, бірақ табиғи газ көздеріне бай Солтүстік Африкаға жақын болуына байланысты Франция мен Италия - Ресей газының импортына онша байланбаған.
XS
SM
MD
LG