Accessibility links

НАТО Ауғанстандағы өз операцияларына риза, бірақ негізгі мақсат орындалды ма?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

НАТО мен Ауған қауіпсіздік күштері Хелман уалаятындағы талип жауынгерлерінің жасырын бекіністерін іздеп шабуыл соққысын беруде. Ал ол шабуылдар енді НАТО-ның Ахиллес операциясымен жалғасуда.

НАТО қолбасшыларының айтуынша, НАТО мен Ауған күштері қосылған кезде 5 мыңнан асатын әскердің күшімен жыра-жықпылдарға мұқият бекініп алған талиптердің тоз-тозын шығаруға мүмкіндігі бар екен. Бұл жөнінде Қауіпсіздік күштерінің оңтүстік Ауғанстандағы қолбасшысы генерал майор Тон Лан Вун сеніммен айтады. Ал наурыз айында басталған Ахиллес операциясының негізгі мақсаты жөнінде НАТО бас хатшысы Йаап де Хооп Схеффер былай дейді:

- НАТО-ның халықаралық қауіпсіздік жәрдем күштері өзінің жердегі Ахиллес деген операциясын бастады. Бір мыңдай ауған күштерімен қосылған 4500-дей НАТО-лық қауіпсіздік сарбаздары Ауғанстанның оңтүстігіндегі Хелманд уалаятындағы шараларға кірісті. Негізгі мақсат - Қажақы плотинасына трубина орнатар кезде қауіпсіздік шарасын қамтамасыз ету.

Жалпы, бүкіл Ауғанстанда қазіргі кезде 14 мыңдай құрылыс нысанасы бар. Дегенмен, Хооп де Схеффердің айтуынша, Қажақи плотинасы стратегиялық психологиялық маңызы ерекше құрылыс. Оның жергілікті тұрғындар үшін орны ерекше дейді бас хатшы.

- Бұл бөгетке трубина орнатылған кезде 2 млн.-дай адамның тұрмыс-тіршілігі мен бизнесіне электр қуаты көмекке келеді. Мыңдаған диханның егініне су жеткізіледі. Екі мыңдай адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал бұл арада бүлікшіл талиптер жобаны істен шығару үшін күнде шабуыл жасап отыр, дейді Хооп де Схеффер.

Бірақ НАТО-ның Ахиллес операциясы жөніндегі игі үмітіне қарамастан, Ауғанстан қорғаныс министрі Рахим Уардақ әзірше солтүстіктегі Хелманд уалаятының үштен бір аумағы талиптердің қол астында деп ескертеді. Ол аумақта Қажақи, Мұса қала, Наузад, Бағран және Сангин қала-аудандары орналасқан. Сондықтан кейбір талдаушылар, өткен аптада 100ден астам талип жауынгерін өлтіргенімен, НАТО-ның алдағы табыстары жөніндегі мәлімдемесіне сенімсіздікпен қарайды.

Бұл орайда «Азаттық» радиосының Ауғанстан бойынша талдаушысы Амин Тарзидің пікірі төмендегідей:

- Ауғанстанды азаматтық қоғамға айналдыру үшін ауған ұлттық қауіпсіздік күштерінің, атап айтқанда армиясы мен полицияның күнделікті операцияларын жүргізуге, күнделікті қауіпсіздік шараларын іске асыруға мүмкіндіктері болуы керек. Ал болашақта ондай шараларды ауған күштерінің өзі НАТО көмегінсіз атқарулары қажет болады.

Бұл арада, өткен аптада ғана, талиптер оңтүстік және шығыс Ауғанстанда он шақты рет жанпидашы бомба шабуылдарын жасады.

Жалпы, 2001-жылы АҚШ бастаған одақтас күштердің шабуылдарымен Ауғанстандағы талиптер үкімет билігінен құлатылғанымен, өткен жылғы талиптердің шайқастары жеңіл соққан жоқ. 2006-жылы 4 мыңдай адам құрбан болды. Көбі талиптер болғанымен, бір мыңнан астамы бейбіт тұрғындар еді. Сарапшылардың болжамына қарағанда, Қажақи бөгеті маңайындағы шайқас құрбандарын айтпағанда үстіміздегі жылғы жанпидашы бомба шабуылдарының өзінен болатын құрбандықтың мөлшерін әзірше болжаудың өзі қиындау болып тұр екен.
XS
SM
MD
LG