Accessibility links

Еуропалық комиссия мүшелері Қазақстанда президент Назарбаев айтқан реформалардың іс жүзіне асқанын көргісі келеді


«Біз Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін қалаймыз, бірақ біз президент Назарбаев айтқан реформаларды көргіміз келеді». Еуропалық комиссияның сыртқы байланыс жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднер Қазақстанға демократияландыру, адам құқығы және сөз бостандығы саласында ұсыныстар бар ма деген сұраққа осылай жауап берді. Бұл пікірін ол наурыздың 28 күні Астанада «Еуропалық Одақ үштігі-Орталық Азия елдері» атты отырыстан кейін айтты.

Еуропалық Одақ пен Орталық Азия аймағы арасында негізінен үш мәселе қаралып отыр: біріншіден, экономика, оның ішінде энергетика. ЕуроОдақ мәліметінше, Орталық Азияда жер шарындағы барлық энергетикалық ресурстың 5 пайызы шоғырланған. Сондықтан сауданы дамытуға «Трасека» бағдарламасы бойынша Еуробанк айлақтар салуға және Еуропа-Кавказ-Азия бағыты бойынша теміржол мен автожол жөндеп салуға 700 миллион еуро бермек ниетте деп хабарланды. Еуропалық комиссияның комиссары Бенита Ферреро-Вальднер айтып өткендей, экономика үшін аймақтағы елдердің интеграцияға түскені абзал болмақ. Екінші мәселе - қауіпсіздік. Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайердің мәліметінше, Одақ аймақты радикалды емес, білімді ислам ретінде қарастырады. Бірақ, көршілес мемлекеттерден қауіп бар деп айтылды.

Сондықтан, есірткі күресіне Орталық Азияға 2001-2006 жылдарға деп 10 миллион еуро бөлінді. Оның сыртында шекараны басқаруға деп осы жылдарға 12 миллион еуро ескерілді. Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин ЕуроОдақ өкілдеріне айтып өткендей, Қазақстан жағдай ушығып кетті деуден аулақ, бірақ шекаралық мәселелер алаңдатады деген пікірін жетізді.

Үшінші мәселе - демократиялық үдерістер және адам құқығы. Бұл салада ЕуроОдақ ағарту мәселесіне көп көңіл бөлетіндігін жетекізді.

«Өйткені, білім - демократияның кілті», - дейді Еурокомиссияның комиссары Бенита Ферреро-Вальднер.

2000-2006 жылдарға деп ағарту саласына 31 миллион еуро бөлінді. Оның сыртында биыл Орталық Азияға 4 жарым миллион еуро бөлді. Бұл қаражатқа аймақтың профессорлары мен шәкірттеріне Еуропалық Одаққа келіп білім алуға мүмкіншілік беріледі деп хабарланды. Ал, «Азаттық» радиосының Қазақстанға демократияландыру, адам құқығы және сөз бостандығы саласында ұсыныстар бар ма деген сұраққа Еурокомиссияның комиссары Бенита Ферреро-Вальднер:

«Біз Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін қалаймыз, бірақ біз президент Назарбаев айтқан реформаларды көргіміз келеді», - деп жауап берді.

Ал, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Владимир Норов демократияға қатысты өз пікірін былайша білдірді:

«Бұрын Одақ тек техникалық көмекпен шектелетін. Енді ЕуроОдақтың жағдайды ушықтырмай шара қолданатындығы қуантады. Бірақ, демократия саласында жергілікті менталитетті ескеру керек. Ал, Одақ пен аймақ арасындағы байланыста елдің ішкі ісіне араласпау және идеологияның болмауы шарт, тек сонда ғана байланыс болады».

Осы отырыста хабарланғандай, Германияның бастамасымен Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен жаңа стратегиясын жасау құжаты дайындалып жатыр. Бұл құжат осы жылдың аяғында дайын болады деп хабарланды. ЕуроОдақ мәліметі бойынша, одақ аймаққа бірнеше жыл ішінде бір миллиард еуродан астам қаржы аударған. 2007 жылы бұрынғы «Тасис», қазіргі «ДСАЙ» бағдарламасы бойынша аймаққа тағы 55 миллион еуро бөлінеді.
XS
SM
MD
LG