Accessibility links

Шетелден оралатын қазақ ғалымдарының пайдасы қандай болмақ?

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 27-наурыздағы, шетелдерде жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдарды Қазақстанға қайта шақыру жөніндегі жасаған мәлімдемесіне қарамастан, бір топ ғалымдар бұл қадамның пайдасы аз болады деп бағалап отыр. Президент шетелдерде жұмыс істейтін жас ғалымдармен кездесуіндегі өз сөзінде «Жаңадан қабылданатын бағдарлама бойынша Қазақстанда сіздерге шетелдердегіден кем емес жағдай жасауды қарастырамыз» деген болатын. Кейбір ғалымдар «өз еліне ақша іздеп келген жастарымыздан не қайыр болады» десе, енді біреулері «Қазақстан ғылым саласында дамыған елдерге бәсеке тудыра алатын мұндай шұғыл қадамдарға әлі дайын емес» дейді.

Физика ғылымдарының докторы, академик Мейірхан Әбділдиннің айтуынша, шетелдерде ұзақ жылдардан бері тұрып, үйреніп қалған қазақстандықтарды қайтадан Қазақстанға қайтару қиынның қиыны болмақ. «Шетелдерде жүрген жастарымыз осы уақытта өздерінің жағдайларын жасап алды, сондықтан оларды біздің қоғамға қайта сіңістіріп, осында оларға ойлағанындай айлық пен жұмыс тауып беру Қазақстанға оңайға соқпайды» дейді ол.

- АҚШ-тың ғалымдары айына 14 мың доллар алады. Біздің жастар сол өмірді көріп қалған. Ол жерде табыс табу мен тұрмыс құру жағы жеңіл. «Үй беремін» дегенге меніңше, олар қайта қоймайды. Мына ғылым мен білімнен мемлекет ақшаны аямау керек. Егер осында халықтың тұрмысы жөнделсе, шетелдердегі жастарымыздың бірсыпырасы Қазақстанға келер еді, - дейді Мейірхан Әбділдин.

Сондай-ақ, ол жақсы өмір іздеген қазақстандық жастардың шетел асып, Қазақстанның осындай кадрлық тапшылыққа ұрынуы қоғамда патриоттық тәрбиенің дұрыстап жүргізілмеуіне байланысты дейді.

- Мен Ресейде оқып жүргенімде, менімен бірге Қазақстаннан өзге ұлттың өкілдері де оқыды. Оқу бітісімен, өзге ұлттың өкілдері сонда қалды да, Қазақстанға тек қазақ жігіттері ғана қайтып келді. Елге қайтқанымыз, бізде патриоттық сезім болатын. Қазір жастарымызға осы патриотизм жетіспейтін секілді. Сондықтан, жастарға ұлттық тәрбиені көптеп сіңіру керек, - дейді Мейірхан Әбділдин.

Осы сияқты пікірді биология ғылымының докторы, профессор Амалбек Сыбанбаев та қолдайтынын айта келіп, «ақшаға қызығып келген қазақ жастары Қазақстанға шын ниетімен еңбек ете алмайды» деген пікір айтады.

- Қазақстанның ақшасына оқып алып, шетелде жұмыс істеуге қалған жастарымызды шақырудың қажеті жоқ. Патриот адамдар өздері, саналы түрде келу керек отандарына. Ал ақшаға жалданып келетін ғалымдар онсызда-ақ толып жүр ғой шетелдерде. Мысалы, ақша беремін десең, Ресейден қаншама орыс ғалымдарын алдыруға болады, - дейді Амалбек Сыбанбаев.

Ал эколог-ғалым Иса Байтуллиннің пікірінше, «Болашақ» және тағы да басқа бағдарламалармен шетелдерге кеткен қазақстандық ғалымдардың осы уақытқа дейін қайта оралмауына олардың мамандықтарға бағытсыз жіберілуі себеп болған.

- «Болашаққа» бізге қажетті деген мамандықтарға баруы керек еді жастардың. Мысалы, ғылым саласына бір адам жіберілген жоқ. Ал егер мамандықтарға бағыттап жіберілсе, оларға сұраныс болып, олар елге қайтіп келер еді, - дейді Иса Байтуллин.

Ал бұдан бірнеше жылдар бұрын моңғол жерінен Қазақстанға өз бетінше келген жас ғалым, филолог Нәпіл Базылхан өзінің қолдан келгенінше, Қазақстанға еңбек етіп жүргенін айта келіп, «ендігі келетін қазақ жастарының да пайдасы Қазақстанға көптеп тиеді» дейді.

- Мысалы, мен Қазақстанға келгеннен кейін тілдер бойынша зерттеулер жүргіздім. Айталық, түркі тілі мен моңғол тілі салыстырылып, зерттелмеген. «Моңғолдың құпия шежіресі» деген еңбек бар 1240 жылдары жазылған. Бұл туындының бұрын-соңды қазақ тіліндегі ғылыми аудармасы болмаған. Осыны аударуға көмектестім, - дейді Нәпіл Базылхан.
XS
SM
MD
LG