Accessibility links

«Ауыл» және патриоттар партиялары ортақ саяси блок құрды


Қазақстанның социал-демократиялық "Ауыл" партиясы мен Қазақстанның патриоттар партиясы Қазақстанда биылғы жылы өтуі тиіс барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы кезеңінде бірлесе жұмыс істеу үшін "Бірлік" саяси блогын құрды. Бұл туралы екі партияның басшылары бейсенбі күні Алматыда мәлімдеді. Кейбір сарапшылар бұл одақ саяси партияға айналуы керек десе, партия лидерлері әзірге ондай жоспарлары жоқ екендігін айтуда.

Барлық деңгейдегі мәслихат сайлауында ортақ саяси блок болып қатысуға пейіл білдірген Қазақстанның патриоттар партиясы мен Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының ортақ саяси партия құру жоспарлары жоқ екендігін айтты Патриоттар партиясының лидері Ғани Қасымов.

- Бәрі бізді бірігіп, бір партияға қосылады деп ойлайды. Жоқ. Әрбір партия дербес. Сайлаушылардың құқығын қорғап, мәслихатқа сайлау кезінде саяси манипуляциялар мен әкімшілік бассыздықтарды болдырмау қажеттігінен әрі бұл сайлауларды барынша таза әрі адал, сайлаушылар үшін ашық өтуі үшін «Бірлік» саяси блогына бірігуге уағдаластық, - деді Ғани Қасымов.

Ал «Ауыл» партиясының лидері Ғани Қалиев екі партия басшыларының аттары ғана емес, басты саяси құжаттары мен саяси бағыттары да ұқсас екендігін еске салды:

- Екеуіміздің саяси тұғырнамамыз ұқсас, электоратымыз ұқсас, мақсатымыз ұқсас, сондықтан, осы сайлауды бірігіп ұйымдастырып көрейік, қандай нәтиже шығады деп ойладық.

«Ауыл» партиясы мен Қазақстанның патриоттар партиясы жетекшілері «Бірлік» саяси блогы президенттік «Нұр-Отан» партиясы үшін де, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясы үшін де ашық екендігін айтса, «Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов ортақ саяси партияға бірікпейінше, мұндай уақытша саяси одақтың болашағы жоқ деп есептейді:

- Блок дегеннің пайдасы болмайды. Себебі, біріншіден, бұл екі партияның біздің қоғамымызда салмағы бар деп айта алмаймын. Сондықтан, оларды күшейту үшін күштерін біріктіріп, бір партияға айналуы керек. Ал қазіргі блок болу мода секілді ғой. Аналар да, мыналар да бірігіп жатыр деп... Бұл екі партияның жұмыс істегендеріне 5 жыл өтті. Осы уақыт аралығында бірлесе алмай, кездесе алмай, келісе алмай жүр. Демек, блок ретінде олардан үлкен нәтиже күту қиын.

Әйтсе де, Патриоттар партиясының лидері Ғани Қасымов «Азаттық» тілшісіне партиялардың бірігу тенденциясы басқа жақта жүріп жатқанын айтып, «біз бөлекпіз, бірікпейміз. Бұл мүмкін емес» дейді. «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев бұл дәл қазір өздері үшін өзекті емес деп есептейді:

- Ол мәселеге әлі ерте. Осы сайлауды өткізіп көреміз, нәтижесін талдаймыз, сосын қараймыз. Бүгін күн тәртібінде жоқ!

Президенттік «Нұр-Отан» партиясы құрылымында жұмыс істейтін саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек бұл екі партия бастапқыда өз лидерлеріне негізделіп құрылғандықтан, олардың ортақ саяси партияға айналуы екіталай деп есептейді:

- Олардың бағыттары уақытында екі түрлі болып келді ғой. Олар бағдарламаларын қайта қарап, қоғамның қазіргі өзгерістерін ескеріп, өз орындарын тауып жатса, онда партияға айналуы мүмкін. Бірақ, толық біріге қоюлары қайдам?! Бұл партиялар ел арасында кең тараған саяси ұйымдар емес. Сондықтан, алдағы 3 мыңнан аса депутаттық орын болады деп жоспарланған сайлауда олардың пәленбай пайыз орын тиеді айту қиын.

Қазақстанның әлеуметтік-демократиялық «Ауыл» партиясының 200 мыңға жуық, Қазақстанның патриоттар партиясында 173 мың мүшесі бар.
XS
SM
MD
LG