Accessibility links

Польша президенті ресми сапармен Астанаға келді


«Польша мен Украина Қазақстан мұнайын Еуропаға мұнайқұбырларымен жеткізгені үшін әр тоннадан 58 доллар сұрайды, бұл басқа бағыттардағы транзит төлемдерінен 24 доллар артық». Бұл туралы Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Польша президенті Лех Качыньскиймен кездесуден кейін хабарлады. Ал, Польшаның мұнай саласына инвестиция салуға бола ма деген Қазақстан журналистерінің сұрағына Польша президенті инвестицияны басқа салаға салуды сұрады.

Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Украина мен Польшаның «Одесса-Броды-Польска-Гданьск» мұнайқұбыры жобасына қызығушылығын білдіреді.

- Өйткені, 2012 жылға қарай Қазақстан ірі мұнай өндіруші елге айналады. Босфор арқылы көп мұнайды өткізе алмай қаламыз, - деді ол.

Қазір Қазақстан мұнайы негізінен Ресей құбырлары арқылы, бір бөлігі Қытай арқылы тасымалданады.

- Және Қазақстан Баку-Джейхан құбырына қосылды. Украинамен «Одесса-Броды» құбырына қосылу туралы келіссөздер жүргізіліп келеді, бірақ, ондағы әр билікпен өткен келіссөздер болғанымен, мәселе шешілмеді. Біз бұдан жалықтық, - деді президент Назарбаев.

Қазір бұл мәселеге Польша қосылды. Онда «Гданьск» атты қыста қатпайтын тиімді айлақ бар дейді Қазақстан президенті.

- Сол арқылы Қазақстан шикізатын Еуропаға жеткізуге болады, - деді Қазақстан президенті.

Назарбаевтың түсіндіруінше, басқа бағыттар әлі шешілмеген.

- Кавказ арқылы не толық мұнайқұбыры, не теміржол жоқ, - деді ол.

Сондықтан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Одесса-Броды-Польска-Гданьск» мұнайқұбырына Ресейді қатыстыруды ұсынды.

- Олар да осы құбыр арқылы өз мұнайын тасымалдауы мүмкін, бұл саясат емес, бұл - экономика, - деді Назарбаев.

Президент Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан мұнайын Еуропаға осы мұнайқұбырымен жеткізгені үшін әр тоннадан 58 доллар талап етіледі.

- Бұл басқа бағыттардағы транзит төлемдерінен 24 доллар артық. Қазір бұған кім барады?, - деді Назарбаев.

Польша президенті Лех Качыньский болса «Одесса-Броды-Польска-Гданьск» мұнайқұбыры 2011 жылы аяқталуы мүмкін екенін айтты.

- Қазір мұнай Қара теңіз бен Жерорта теңізі арасындағы Босфор арқылы өтеді, бірақ ол тым тар, - деді Качыньский.

Президент Назарбаевтың айтуынша, қазақстандық компаниялар Польшадан мұнай өңдеу кешендерін сатып алуға және құбырды бірігіп салуға мүдделі.

- Бұл қазақстандық компанияларды мұнайды өңдеп, Еуропада сатуға тартады, - деді ол.

Польшаның мұнай саласына инвестиция салуға бола ма деген Қазақстан журналистерінің нақты сұрағына Польша президенті инвестицияны басқа салаға салуды сұрады.

- Бізде мұнаймен айналысатын екі корпорация бар. Менің конституция бойынша бұған құзыретім жоқ, - деді ол.

Есесіне Польша президенті информатика, жоғары технология саласына инвестиция салуға болатынын айтты. Екі президенттің келіссөздерінен кейін, елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған 4 құжатқа қол қойылды.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2006 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиард доллар болған. Мұның ішінде Қазақстаннан Польшаға тасымалданған экспорт көрсеткіші 200 миллион доллар болса, Польшадан шыққан импорт 300 миллион доллардан асады. Қазақстан Польшаға дәстүрдегідей негізінен шикізат, оның ішінде мұнай және ауыл шаруашылық өнімін тасымалдаса, Польша Қазақстанға жабдық және басқа да дайын бұйымдар сатады.
XS
SM
MD
LG